Basty bet
Денсаулық күзетіндеміз
Аудандық орталық емхана 250 адамға қызмет көрсетуге арналған. Мекемеде барлығы 45 дәрігер, 141 медбике (44-і бала күтіміне байланысты демалыста), 13 кіші медперсонал жұмыс істейді. Емхана меңгерушісі Ғазиза Егізбаева Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының емдеу ісі факультетін бітірген. Аудандық бас акушер-гинеколог дәрігер.
Емханаға 14 аймақ қарайды. Әр аймақта бір дәрігер, үш медбикеден жұмыс істейді.
– Коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты емханамыз жасыл және қызыл аймақтарға бөлінді. Жасыл аймақта барлық емделушілер күнделікті дәрігердің қабылдауында бола алады. Емхананың кіреберісіне дене қызуын өлшегіш қойылды. Әр күн сайын аймақтық медбикелер кезегімен осы аспаптың жанында емделушілердің дене қызуын өлшеп, кезекпен кіруін қадағалап отырады.
Карантин талаптарына сай емхананың жұмысына біршама өзгерістер енгізілді. Мұнда емделушілер мен қызметкерлер екі бөлек есіктен кіреді. Келген емделушілер ең алдымен тіркеу орнынан кейін дәрігерге дейінгі тексеру бөлімінен өтеді. Содан кейін терапевт дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Барлық дәрігерге «DAMUMED» қосымшасы арқылы жазылады, – дейді емхана меңгерушісі Ғазиза Егізбаева.
Тіркеу орнының медбикелері таңертеңгі сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда супервайзер Әлия Бостанова барлық дәрігерлер мен аймақтық медбикелерге күнделікті кесте ашып, уақытын белгілеп беріп отырады. Емханада кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог, невропатолог, отоларинголог, дерматолог секілді мамандар бар. Мекеме терапевт дәрігерлермен толық қамтылған.
Қызметкерлердің жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-ден кешкі 17:36-ға дейін белгіленген. Ал рентген, УДЗ кабинеттері қысқартылған режіммен, яғни 09:00-16:00-ге дейін жұмыс істейді.
Емханаға «Д» есепте тұратын науқастар тіркелген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрігінің №666 бұйрығы бойынша осы санаттағы науқастардың кейбіреуіне ауру тарихына байланысты тегін дәрі-дәрмек беріледі. Мәселен, қант диабетімен есепте тұратындарға инсулин, актрапид, левемир, басалог, глюкомер және тағы да басқа дәрі-дәрмектер ай сайын тегін беріледі.
Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін, науқас ең алдымен дәрігердің тексерісінен және сараптамалардан толық өтуі қажет. Одан бөлек, скрининг және жеке тексерулер жоспар бойынша атқарылады.
– Әр ай сайын балаларды терапевт дәрігердің қабылдауына шақырып отырамыз. Арнайы екпе салатын медбикелердің дайындап берген кестесі бойынша 2 ай, 3 ай, 4 ай, 1 жас, 1 жас 6 айында екпе салдырамыз. Балаларға 2 жасқа толғанда сары ауруға қарсы екпе саламыз. 2 жастан кейін жылына бір рет манту салынып отырады. Жаңа туған сәбилерді үйіне барып тексеріп, анасына күнделікті қауіпті белгілерді айтып ескертіп отырамыз, -дейді №22 аймақтың балалар медбикесі Әлима Кударова .
Емханамыздың қызыл аймағында дене қызуы көтеріліп, өздерін жайсыз сезінген науқастар болады. Қызыл аймақтың өзі жүкті әйелдерге, ересектерге, балаларға арналған деп үшке бөлінеді. Қызыл аймақта мобильді топ жұмыс істейді. Мобильді топта бір дәрігер, бір медбике бар. Ал қызыл аймақта екі дәрігер, екі медбике, бір акушер, бір кіші медперсонал болады.
Қызыл аймақта жүрген дәрігерлер мен медбикелер толық дәрі-дәрмекпен және ЖҚК қамтамасыз етілген. Жасыл және қызыл аймақ қызметкерлері жұмыс уақытында бір-бірімен қарым-қатынас жасамайды.
Гүлбақыт ЖАНДАР,
аудандық орталық аурухананың
БАҚ және қоғаммен
байланыс маманы