Basty bet

Білім беру саласына еңбегі сіңген азамат

Тілеуқабыл Наралиев «Талас ауданының Құрметті ардагері» атанды

Көпшілікке белгілі болғандай, биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Тарих тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бұл ел өміріндегі айтулы дата, еліміздің ерен белесі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңінен ой айтылғаны белгілі. Президент азаттықты жариялаудан гөрі оны ұстап тұрудың қиын екенін айта келіп, тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасатынын да баса айтып отыр.

Осы орайда Кеңестік кезеңде және тәуелсіздік жылдары Жуалы және Талас аудандарының білім беру, оқу-ағарту салаларының дамуына саналы ғұмырының елеулі бөлігін арнаған жан, ауданның Құрметті азаматы, жақында ғана «Талас ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін иеленген ардагер азамат Тілеуқабыл Наралиев жайында тағы да бір мәрте ой толғамақпыз. Бұлай дейтініміз, 2019 жылы да газетімізде ұлағатты ұстаз Тілекең жайында қалам тербегеніміз бар-ды. Иә, сол жылы аудан басшылығы ардагер ұстаз Тілеуқабыл Наралиевтың жас ұрпаққа сіңірген еңбегін елеп-ескеріп, оған «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын берген болатын. Шынында еңбектің еленгені деген осы болар. Қазір Тілекеңнің өңірінде қос марапат қатар жарқырайды.
Ұстаздық – ұлы мұрат. Ұстаздық ету, саналы шәкірт тәрбиелеу, сол арқылы тұтас ұлттың руханиятына үлес қосу – адам өміріндегі абыройлы міндеттердің бірі саналады. Қазір заманымыз қанша дамып, кейбір құндылықтар құлдырағанымен осынау қадірлі үрдіс ешқашан саябырсып қалған емес. Бұл жөнінде өз заманында Алаш арыстарының дені ұстаз орнының төрде екенін тереңнен толғап айтып кеткені баршаға белгілі.
Жалынды жастық жылдарын ұстаздық жолға арнаған, сол жолда азаматтық арына дақ түсірмеген ардақты ардагердің бірі – Тілеуқабыл Наралиев. Ол Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты математика мамандығы бойынша үздік бітірген Т.Наралиевтың ұстаздық өмір жолы қатардағы мұғалімнен басталып, директорлық басшылық қызметке дейінгі сатылардан тұрады.
Балалық шағы қиын-қыстау, сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген азаматтардың алды қазір сексенге таяп қалды. Тілеуқабыл Наралыұлы да сонау 1943 жылы Самсоновка (қазіргі Күреңбел ауылында) дүние есігін ашты. Сондағы Төңкеріс бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1962 жылы ауданға қарасты Қарабастау ауылындағы Билікөл орта мектебін күміс медальмен бітіреді. Арман қуған албырт жас сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп Отан тапсырмасымен төрт жыл бойы Балтық әскери теңіз флотында курсанттар дайындайтын мектептен өтіп, әскери борышын Ленинград облысының Ломоносов қаласында аяқтайды.
«Жақсы жар – жарты бақыт» демекші, Тілекең Қызылорда қаласында пединститутта білім ала жүріп Күлпаш есімді өмірлік жарын да сол қасиетті өңірден табады. Екеуі бір топта оқи жүріп, көңіл жарастырған екен. 1970 жылы аудандық оқу бөлімі жоғары оқу орнын үздік бітіріп келген ерлі-зайыпты жас мұғалімдерді жолдамамен Петровка селосындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Ерлі-зайыпты жастардың бұл ауылдағы мектепте еңбек еткен қызықты жастық жылдары өз алдына ұзақ әңгіме. Текті атаның ұрпағы ұстаздық қырын барынша дамытып, оқу бөлімі басшылығының көзіне түседі. Сөйтіп 1972 жылы аудандық оқу бөлімі ұстаз Тілеуқабыл Наралиевты Алексеевка селосындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепке директор етіп тағайындайды.
