Basty bet
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек…» немесе ардагер көкпаршы Әділбек Тастеміров туралы бір үзік сыр
Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Біздің ұлттық ойындарымыздың мың жылдық тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келеді.
Дауылпаз ақын, асқақ рухты жауынгер, батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының: «Мен кескекті ердің сойымын, Кескілеспей бір басылман» деген өлең жолдары бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ардагер көкпаршы, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылының қадірменді қариясы, еңбек ардагері Әділбек Тастемірұлына қаратып айтылғандай көрінеді маған. Олай болатыны, азаматтық болмыс-бітімі кесек, атадан асып туған әруақты ер, балуан денелі, батыр болмысты, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы Әділбек ақсақалдың, ауданның дамуына, қала берді ұлттық ат спорты ойындарының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Жуалы ауданындағы көкпар десе, ішкен асын жерге қоятындардың бірі дәл осы Әділбек ақсақал десек, артық айтпаспыз. Өзінің айтуынша, оның атқа, көкпарға деген қызығушылығы бала кезінде-ақ оянған екен. Шамамен 14-15 жасында-ақ жүйріктің жалына қол артқан бозбала Әділбек аттан ақсақалдық жас 60-қа толғанда бір-ақ түсіп, артынан өсіп келе жатқан жас көкпаршыларға жол береді.
Әділбек Тастемірұлы 1940 жылы бұрынғы Қызыл жұлдыз ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Тастемір ақсақал сонау 1933-ші жылы бұрынғы Әулиеата қаласындағы тракторшылар дайындайтын курсты бітіріп, ауылға келіп колхоздағы Казанка МТС-да трактор бригадасының бригадирі болып жұмыс істейді. Кейіннен өз өтінішімен шопандыққа ауысады. Әділбек бұл отбасының жалғыз ұлы. Ол Бурныйдағы (қазіргі Б.Момышұлы ауылы) қазақ орта мектебінде оқиды. Онда әкесі қойшы. Сабақтан қолы босаса болды, жұма, сенбі, жексенбі күндері қыстаудағы әкесіне көмектесуге асығатын. Бір себебі, қойлы ауылда әкесінің атын мінуге, ауыл-ауылда болып жататын көкпар ойынын тамашалауға асығатын. «Спорт деген бір сиқыр» демекші, атқа, көкпарға қызыққаны соншалық, кейіннен оқып жүрген оқуын да тастап кетеді.
-Бала кезімде денелі, етжеңді болдым. Әкем қойшы. Қабылтай деген немере ағам әкеме жәрдемші болатын. Соның атына міну үшін оған жата кеп жалынамын. Кейде күні бойы мал қарауға көмектесемін. Сондағы мақсатым – атқа міну. Онда ауыл-ауылдарда көкпар, тамашалар көп өтіп жататын. Атты мінем де, солай қарай шаба жөнелемін. Міне, ұлттық ат спортына деген қызығушылығы осылай пайда болды,- дейді ардагер көкпаршы.
Көкпар негізінен қауіпті ойынның түріне жатады. Қанында бар қасиет қоя ма? Әділбектің әкесі Тастемір ақсақал да көкпар десе ішкен асын жерге қоятын, ауыл-аймаққа белгілі көкпаршы болған көрінеді. Әкенің қанымен келген қасиет Әдекеңді ұлттық ат спортына алып келді. Бәрін басынан бастасақ, Тастемір ақсақалдың шопан болғанын айттық. Ол 1969 жылы шопан таяғын жалғыз ұлы Әділбекке береді. Содан Әдекең 1995 жылға дейін бұрынғы М.Горький атындағы колхозда озат шопан болып, зейнет демалысына шығады.
Еңбегі ескерусіз қалған емес. 1975 жылы ауылдық округте ең алғашқылардың бірі болып ел мінбеген «Москвичті» мінеді. Одан бөлек, «Урал» маркалы екі мотоцикл, «Жигули» жеңіл көліктерін тізгіндеді. Көптеген төсбелгілермен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Күнделікті дала төсінде емін-еркін қой бағып жүрген адамның қиялшыл келетіні бар емес пе? Әдекең де қиялға көп беріліп, балаларының болашағын көп ойлаушы еді. Жұмыстан қажыған сәтте бір мезгіл көкпарға ат жаратып, аудан көлемінде болып жатқан додаларға барып қатысып, бір серпіліп қайтатын.
