Qoǵam
Өсек өрттен де қауіпті
Өкінішке орай, қазіргі қоғамда болсын, жиындарда болсын, интернет желісінде болсын, екі адамның басы қосыла қалса біреудің кемшіліктеріне тілге тиек етіледі. Соның салдарынан адамдардың арасында ғайбаттың оты лаулап, қастықтары одан бетер өршиді.
Осы ретте шығыстың әйгілі ойшылы Жүсіп Баласағұн өз өлеңдерінің бірінде өсек туралы: «Өсекшіні жолатпа үйге, дарытпа, Естігенін түгел жаяр халыққа» дейді. Абай атамыз да адамның бес дұшпанның қатарына «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп алдымен өсекті жатқызады.
Шариғатта біреудің сыртынан оның бойындағы кемшіліктерін айтуды ғайбат деп атайды. Мұсылман адам осының бәрінен өзін аулақ ұстау керек. Әсілінде, арақ ішу, ұрлық немесе зина жасау, доңыздың етін жеу қандай күнә болса, ғайбат та дәл сондай ауыр күнә яғни үкімі харам.
Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрады. Сахабалар: «Алла мен елшісі жақсырақ біледі» деп жауап қатты. Сонда Расулулла (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлдебір бауырыңды оған ұнамайтын нәрсе айтып еске алсаңдар, сол ғайбат» дейді.
Сонда бір сахаба орнынан тұрып: «айтылған қасиет оның бойында бар болса, сол да ғайбат па?» деп мәселені білгісі келді. Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де сен айтқан ол кісінің бойында бар болса, ол ғайбат. Ал болмаса, айтқаның жала» деді.
Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Бауырының етін өлген күйде жегенді қайсың ұнатасың? Әне, бұдан тіксінесіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар («Хұжұрат» сүресі, 12-аят) деу арқылы ғайбаттың жиіркенішті күнә екенін, ескертуде. Қазір қоғамда қабір басында тұрсақ та, жаназаға барсақ та, мәйттің артынан сөз айтамыз да, «жер барып айтпасын» деп өзімізді ақтаймыз.
Біз сонда бір ісімізбен сауап алсақ, тілімізбен сол сауапты жоюдамыз. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбат сауаптарды жоюда лап етіп бір-ақ жалмайтын сумаңдаған өрттен де жылдам» деген хадисі де бар.
Әрбір мүмин «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген пайғамбар өсиетін жадында ұстағаны жөн.
Мұны білсең, мінезді түзеуге күш салар едіңіз.
Рамазан ИСАҚОВ,
«Күреңбел» мешітінің имамы