Basty bet

Қамданған қапы қалмайды …

Көктемнің келуімен еліміздің бүкіл аумағында, әсіресе оңтүстік аймақта ауа райының күрт жылынуы, қардың қарқынды түрде еруі мен өзен-көлдерде сеңдердің пайда болуы салдарынан елді мекендерді су басу қаупі туындайды. Осы ретте жыл сайын көктемнің алғашқы күндері өткізілетін «Көктем-2021» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуының елеулі маңызы бар.

Қалыптасқан дәстүр бойынша аптаның ортасында аудан аумағында «Көктем-2021» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Көктемгі су тасқыны мен селдің алдын алу, шұғыл әрекет ету топтарының техникалық даярлығын тексеру мақсатында өткізілген оқу-жаттығуға төтенше жағдай кезінде аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тіршілігін қамтамасыз ету қызметтері толық құрамда қатысып, орталық алаңға сапқа тұрғызылды.
Аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кеңесбек Әбдірайымовтың аудан әкімі, аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы Олжас Қаржауовқа қысқаша баянатынан кейін орталық алаңға жиналған күштер мен құралдардың дайындығы тексерілді.
Өрт сөндіру қызметі тобының техникалық және жауынгерлік даярлығын аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кеңесбек Әбдірайымов баяндады. Оның айтуынша, өрт сөндіру қызметіне жақында су жаңа «КамАЗ 43253» автокөлігі базасындағы АЦ 5/40 өрт сөндіру көлігі берілген. Жаңа техниканың цистернасындағы су көлемі 5 тонна, көбік түзгіші 300 литр, жауынгерлік есептобы жеті адамға шақталған. Одан бөлек, апаттан, жол-көлік оқиғасы кезінде, қыс мезгілінде қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаратын құрал-саймандар бар. Биылғы қыста құтқарушылар ЖКО орнына сегіз мәрте шығып, адамдарды құтқарған.
Радиациялық бақылау және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басшысы Марат Искаковтан аудан басшысы Олжас Қаржауов өзі басқарып отырған мекеменің COVID-2019 пандемиясына байланысты жарияланған карантин кезінде, аса қауіпті жұқпалы аурулар ошақтарын анықтау, залалсыздандыру бағытында атқарып отырған жұмыстарын сұрастырды.
Әрі қарай аудан әкімі медициналық қызмет, су-кәріз жүйесі, телекоммуникация және байланыс, электр желілері, газдың апат қызметі, инженерлік қызмет, сауда және тамақтандыру, тасымалдау, малдарды және егінді қорғау, қоғамдық қауісіздік қызметтерінің даярлығын пысықтады. Топ басшылары құрамында қанша техника және адам барын, төтенше жағдайлар кезінде атқаратын міндеттерін баяндады.
«Көктем-2021» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығудың келесі бөлігі Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылындағы Төле би көшесінде жалғасты.
Бастауын тау өзендерінен алатын, ауылды жанай ағып жатқан жылғаның кей тұстарының деңгейі мұз қату мен ұйық басу салдарынан саязданып, су басқан жағдайда, ауыл тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін.
Су-кәріз, инженерлік, тасымалдау, қоғамдық қауіпсіздік және медициналық қызметтер осында шұғыл жетіп, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіріп, апатты ауыздықтау жұмыстарына кірісті. Оқу-жаттығудың өту барысын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мүшелері бақылап отырды.
Оқу-жаттығудың шарты бойынша жылғаның ұйық басқан саяздау тұсына қарғын су жиналып, көшеге қарай жайылу «қаупі» бар екен. Тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылып, қоғамдық тәртіптің сақталуы қадағалануда. Су тасқынынан зардап шеккен бір адамды құтқарушылар апат аймағынан алып шығып, медициналық қызметтің мамандары жедел жәрдем көрсетті. Су-кәріз, инженерлік қызмет топтарының жасақтары жылғаның ұйық басқан табанын аршып, жағалауды бекіту жұмыстарын атқаруда.
Жедел әрекет ету күштері мен құралдарының өзара әрекеттестігінің арқасында ауыл тұрғындарына су тасқынынан төнген «қауіп» жылдам сейілді.
Оқу-жаттығу соңында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы оған қатысушы барлық құрылымдарға алғысын білдіріп, бірлесе іс-қимыл көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close