Basty bet

Салтанатты шара

Кеше “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының ғимаратында Партияның құрылған күніне орай салтанатты шара өтті.
Шараны филиал төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова ашты. Анар Садыққызы партияның тарихына аз-кем тоқталып, сөз кезегін филиал төрағасы, аудан әкімі Нарбай Ергебековке берді.
– Құрметті партияластар! Бүгін “Nur Otan” партиясының құрылған күні. Осы 22 жыл ішінде ол қазіргі заманғы талаптарға сай қалыптасып, жаңа әрі заманауи партияға айналды. Алғыс айту күні мен партиямыздың басты мерекесінің қатар келуінде үлкен мән бар деп есептеймін. Бұл күн – ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігін арттыратын аса маңызға ие күн,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Ендеше, айтулы мерекемен баршаңызды құттықтаймын!
Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістігі, құнды шешімдер мен заңдардың қабылдануы “Nur Otan” партиясының қатысуымен өткенін қазақстандықтар жақсы біледі. Бүгінде партияның өзіндік дәстүрі, қол жеткізген табысы мен тәжірибесі, қатары қалың жасақтары бар.
Әбден жетіліп, еліміздің жетекші саяси күшіне айналған “Nur Otan” партиясының 22 жылдығымен баршаңызды құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бейбіт ғұмыр және толағай табыс тілеймін! Ел мүддесі жолында еселі еңбек ету үшін күш-қуаттарыңыз таусылмасын!
Филиал төрағасы бұдан соң Партия күніне орай “Nur Otan” партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асырып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін Нұрғиса Алагөз, Айгерім Сыдықова және Болат Жаңабаевты партияның Құрмет грамотасымен марапаттады.
Сондай-ақ, шара барысында салтанатты түрде партия қатарына қабылдау рәсімі өтті. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы Ербол Кеңесбайұлына, Ерлан Ержігітұлына және Ақерке Мекенбайқызы мен Меруерт Ақботақызына партия билетін салтанатты жағдайда тапсырып, партия қатарына жаңадан қосылған нұротандықтарды құттықтады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close