Basty bet
Ылғал үнемдеу технологиясын қолға алуымыз қажет
Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауыл-аймақтарға жұмыс сапарымен шығып, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысуда. Осындай кезекті сапар Ақтөбе ауылдық округінде жалғасты.
Олжас Есалханұлының жұмыс сапары Ақтоған ауылынан басталып, ол ауыл маңындағы тазаланған каналдарды көрді. Ұзындығы 1,2 шақырымдық каналдан 40 гектар алма бақты суғару үшін Мамырай бұлағы тазаланыпты. Жалпы ауылдық округте 30 шақырымға жуық канал мен арық жүйелері бар. Биыл осы каналдар жүйесін тазалап, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Ауылдық округтегі ағын су көздерін ашу арқылы егін алқаптарына жіберу көзделуде.
Жарбұлақ тоғанынан шығатын каналдар да ретке келтіріліп, ұзындығы бір шақырымды құрайтын канал тазаланып, алдағы уақытта 120 гектар жер суғарылатын болады. Ал, ұзындығы 700 метрді жатқан Қаратақы каналы арқылы 90 гектар жер және ұзындығы 1,6 шақырымдық №2 Ақмолда каналынан 150 гектар алқап суғарылады деп күтілуде.
Міне, мұның барлығына аудан әкімі іссапар барысында көз жеткізіп, «Жаңаталап» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық егіс алқабына тамшылатып суғару қондырғысын орнатуды қолға алып, оның тиімділігін көріп отырған жайы бар.
Одан кейін іссапар Күркіреусу станциясы жұмысымен танысумен жалғасып, ондағы ахуал бағамдалды. Станция бастығы Күлсара Жаңабаева мекеменің 1991 жылы пайдалануға берілгенін және үш қызметкер жұмыс істейтінін мәлімдеді. Станция жұмысымен танысқан аудан басшысы мұнда тазалыққа мән беру қажеттігін тапсырып, ауылдағы проблемалардың бірі интернет мәселесі екенін білді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Олжас Есалханұлы Жаңаталап ауылында да болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Ауылдағы клуб ғимараты көптен бері жөндеу көрмеген. Ішінің жағдайы жақсы болғанымен, сыртқы келбетінің тозығы жеткен. Клубтың айналасын тазалап, аббаттандыру қажет. Ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралаповқа халыққа ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін айтқан аудан басшысы мәдениет ошағының сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.
Жаңаталап ауылының мешітінде бейнебақылау камерасы істен шыққан. Мешіттің имамы Елнұр Нұрманалиев ауылда жақсы бастамаларды бастап, тұрғындарды имандылыққа шақыруда. Мешітке баратын жолды демеушілер арқылы жөндеу көзделуде.
Жаңаталап ауылындағы медициналық пунктте үш медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бас дәрігер Жалғас Рысбек аудан басшысын денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен таныстырып, індетке қарсы шараларды баяндап, ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет екендігін жеткізді.
«Жаңаталап» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жазира Өтебаева мекеме 50 балаға арналғанын, қазіргі таңда індетке байланысты бала санының азайғанын жеткізді. №26 Жаңаталап орта мектебінде болғанда, білім ошағының директоры Көгершін Жалмағамбетова мұнда 190 оқушы білім алатынын, оларға 32 мұғалім дәріс беретінін, 21 техникалық қызметкер жұмыс істейтінін айтты. Ғимарат 2010 жылы пайдалануға берілгенін айтты.
Аудан басшысы әрі қарай ауылдағы «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің сүт өңдеу зауытының құрылысын да көрді. «Атамекен-Бастау» АШӨК-ның төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов құрылыстың барысы туралы хабарлады.