Алғаш малшылар арасында өтетін слеттарға колхоз атынан қатысып жүріп, бірнеше мәрте жүлде алды. Одан кейін аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысып, бақ сынады. 1968-69 жылдары Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына 50 жыл толу мерейтойына орай ат спортынан бұрынғы Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) ауданында өткен облыстық көкпар сайысында қарсыластарын қоғадай жапырып, бірінші орынды жеңіп алады. Содан осы жарыста Алматы қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдаманы иеленіп, онда да жақсы өнер көрсетіп, жуалылық бұл команда жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңіс жалғыз Әдекеңдікі емес. Команда сапында Орынбасар Әлжанов, Арыстан Әтеев, Қалқан Темірбеков, Әби Наурызов сынды сайдың тасындай іріктелген тақымгер, білекті де жүректі жігіттер болды.
Бір ауылдың жігіттері емес пе. Олар алаңда бір-бірін жақсы түсініп, ұжымдаса жүріп жеңісті қолдан берген жоқ. Осы жарыста олар тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Ат спорты ойындары болған соң команда құрамындағы жігіттер аударыспаққа да қатысады. Онда да Әділбек Тастеміров орта салмақта барлық қарсыластарын ат үстінен аударып тастап, алтын жүлдені қанжығаға байласа, командаластары Арыстан да бірінші орын, ал Орынбасар күміс жүлдеге иелік етті.
Жуалылық бұл көкпар командасының жеңісті жолы осымен тоқтап қалған жоқ. Жолдары ашылып, дайындықтары әбден жетілген бұл команда республика атынан Солтүстік Кавказдың Новопятигорск қаласында өткен одақ деңгейіндегі жарысқа қатысады. Ол жақта да Қазақстаннан барған шабандоздар аянып қалған жоқ. Өкінішке орай, ережеге енгізілген өзгерістер мен бұрмалаудың кесірінен олар онда үшінші орынды қанағат тұтты. Өмір бір орында тұрсын ба. Дәуірлеп тұрған ұлттық спорттың бұл түріне кейіннен лайықты көңіл бөлінбей, көкпар аудан, облыс деңгейінде кенжелеп қалып қояды. «Орнында бар оңалар» демекші, қазақтың қаны мен жанында бар қасиетті өнер еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң бір-ақ қайта жандана бастағаны белгілі.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өңірлерде ата-бабаларымыздың ерлік істерін, олардың ұлтты сақтап қалудағы жанкешті еңбектерін ұрпақтардың есінде мәңгілік қалдыру мақсатында маңызды шаралар қолға алына бастады. Ең алғаш 1991-ші жылы Бұқар жырау Қалқаманұлының 300 жылдығына байланысты Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында баба әруағына арналып үлкен ас ұйымдастырылды. Әйгілі шабандоз Әділбек Тастеміров бастап барған көкпар командасы онда да үздік ойын көрсетіп, чемпион атанады. Кейіннен Шымкент қаласында өткен жарыстың соңғы ойынында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасымен кездесіп, оларды алтыда нөл есебімен ойсырата жеңеді.
-Бірде қазіргі Талапты ауылында үлкен ас болды. Оған ауданнан бөлек, Қырғызстаннан да шабандоздар келіп, үлкен тамаша өтіп жатты. Содан аударыспаққа шыққан бір шабандоз жігітке қарсы шығуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Жігіттік намысымыз қайда? Тәуекел деп мен шығам дедім. Әкем де осы асқа келген еді. Ауыл қариялары әкеме: «балаңды тоқтат, әйтпесе жазым болады» деп шырылдайды.Алған бетімнен қайтпай, аударыспаққа шығып, аз уақытта қарсыласымды аттың үстінен жұлып алып, сайысты тамашалап отырған бір топ әйелдің алдына апарып лақтырып жібердім. Содан адамдар мені қолпаштап кетті. Үстіме шапан жауып, бөрік кигізді. Сонда әкем: «Балам тіл-көз деген болады. үстіңдегі шапаның мен бөркіңді шешіп, жаман тұмағыңды қайта киіп, көпшіліктің ішінде елеусіз жүре бер. Әйтпесе көпшіліктің көзі тиеді»,- деді. Кейіннен білдім. Менімен аударыспаққа түскен әлгі жігіт Әбілхан Дауылбаевтың туысқан ағасы болып шықты,- дейді Әділбек қария.
