Basty bet

Көкбастауда атқарылған жұмыстар бар

Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев 2019 жылы атқарылған жұмыстардың барысы туралы тұрғындар алдында есеп берді. Округ әкімінің есеп беру жиналысы Қосбөлтек ауылдық клубында өтті. Жиналысқа аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Жарқынбаева, аудандық мәслихат депутаты Айбек Елекбаев және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды округ әкімі Е.Серкебаев ашып, жыл қорытындысына арналған баяндама жасады. Баяндамада округте бірқатар жұмыстар атқарылғаны туралы кеңінен айтылды. Округ әкімі ауыл тұрғындарымен үнемі бірлесіп жұмыс істейтінін айта келе, жер телімін берудің тәртібін және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылу барысын түсіндірді. Баяндамашы биылғы жылы «Жасыл Желек» елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру бағдарламасымен жаңадан соғылып жатқан мешіттің жанынан берілген жер учаскесін қоршауды іске асыратынын айтты.
Жарыссөзде алғаш сөз алған Ербол Помашев округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, мешіт жанынан «Ардагерлер аллеясын» ашуды ұсынды. Бұл ұсынысты жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Ал, Қосбөлтек ауылының тұрғыны Базарбек Сұлтанбеков: «Ауылдық округте былтырғы жылы атқарылған жұмыстарға өзіміз куәміз. Мәселен, Қосбөлтек ауылы О.Жапарқұл көшесінің жолын асфальттау және Ә.Қойбақұлы көшесінің жарықшамдарын ауыстырудың өзі аз жұмыс емес. Осы орайда өз сауалымды жолдар болсам, ауылдың ауыз су құбырлары тозығы жеткен, ауыстыруды қажет етеді. Сондықтан ауылдың су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілсе» деген ұсыныс-тілегін білдірді. Тұрғынның сауалына округі әкімі жауап беріп, ауыз су мәселесі басты назарда екенін айтты. Сонымен қатар, Е.Серкебаев қазіргі таңда ауыз су жүйесі «Жуалы-Су» мекемесіне өткізілгенін және алдағы уақытта аталған мекемемен жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.
* * *
Жыл қорытындысына арналған осындай жиын Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы ауылында да өтті. Оған ауыл тұрғындарының барлық өкілдері шақырылып, жиын жұмысына осы өңірден сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Жархымбаева қатысты.
Жиынның күн тәртібі бойынша округ әкімі Ержан Серкебаев жыл қорытындысына арналған есептік баяндама жасап, 2020 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына тоқталды.
Тұрғындар алдында есеп берген ауыл әкімі тұрғындарды тазалық сақтауға шақырып, жарыссөзге кезек берді. Жарыссөзде Ақан Зейнуллин ауылда мал басының артуына байланысты жайылым жердің тарылып бара жатқанын айтса, ал, Азизхан Ғарифуллин жер телімін ала алмай жүргенін және қалай алуға болатынын сұрады. Ауыл қариясы Зиятхан Райқұлов округ әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға берді. Жолданған сұрақтарға округ әкімі тиянақты жауап берді.
* * *
Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің акт залында есептік жиын өтті. Онда ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаев ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Округ әкімінің есеп беру жиынына аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айман Қаражігітова, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев және тұрғындар қатысты.
Есеп беру жиынының күн тәртібіне сәйкес округ әкімі Е.Серкебаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне арналған баяндама жасады. Округ әкімі бірінші кезекте 2019 жыл округ үшін табысты жыл болғандығы жайында ақпарат берді.
Сонымен қатар, округте атқарылған бірқатар жұмыстарға, оның ішінде қайырымдылық шараларына, жастар саясатының іске асырылу барысына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, салық түсімдеріне, ауыл шаруашылығы көрсеткішіне тоқталып, 2020 жылы атқарылатын жұмыстардың барысымен таныстырды.
Әкімнің есебінен соң жарыссөзге Теріс ауылының тұрғыны Ергенбай Қосаев шығып: «Құрметті жиынға қатысушылар, ауыл әкімінің жыл бойы артқан жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға береміз. Осы ретте округтің бірқатар көшелері жарықтандырылуда. Ал, Бектеміс көшесі қашан жарықтандырылады. Бектеміс көшесіндегі колхоздан қалған тал-дарақ егілген алаңға көктемде еріген қар суы және арнасынан асқан Теріс өзенінің суы жиналып, соның салдарынан теректер құлауда. Осыған су ағатын арықтар қазып берсеңіз» деген сауал жолдады. Одан кейін жарыссөзде Теріс ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Аташбек Әмірқұлов сөйлеп, ауылдық округте жүргізілген жұмыстардың барысын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол «Бектеміс каналы қашан тазаланады? Теріс ауылының бақша су мәселесі қашан шешіледі?» деп ауылдағы бақша суының мәселесін көтерді. Жиында қойылған сұрақтарға округ әкімі Ержан Серкебаев жауап беріп, сұраныс-тілектердің зерделенетінін жеткізді.

Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close