Аудан әкімі О.Қаржауов сапар барысында округ орталығы – Бәйтерек ауылында да болып, Т.Тастандиев атындағы орта мектептің, №2 Өнер мектебінің, бөбекжай-балабақшаның басшыларымен тілдесті. Мектептің шатыры ауыстырылған, алайда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Өнер мектебінің директоры Талғат Тойшыбеков мекемедегі үйірмелерді таныстырып, жетістіктерімен бөлісті. Мұнда домбыра, би, қолөнер, сурет тағы да басқа үйірмелерде балалар өнермен сусындауда. Қолөнер шеберлері ұлттық өнерді насихаттап, балаларға ер-тоқым, астау, күбі, домбыра, жүген жасауды үйретуде. Ағашпен жұмыс жасайтын мұғалімдерге жаңадан станоктар алып берілген. Дегенмен бұл үйірменің бөлмесін кеңейтіп, тағы да басқа станоктар алу қажеттігі туындауда.
Ауылдағы бір қуанышты жағдай, Бәйтерек ауылында биыл жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараты салынбақ. Бұл жаңалықты аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков мәлімдеді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Олжас Есалханұлы Бәйтерек мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, олардың проблемалары мен ұсыныстарын тыңдады.
Тұрғындардың бірі, «Ардақ» шаруа қожалығының жетекшісі Жаңаталап ауылында жарық пен таза ауызсу жоқтығын айта келе, ауылды көркейту үшін көпшілік болып қараағаш егейік деген ұсынысын жеткізді. Ал, Талғат Тойшыбеков өндіріс ошағын ашу үшін электр желілерінің жағдайы сын көтермейтінін айтып, «тек кәсіпкерлерге ғана емес, шаруа қожалықтарына да көңіл бөлінсе» деген ойын жеткізді. Тұрғындар арасында ауылдан құрылыс материалдары цехын ашып, пенополистрон шығаруды көздеп отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, жиында жайылым мен суармалы жер, ағын су мәселесі көтерілді.
Тұрғындар тарапынан түскен әрбір сұраққа аудан басшысы жауап беріп, барлығы заң аясында шешілетінін, әсіресе кәсіп ашамын деушілерге көмектесетінін жеткізді.
-Ауданға келгелі бері елді мекендерді аралап, қай ауылда не жоқ екенін, қандай мәселелер бар екенін бағамдап, танысып келемін. Әр ауылдың өз мәселесі бар. Соған қарай әрекет етіп, ең бірінші құжатын әзірлейміз. Көп дүние өзімізге байланысты. Уақытты босқа өткізбей, барлығын биыл дұрыстап, қолға алу қажет.
Көп жылдар бойы қордаланған мәселенің бірі каналдар мен тоғандардың тазаланбауы еді. Міне, ол да өз ретімен шешімін тауып, тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Біз қандай жоспар құрсақ та, алдымен оның тиімділігін ойлауымыз қажет. Бүгінгі күні жайылым мен суғармалы жердің көлемін ұлғайтуға күш жұмсамай, тамшылатып суғаруды қолға алайық. Сол үшін шаруаларға қажетті техника алу жоспарлануда. Ұңғыма қазып, тамшылатып суғаруды қолға аламыз. Дамыған шет мемлекеттерді сүтті сиырларды өріске айдамай, құнарлы жем-шөп беріп, қорада ұстап бағады. Ісіміз тиімді болсын десек, біз де ерте ме, кеш пе, осы жүйеге көшуіміз қажет.
Ауылдың тыныс-тіршілігі дұрыс болса, ауылдан жастар қашпайды. Халыққа қолайлы жағдай жасалмасай, тұрғындар мәселесі шешілмейді. Кооператив арқылы халықтың жағдайы жасалмаса, жеке бастың қамы үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Жастардың спортқа деген көзқарасын өзгерту керек. Балалардың өсуі, дамуы, бейімделуі қолға алынуы тиіс. Өйткені, біздің болашағымыз осылар, – деді аудан әкімі Олжас Қаржауов.
Тұрғындардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдаған аймақ басшысы кейбір тұрғындарды жеке қабылдауына жазды. Ауылдық округтегі өзекті мәселелермен танысып, бірлесіп шешудің жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев