Basty bet
Әулеттің ұйытқысы
Ана – қашанда тіршіліктің тірегі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеген, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Өмірде ана махаббаты арқылы мейірім мен жылулықты сезінеміз. Әрбір адамзат баласының жеткен жетістігі мен биігінде Анасының қосқан үлесі зор деп білеміз. Кәріқорғандық ардагер ұстаз Айнилаят Дулатова саналы ғұмырының 42 жылын жас ұрпақты оқытуға, тәрбиелеуге арнаған аяулы ана. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, жетпісті алқымдаған ана әулетінің ұйытқысы, ұрпағының сүйенішіне айналып отыр.
Ол Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Шәріпқожа Мәдіқожаұлы қаржы саласының маманы болса, анасы Сымдыкүл Төлегенқызы мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істеген. Анасы Сымдыкүл үйдің жалғыз перзенті болғандықтан қызы Айнилаятты әке-шешесінің тәрбиесіне береді. Оны нағашы ата-әжесі бауырына басып, ол қарттарға қолғанат болады.
Ұлттық тәрбиемен сусындаған Айнилаят бұрынғы Жамбыл колхозындағы Жаңақоғам орта мектебін тамамдап, Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын бастауыш сыныбының мұғалімі мамандығы бойынша жақсы үлгеріммен аяқтап, Түлкібас ауданындағы Жаңаталап орта мектебіне жұмысқа орналасады. Мұнда оған білікті ұстаз Әбілқасым Ғарифолла бағыт-бағдар беріп, жас маман ретінде қалыптасуына, тәжірибе жинақтауына көмектеседі.Осылайша өз мамандығын игерген ұстаз жуалылық Бекбосын Болтаевпен көңілі жарасып, отау құрады.
Бір әулеттің ақ босағасын аттаған жас келін ауылдағы бұрынғы М.Горький атындағы орта мектепке жұмысқа орналасып, балаларға сапалы білім мен тәрбие беру жолында аянбай еңбек етеді. Оқушылары оқуда озат болып, қазіргі таңда белді қызметкерлерге айналған. Ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі еленіп, бірнеше рет марапаттарға ие болған. Сонау кеңестік заманнан еңбек жолын бастаған ұстаз 2008 жылы қазіргі Т.Әкімов атындағы орта мектептен зейнетке шығады.
-Бала күннен ата-анадан жырақта болып, қазыналы қарттардың үлкен тәрбие мектебінен өттім. Мені өз балаларындай көріп, жетістігіме қуанып, үнемі қолдап отырды. Ұстаздық жолға үлкен әпкемнің жол сілтеуімен таңдауым түсті. Ол уақыттары орта білімің болса, қолыңда наның бар. Сондықтан еш қысылмастан, өмірімді осы білім саласымен байланыстырдым. Өте қатал ұстаз болдым. Мектеп қабырғасына алғаш келген оқушының қалыптасуы бастауыш сыныптан басталады. Сондықтан ең алғашқы оқу жылдары балаға дұрыс әрі жақсы білім берілуі керек. Талапшылдығымнан шығар, шәкірттерім мақтанышым болды.
Әйел баласы өмірін тек ұстаздыққа болмаса бір салаға арнамайды. Ол отбасының ұйытқысы болуымен қатар, жұмысын да қатар алып жүре білуі керек. Біз ата-енемізбен жеті жыл бірге тұрдық, Атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, ал енеміз үй шаруасында болып, немерелерінің тәрбиесімен айналысты. Марқұм жолдасым колхозда бухгалтер-экономист болып жұмыс істеген. Екеуміз де жұмыста болғандықтан, үйдегі балаларды алаңсыз анамызға тастап кететінбіз. Осылайша ауызбіршілікте өмір сүріп, ата-ене алдында келіндік міндетімді де атқардым, – дейді Айнилаят Шәріпқызы.
Халқымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәмсіліне сүйенер болсақ, Айнилаят Шәріпқызы мен өмірлік жары Бекбосын Мырзахметұлы екеуінен үш ұл, екі қыз өрбіген. Ұрпақтары өсіп-өніп, өмірден өз орындарын тапқан. Балаларының бірқатары анасының жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдаған. Отбасының тұңғышы Элмира Бекбосынқызы аудандағы №1 Балалар өнер мектебі директорының орынбасары қызметін атқаруда. Ал, екінші перзенттері Сәкен Алматы қаласында жоғарғы оқу орнында студенттерге дәріс береді. Алланың жазуымен ортаншы ұлы Нүркен өмірден ерте озыпты. Ол аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінде мемлекеттік қызметте болған.
Қара шаңырақтағы ұлы Шалқар алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Үйдің кенжесі Гүлвира медициналық колледжді тамамдағанымен қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Ардақты ананың келіндері Светлана, Балым, Ұлболсын да жас өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Ұрпағы өрбіп отырған ардагер ұстаз ұл-қыздарынан 17 немере, бір шөбере сүйіп отыр.
-Қазақта «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз қалған. Ұрпағымызға ата-енемізден қалған ұлттық тәрбиені бойларына сіңіріп, атамыздың ерлігін, енеміздің дарқан көңілін көріп өсті. Әрдайым тура жолда жүріп, адал еңбек етіп, ең бастысы адамдықтан айнымауды үйреттік. Шүкір, сол тәрбиемен немерелеріміз де өсіп келеді. Немерелер үздіктер қатарында. Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары. Барлығы мектепті жақсы бітіріп, жоғарғы оқу орындарында грант негізінде оқып жатыр. Ұстаздар әулеті болғандықтан балалардың оқуына аса мән береміз. Оқумен қатар, еңбекке баулимыз. Өзім барлығының оқу үлгерімін бақылап, жаңа дүние болса, айтып, ақыл-кеңесімді беріп отырамын.
Қолдағы ұлым Шалқар «Айдар» шаруа қожалығын басқарып, мал ұстап, егін егіп, ауыл шаруашылығымен айналысады. Келін екеуі үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақшаға алма егіп, қысқы азықты өзіміздің жерден жинап аламыз. Ұлттық тағамдар дастарқанымыздан үзілмейді. Құрт, майымыз, қаймағымыз бар.
Алда міне, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі келе жатыр. Бұл уақытта үй іші мәре-сәре болады. Барлығы бала көңілмен шын құттықтауларын арнап, мені шатыққа бөлейді. Үлкен немерем Айдарым біздің кенже ұлымыз болып есептеліп кеткен. Өйткені, оны бесіктен қолымызға алып, бауырымызға бастық. Қазір Алматыда медициналық университетте резидентурада оқиды. Сол немерем өзі келе алмаса да, құшақ толатын гүлін жіберіп, мені қуантады. Бүкіл аналар ардақталатын мерекені біздің әулет асыға күтеді. Бір сәтте бір-бірімізге жылулық сыйлап, ауызбіршілігіміз нығая түседі, – дейді ардагер ұстаз.
Ардагер ұстаз әлі де тың. Жаңашылдықты қолдайтын ол ұл-қыздарына, келіндері мен немерелеріне заман көшінен қалмауды үйретеді. Ол ауылдағы кітапхана қызметкерлерімен, мектеп ұжымымен тығыз байланыс орнатқан. Ауылдың қоғамдық өміріне де атсалысып, аға буынның өкілдері ретінде алдыңғы шепте болып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуда.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»