-Мен бұл мектепте 1977 жылдың тамыз айына дейін директор болдым. Сол тұста шаруашылықтың есебінен мектептің екі қабатты жаңа ғимараты салынды. Оқу үдерісінде де тындырымды шаруалар атқарылды. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жұмысым жемісті болды. Одан соң бір жылға жуық аудандық оқу бөлімінде әдістемелік кабинеттің әдіскері, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі ретінде жұмыс істеген соң директорлық қызметке қайтадан кірістім,- дейді Т.Наралиев ұстаздық жылдарын еске алып.
Тілекең 1979-1984 жылдары өзі алғашқы еңбек жолын бастаған Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке басшылық жасайды. Онда кабинеттердің жабдықталуы, оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ұжымның еңбегі ескеріліп, облыстық байқауда үздік орынға ие болады. Өзі де мектеп директоры ретінде де бірқатар облыстық байқаулар мен бақылауларға қатысып, бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болған. Айта берсе, осы жылдар аралығында ауданның оқу-ағарту саласында есімдері «алтын әріптермен» жазылып қалған талай жақсы-жайсаң азаматтармен, ақыл айтар абзал ағалармен сыйлас, дәмдес болғанын сағынышпен еске алады.
Ұстаздық жолда барын салған жаны таза, асыл азамат Тілеуқабыл Наралыұлы одан кейінгі жылдары аудандағы Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерде директорлық қызметін абыроймен жалғастырады. Ұйымдастырушылық қыры ашылып, саладағы тәжірибесі әбден толысқан ұлағатты ұстаз Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы бірқатар білім ошақтарында ұстаздық етіп, одан соң Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарып, құрметті зейнет демалысына шығады. Тілекең Талас ауданында аттай 12 жыл жемісті жұмыс істеді.
Өзі жақсы кісіге біркісілік лайықты орын қай жерден де табылады. Жақсы азамат қайда жүрсе де жақсылығынан танбақ емес. Талас ауданында да білім саласында елеулі із қалдырған Тілекеңдей асыл азаматты таластық айтулы ақын Нарша Қашағанов жырға қосып, асыл қасиеттерін өлең жолдарымен дәріптеді. Одан бөлек, бүгінде Халықаралық «Д.А.Қонаев атындағы Талас аудандық қоры» қоғамдық қорының хатшысы Лес Нұрұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралбай Нұрпейісов, журналист, аудандық «Талас тынысы» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Дүйсен Молдақұлов, сондай-ақ, сонда білім саласында басшылық қызметтерде болған бірқатар азаматтармен сыйлас болып, жақсы араласады.
Тілеуқабылдай асыл азаматқа адал жар болған Күлпаш апай дүниеге екі ұл, бес қыз әкелді. Олардан қазір 25 немере, жеті шөбере тарап, атасының көз қуанышына айналып отыр. Үлкен ұлы Нұркен, қыздары Жанар мен Жанна ата-аналарының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Нұркен мен Жанар Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте дене тәрбиесі және математика пәнінен ұстаздық етсе, Ал Жанна Түктібай ауылындағы «Балақай» балабақшасының меңгерушісі. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Жалпы Наралиевтер жанұясын жуалылық жұртшылық ұстаздар әулеті деп те атайды. Асыл жары Күлпаш Елубаеваның 2005 жылы ота үстінде оянбай қайтыс болуы Тілеуқабыл ағаның жүрегіне қаты батты. Алайда жазмыштан озмыш жоқ екенін ол жақсы түсінді.
Тілеуқабыл Наралиев сынды ұстазға ұстаз болған кісілердің көбі қазір бұл өмірде жоқ. Дәл осы арада атап өтерлігі, ұстаздығымен қатар кісілік келбеті жарасқан Тілекең жайлы оқу-ағарту саласының байырғы ардагерлері Төлен Жұмағұлов, Рысбек Қазақбаев, Рәтбек Қасымбектегі, Нұржан Сыздықбаев, сондай-ақ шәкірті әрі ізбасары Оралбек Жүзбаев жылы лебіздер білдіреді.
