Basty bet
Барша жерлестеріме алғыс айтамын!
1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтады. Бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады.
Алғыс айту күні туралы Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтуі әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген болатын.
Жалпы шын жүректен алғыс айту – адамның жандүниесін тазартып, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Бір мүдде, бір мақсатта бір мекенді ортақ Отан еткен қазақстандықтар үшін бұл күн шынында адамдар арасындағы сыйластығына, қоғамның рухани тыныштығына, адамдардың бауырмашылдық қасиетіне әсер ететін ерекше мереке.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Еліміздің басынан қандай қиын күндер өтсе де барлығымыз бірге еңсеріп, қуанышымызға бірге қуанып келеміз.
Мен қазіргі Түркістан облысында өмірге келдім. Түлкібас ауданы Алғабас ауылында қазақ мектебінде оқыдым. Еңбек жолымды Түлкібас консерві зауытында жұмысшы болып бастадым. 1983-1989 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында оқыдым. Интернатурадан Тараз қалалық ауруханасының хирургия бөлімінен өттім. 1990 жылдан бастап 2004 жылға дейін Жуалы аудандық аурухананың хирургия бөлімінде хирург дәрігері болдым. 2004 жылдан бастап осы бөлімнің меңгерушісі болып еңбек етіп келемін.
2015 жылы «Алтын қол дәрігер» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің Грамотасымен марапатталдым. Бұл марапаттардың орны мен үшін ерекше. Себебі, бұл халықтың, әріптестерімнің еңбегімді бағалағаны, алғысы деп білемін. Халықтың алғысы кез келген кісіні қанаттандырады. Жерлестерімнің, әріптестерімнің шын ықыласы үшін алғысым шексіз!
Ұжымда да бірнеше этнос өкілдерімен тату-тәтті халыққа қызмет етіп келеміз.
Мен Отаным – Қазақстанды, өзімнің мамандығымды, жұмысымды жақсы көремін! Елім, жерім үшін адал қызмет етуге әрдайым дайынмын!
Жақында «Nur Otan» партиясының атынан праймеризге түсіп, жоғары дауыс жинап, аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер ретінде тіркелдім. Партияның сайлауалды бағдарламасын халық арасында насихаттау жұмыстарына белсене атсалыстым. Нәтижесінде партияның атынан аудандық мәслихаттың депутаты мандатына ие болдым. Бұл жеңісімді үлкен қуаныш әрі өте үлкен жауапкершілік деп сезінемін. Осы орайда да мені қолдаған барша жерлестеріме үлкен алғысымды білдіремін!
Құрметті жерлестер! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сол бір қиын жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне келген түрлі этнос өкілдерін бауырына тартып, қамқорлық көрсеткен дарқан көңілді, кең пейілді қазақ халқына және татулық пен тұрақтылықты ту етіп елдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген барша қазақстандықтарға да алғыс айтамын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Лайым, Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Қалды Байрамов,
аудандық аурухананың
хирург дәрігері,
аудандық мәслихаттың
депутаты