Basty bet

Наурыз – думан, Наурыз – той

Ауданда Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар негізінен аудан орталығындағы Жастар аллеясында, аудандық орталық саябақта және Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта ұйымдастырылды. Барлық іс-шаралардың коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, өткізілгенін атап өткен жөн.

Қарсаңда күні-түні төккен жауын таң ата ғана толастады. Табиғат-Ана да жуалылықтардың Ұлы мерекені атап өтуге дайындалып жатқанын білгендей, сол күні оң шырай танытты. Аспанды қаптаған сұр бұлттың арасынан бір сәтке ғана қылтиып көрініп қалатын күн «мен сендерге жақын жердемін, көп кешікпей келемін» деп қол бұлғайтындай. Жабырқау көрінген ауа райы көпшіліктің көңіл-күйін түсіре алмады, қайта мерекедегідей көтеріліп, жадырай түсті.
Жастар аллеясында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара қызып сала берді. Ұлттық киім киген қыздар мен бозбалалар Алтыбақанға тербеліп, білек күші қарымды жастар кір тасын көтеруден, ал балалар асық атудан өзара сайысып жатты.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов мереке қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен бастау алған республикалық «Бұл – менің ағашым!» таза табиғат акциясы аясында Жастар аллеясында алма ағаштарын отырғызу шарасына қатысты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев, ардагерлер және жастар бір-бірден жеміс ағашын отырғызды.
Олжас Есалханұлы отырғызылған ағаш көшеттеріне, аллеядағы басқа да жеміс ағаштарын күтіп-баптау үшін суғару жүйесін жөнге келтіру, келешекте жеміс ағаштары көшеттерін өзімізде өсіріп, оны тұрғындарға арзан бағамен өткеру керектігін ескертті.
Шағын сахнада жастардың күшімен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалаған аудан әкімі Олжас Қаржауов барша жуалылықтарды әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа шаттық, құт-береке, ынтымақ тіледі.
Өткен жылы ғана жөнделіп, жаңа келбетке ие болған аудандық орталық саябақта аудандағы өнер мектептері мен аула клубтары тамаша мерекелік іс-шара ұйымдастырыпты. Аудан әкімі Олжас Қаржауов келгенде сахнада өнерпаздар би билеп, ән салып жатты. Сахна маңында және сахнадан спорттық алаңдарға апаратын жолдың ұзына бойына оқушы жастардың көркемсурет және қолөнер туындылары ұсынылған. Олжас Есалханұы аудандық Аналар алқасының мүшесі, тігінші, ісмер Дарихан апаның қолөнер бұйымдары көрмесінің тұсына аялдап, онымен аз-кем тілдесті.
Орталық саябақтың сәнін келтіріп тұрған қазақы киіз үйдің алдында көркемөнерпаздар ұжымы Құрманғазының «Балбырауын» күйін нақышына келтіріп орындады. Сәл әріректе спорттық алаңдарда тоғызқұмалақ, қол күресі, үстел теннисі және тағы да басқа спорт түрлерінен жарыс көрігі қызып жатты.
Бауыржан Момышұлы саябағында аудан әкімі Олжас Қаржауов аудандағы ұлттық-мәдени орталықтар мен өнер мектептері оқушыларының қолөнер бұйымдарынан жабдықталған көрмелермен танысты.
Сахна төрінен көктем, Наурыз, табиғат, Отан туралы ән-жырлар төгіліп жатты. Жұртшылыққа аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Биші қыздар мың бұрала билеп, күміс көмей әншілер ән-жырдың тиегін ағытты.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов саябақта тігілген ақшаңқан киіз үйге бас сұғып, арнайы әзірленген наурызкөже мен ұлттық тағамдардан дәм татты. Жұртшылықты күн мен түн теңеліп, табиғат ғажап күйге енетін Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, еліміздің молшылық пен берекеге кенеле беруіне тілектестігін білдірді.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close