-Мен Тілеуқабыл Наралиевты 1972 жылдан бастап білемін. Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы (бұрынғы М.Лермонтов атындағы) орта мектепте оқып жүргенде Тілеуқабыл ағай осы мектепке директор болып келді. Кейіннен мектепті бітіріп Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсіп кеттім. Әлі есімде, 1980-ші жылы ағай екеуміз Алматы қаласында қайта кездестік. Тілекең онда Қарасаздағы Пушкин атындағы орта мектепте директор болатын. Алматыға жұмыс бабымен барған екен. Ол кісі: «Алғабек, сен өзімнің оқушымсың. Институтты бітірген соң бізге маман болып кел. Бізде дене шынықтыру пәнінен мұғалім жоқ. Күтеміз»,- деді. Содан 1980 жылы аталған мектепке мұғалім болып орналастым. Міне, биыл ұстаздық қызметіме 41 жыл толып отыр. Алла қаласа, мамыр айында зейнет демалысына шығамын.
Тілеуқабыл ағай жұмыста өте талапшыл, ұқыпты, тәртіпті таза кісі болатын. Біз ол кісіден көп нәрсе үйрендік. Отбасымен де жақын араластық. Марқұм Күлпаш апай да білікті маман, адамгершілігі мол адам болатын. Ұл-қыздары да өте тәрбиелі. Наралиевтер отбасымен әлі де араласып, қуаныштарына барып тұрамыз. Ағайдың білім саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 2019 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, биыл «Талас ауданының Құрметі ардагері» атанып отыр. Тілеуқабыл ағай бұл марапаттарға әбден лайықты азамат деп білемін. Ол кісіге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін,- дейді шәкірті әрі сыйлас інісі, №6 Пушкин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Алғабек Тоқболатов.
Имандылықты алға ұстаған асыл азаматтың 2012 жылы қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп қайтқанын, сол жылы ауданда Батырбек датқа Рысбекұлы кесенесінің құрылысына жүз мың теңге қаржы аударғанын, одан бөлек, «Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қорына» жүз мың және Халықаралық «Д.А.Қонаев атындағы Талас аудандық қоры» қоғамдық қорының есеп шотына жүз мың теңге, сонымен бірге 2019 жылы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының жұртшылығына қолдау ретінде де аталған қорға қомақты қаржы-қаражат аударып, сауапты істерге өзінің мол үлесін қосып келе жатқанын атап өткен жөн сияқты. Одан бөлек, Талас ауданындағы «Асарлатып үй салу» жобасына, сол ауданның түлегі, марқұм ақын Нарша Қашағановтың рухына арнап қаражаттар берген. Бір үлгі етерлігі, Тілекең мерзімді баспасөздерді қалт жібермей, қадағалап оқып отырады. Облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр дария», аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеттеріне жазылмай қалған кезі болған емес. Бұл да әрине, жергілікті баспасөзге, руханиятқа үлкен қолдау.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай өсиет еткендей, жасы сексеннің сеңгіріне таяған үлгілі педагог, ауданның оқу-ағарту саласына мол үлес қосқан Тілеуқабыл Наралиевтың ұстаздық еткен жылдардағы тынымсыз әрі жемісті еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалып көрген емес. Ол 1990 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталса, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» деп танылды. Сонымен бірге облыстық білім басқармасы, Жуалы және Талас аудандарының білім бөлімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарына ие болған. «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына-20 жыл!», тағы да басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
Қай қоғамда болсын елге еңбек сіңірген ер қымбат. Ол мейлі қай салаға еңбек сіңірсе де. Осы орайда оңтүстік өңірге әйгілі тарихи тұлға, датқалардың датқасы атанған Батырбек Рысбекұлының тікелей ұрпағы, ұлағатты ұстаз, жанымызда жүрген жақсы адам Тілеуқабыл Наралиевтың өмір жолы жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Арманы асқақ адамға,
Алдынан сүрлеу табылар.
Жаныңыз жарқын болған соң,
Талай дос тағы табылар.

Тұрақтылықтың туын жықпастан,
Жүрдіңіз тура соқпақпен.
Арнадың ғой адалдыққа,
Жалындаған жас шақты.

Сіздің жолды кесем деп,
Талай топас шабылды.
Соларды ақыры мойындатқан,
Нартұлғалы Наралиев Тілекең.

Нарша Қашағанов,
ақын.
06.11.2004 ж., Қаратау қаласы

Таңдаулы материалдар

Close