Әбілхан Дауылбаев деп отырғанымыз оңтүстік өңірге белгілі үлкен шабандоз, ардагер көкпаршылардың бірі. Кезінде Одақ көлемінде көкпар тартқан атақты тақымгер. Қазір Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында тұрады. Әділбек Тастеміров Әбілханмен де сыйлас болғанын айтады. Әбілхан Әдекеңнен жасы кіші болғандықтан оны аға тұтып, қатты құрметтеді. Жуалыға белгілі марқұм шабандоз, қазіргі Рысбек батыр ауылының тумасы Жандар да ардагер көкпаршы Әдекеңді қадірлеп өтті. Әділбек ақсақал дәл 60 жасында көкпарды біржолата қойып, жастарды тәрбиелеуге ден қоя бастады. Алдына бата сұрап келген талай азаматтарға бата беріп, жолын ашты. Бар білгенімен бөлісіп, бірқатар шәкірттер тәрбиеледі. Соның бірі өзінің туған бауырындай болып кеткен марқұм Қалқан Темірбековтың ұлы Нұрболатқа аударыспақтағы тәсілдерін үйретті. Одан бөлек, туған жиені Әуесхан Рысбековты шабандоздыққа баулып, оған да ұлттық ат спортының, атты қалай баптаудың қыр-сырын үйретті.
Саналы ғұмырын ел дамуына, ат спортының қанат жайып, ұлттың рухын көтеруге арнаған ауданның айтулы азаматы, ардагер көкпаршы, еңбек ардагері былтыр мерейлі 80 жасқа толды. Отбасында Құдай қосқан қосағы Сатынкүл апа екеуі бес қыз, екі ұл тәрбеиелеп, оларды құтты орындарына қондырды. Олардан қазір 25 немере, 24 шөбере сүйіп отырған бақытты қариялар. Табаны күректей 40 жыл шопан таяғын қолына қасиеттеп ұстаған еңбек ардагері Жетітөбе ауылдық округі әкімінің шешімімен «Шыңбұлақ ауылының құрметті азаматы» атағын алды.
Бір өкініштісі, осыдан жеті жыл бұрын сал ауруына шалдығып, еріксіз арбаға таңылды. Ауру аздап жанына бататыны болмаса Әдекең оған мойыған емес. Ұл-қыздарының қарызынан құтылып, бір-бір үй етті. Кенже ұлы Бердібек көлік апатынан қайтыс болады. Қазір жұбайы Сатынкүл апа екеуі Шыңбұлақ ауылындағы кіші келіні Қарлығаш пен немерелерінің қолында тұрмыс кешуде.
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» демекші, шынында елге, ұлттық ат спортына еңбегі сіңген Әділбек Тастеміровтей азаматтар арамызда онша көп емес. Оның үстіне, Одақ құрамында ел намысын қорғаған жуалылық ардагер көкпаршылардың ішінде әзірге көзі тірісі де осы Әдекең. Аудан басшылығы ардагер көкпаршының ұлттық ат спортына сіңірген еңбегін ескеріп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өзі туып-өскен “Жуалы ауданының Құрметті азаматы” атағын беріп жатса, төл өнерімізді төрге оздырғанымыз емес пе?! Бұл бір жағынан ұлттық спортқа жасаған құрметіміз болмай ма?! Сексеннің сеңгірінен асқан Әділбек ақсақалдың ауылынан аттанып бара жатқанда бізді де осы бір ой еріксіз мазалай берген еді…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»