Basty bet

Алғысқа бөленген ұжым

“Бірінші байлық – денсаулық” дейді дана халқымыз. Яғни, денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды қайталанбас, жоғалса орны толмас асыл қазынасы.
Маусым айының үшінші жексенбісі адам баласының денсаулығы үшін күресіп, уақытпен санаспай қызмет етіп келе жатқан медицина қызметкерлерінің күні.

“Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген халық даналығы бар. Демек, дәрігер арыстандай еш нәрседен қорықпайтын, қорқынышын жеңе білетін, өзіне сенімді, қыздай өз ісіне байыппен қарайтын, әрбір науқасқа анасындай мейірімін төге білетін жан болса, онда ол – нағыз дәрігер.
Медицина қызметкерлерінің төл мерекесінің қарсаңында Шақапақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясына арнайы атбасын бұрдық.
Заман талабына сай соғылған амбулатория ғимараты ауылдықтарға 2019 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген.
Амбулатория қызметкерлері ауыл тұрғындарына талапқа сай қызмет көрсетуде. Амбулаторияға келушілер көп. Сондықтан дәрігерді жарты сағаттай дәлізде күтуге тура келді. Дәрігерге кезек үзілер емес. Қызметкерлер келушілерді дәрігерге дейінгі кабинеттен өткізіп, дәрігердің рұқсатымен екпе егуде. Енді бір тұрғын дәрі еккізіп шығуда. Жұмысты сырттай бақылап отырып, ауыл тұрғындары үшін соғылған заманауи ғимарат, медицина қызметкерлерінің зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жатқаны, ауыл тұрғындарының әр кабинеттен алғыс айтып шығып бара жатқаны, барлығы көңілге қуаныш ұялатады.
Аға дәрігер Гаухар Анкабаева 2003 жылдан бастап осы ауылда қызмет етіп келеді. Дәрігердің алғашқы мамандығы – балалар дәрігері. Кейін жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алған.
Шақпақ ауылдық округіне Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы, Ынтымақ, Шақпақ, Амансай ауылдары қарайды. Т.Дүйсебайұлы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Ынтымақ, Шақпақ ауылдарында медициналық пункт бар. Амансай ауылының тұрғындары Шақпақата ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға келіп қаралады.
Ауылдық окург тұрғындарына бір жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді.
Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясында дәрігер, ине шаншу, екпе егу, дәрігерге дейінгі кабинеттері, акушер кабинеті және зертхана кабинеті бар. Амбулатория негізінен 15 келушіге арналған.
Дәрігер тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін қабылдауды ересектер, балалар күні деп екіге бөліп, бір күнді ересектерге арнаса, келесі күнді балаларға арнайды екен. Алайда қатты ауырып келгендер оған қарамай қарала береді.
-Амбулаторияға қарасты бір жасқа дейінгі балалар саны – 60. Түрлі аурулармен 500-ге жуық кісі диспансерлік есепте тұрады. Диспансерлік есепте тұратын жандарға тиісті тегін берілетін дәрі-дәрмектер дер кезінде беріліп тұрады.
Диспансерлік есепте тұратындардың ішінде әсіресе, қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруымен тұратындардың қатары көп.
Біздің мақсатымыз – аурудың алдын алу. Сондықтан тұрғындардың скринингтен уақтылы өтуін қадағалаймыз. Көптеген аурулар алдын ала тексерудің нәтижесінде анықталып жатады.
Медицина саласындағы өзекті мәселенің бірі – тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуы. Өкінішке қарай, біздің ауылдық округте 3700-дей тұрғын болса, соның 600-ге жуығы сақтандырылмаған. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Шақпақ ауылдық округінде орналасқан денсаулық сақтау нысандарында 23 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде Т.Дүйсебайұлы ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінде акушерка болып Салтанат Қуанышова, медбике болып Ұлжан Тұрсынбай, Ынтымақ және Шақпақ медициналық пунктінде медбике болып Күлзада Досова мен Рима Әлмұханова сынды әріптестеріміз жұмыс істейді. Ал, орталықта аға медбике Әсия Баймұратова, медбикелер Гүлзахира Рыскелдиева, Зәмира Дүйсебаева, Амаля Касымова, Шолпан Канхожаева, Зейнаб Алиакберова, Марал Пердебаева, Сапаркүл Жолдасова, акушерка Рафига Металимова, фельдшер Ариф Алиакберов, лаборанттар Нұрдана Сүйіндікова мен Маржан Ералиева, тағы да басқа қызметкерлер жұмыс істейді.
Ұжымда ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан жандарға тоқталсам, медбикелер: Шолпан Канкожаева, Күлзада Досова, Гүлзахира Рыскелдиева және тазалықшымыз Антонина Свинаренко.
Барлық ұжымға ең керегі – ауызбіршілік пен жұмысқа деген жауапкершілік. Сонда ғана талапқа сай жұмыс болады. Біздің ұжымда бұл құндылықтар бар деп есептеймін.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” демекші, адамның денсаулығының жақсы болуы бірінші өзіне байланысты. Жаман әдеттерден аулақ болып, дұрыс тамақтанып, тынығып, саламатты өмір салтын ұстанса, ауырған жағдайда уақытты оздырмай дер кезінде дәрігерге көрінсе, адамның денсаулығы жақсы болады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына көңіл бөлуі қажет.
Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақыт, жұмыстарына әрдайым сәттілік пен абырой тілеймін!- дейді аға дәрігер Гаухар Жомартқызы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close