Basty bet

Шешімін күткен бірқатар мәселелер бар

Кеше аудан әкімі Олжас Қаржауов жұмыс сапарымен Мыңбұлақ ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы шешімін күткен мәселелерге назар аударды. Әкімнің жұмыс сапары аталған ауылдық округке қарасты Талапты ауылынан басталды. Онда О.Қаржауов ең алдымен №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысты.

Кеше аудан әкімі Олжас Қаржауов жұмыс сапарымен Мыңбұлақ ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы шешімін күткен мәселелерге назар аударды. Әкімнің жұмыс сапары аталған ауылдық округке қарасты Талапты ауылынан басталды. Онда О.Қаржауов ең алдымен №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысты.
Мектеп ғимараты 2004 жылы 250 оқушыға арналып салынған. Қазір мұнда 125 оқушы тәрбие мен білім алуда. Талапты ауылында 100 түтін барын ескерсек, мектеп ғимаратына балалардың сыйымдылығынан ешқандай проблема жоқ. Жалпы мұндағы мұғалімдердің саны 34 болса, қосалқы қызметкерлердің саны 23-ті құрайды. Информатика кабинеті 16 ноутбук, 4 компьтермен жабдықталған. Интернет желісі жақсы жұмыс істеп тұр. Бұл жөнінде мектеп директоры Руслан Сайлаубаев баяндады. Мектеп ғимаратының жел жағы мен артқы бөлігін метал жабындымен қаптау мәселесі бар. Аудан әкімі О.Қаржауов мектеп бөлмелерін аралап көрген соң, мектеп жанында орналасқан «Балауса» бөбекжай-балабақшасына да бас сұғып, мектепке дейінгі тәрбие ошағының жұмысына қанықты.
Келесі кезекте ауылдық клуб және онымен жапсарлас орналасқан медициналық пункттің жұмысы назарға алынды. Медпункт туралы айтар болсақ, пункт орналасқан ғимарат 1965 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат түрі типтік. Дегенмен медпункттің ғимараты апатты деп танылып, қорытынды шығарылған. Осыған байланысты жаңа ғимарат салуды қажет етеді. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева аудан басшысы Олжас Есалханұлына медициналық пункттің жұмысымен таныстыра келе, жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға қаржы қарастырылып жатқанын айтты.
Аудан әкімі О.Қаржауов Мыңбұлақ ауылдық округіне сапары барысында округтің орталығы Көлбастау ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен және кәсіпкерлер және шаруа қожалық басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуді округтің әкімі Ғабит Үмбеталиев ашып, жиынды сұрақ-жауап түрінде өткізуді ұсынды. Жиын барысында ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысуға Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алуға көмек сұрап, төрт түлікке ветеринариялық көмек көрсету жұмыстарының ақсап жатқанын айтты. Одан бөлек, мал жайылымы мәселесі де кеңінен сөз болды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан басшысы жауап берді.
-Мен жұмыс бабымен және тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің көптеген өңірлерінде бірнеше рет болдым. Мысалы, Түркістан облысының Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында болғанымда ондағы шаруалардың малды қалай ұстап, қалай бордақылайтынын көрдім. Өздеріңізге мәлім, Қарабұлақ ауылын білмейтіндер кемде-кем. Бұл ауыл Қазақстанның елеулі бөлігін сиыр етімен қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Ондағы ағайындар малды жаю дегенді білмейді. Оның үстіне жайылым да жоқ. Жаздың күндері малдың жемшөбін молынан қамтамасыз етіп алып, әсіресе ірі қара малды жыл он екі ай қорада бордақылап ұстайды. Міне, олар осылайша етті молынан өндіріп отыр. Бізге де осы тәжірибені ішінара енгізу қажет сияқты. Бойдақ малдар болмаса, сауын сиыр мен бордақы малдарын жемшөп беріп, үйде ұстаған дұрыс. Мысалы, кейбір өңірлерде сауын сиырдың азығын құнарландыру арқылы одан алынатын сүтті көбейтуге болатынын көзіміз көріп жүр. Шаруаларға негізінен сүрлемді молынан дайындап, сауын сиырды үйде ұстаған дұрыс. Бұл ең алдымен сүттің молаюына, екіншіден мал жайылымы мәселесіне де оң ықпал етер еді,- деді Олжас Есалханұлы.
Келесі кезекте ауыл тұрғыны, Батыр ана Ранай Айымбетова сөз алып, округтің орталығы Көлбастау ауылынан тұрғын үй салуға жердің қашан бөлінетінін сұрады. Айта кету керек, ақ жаулықты ана бұл мәселені түрлі деңгейдегі жиындарда бір емес, бірнеше жылдан бері тұрақты көтерумен келеді. Алайда бұл мәселе шешімін табар емес. Бұл сұраққа аудан әкімі О.Қаржауов жауап берді.
-Менің аудан әкімі қызметіне тағайындалғаныма көп уақыт бола қоймаса да, маған осы уақытқа дейін әлеуметтік желі арқылы 500-ге жуық сұрақ келіп түсті. Көбісінің сұрайтыны негізінен жер, тұрғын үй алу, қызмет көрсетудегі кемшіліктер, тағысын тағы. Осы ретте тұрғындардың әлеуметтік сұрақтарына жауап беретін cаll-орталық ашып, мәселелі сұрақтарды тиісті бөлімдерге, мекемелерге бағыттау жолдарын қарастырып жатырмыз. Білем, ауылдарда мәселе көп. Олардың шешілу жолдарын қарастыру біздің міндетіміз,- деді аудан басшысы.
Жиын барысында ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбеталиев Көлбастау ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге аудан басшысынан көмек сұрады. Сондай-ақ, тұрғындар ауылға спорт алаңшасын салу, көше жолдарын жөндеу, кездейсоқ қоқыс орындарын жою, т.б. сұрақтарын қойып, жауап алды.
Қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі О.Қаржауов сөз сөйлеп, бірқатар мәселелердің талданып әрі зерделеніп болған соң шешілетінін жеткізді. Іссапар барысында аудан басшысына Көлбастау ауылынан салынғалы жатқан мәдениет үйінің орны таныстырылды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close