El іshі

«Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды»

Қай халықтың болсын ғұмыр кешкен жолында дәуір тудырған асқақ тұлғалары болады. Бұл үрдістен қазақ жұрты да кенде емес. Былтыр қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, дала ойшылы Абайдың, биыл қазақ ауыз әдебиетінің, жыраулық өнердің саңлағы Жамбылдың мерейтойын атап өтудеміз. Жыр алыбы туралы қазақ ауыз әдебиетінің білгірі, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин былайша баға берген болатын:

«Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл.
Арыстар атылған, қазақ қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың аты ұлт ұранындай көтеріліп соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді. Кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс.
«Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар, Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сахара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жамбылдың аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет». («Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды» мақаласынан үзінді).
Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры соғыс жылдарында қазақ және орыс тілдерінде барлық газеттерде жарияланған. Қырғын соғыстың қисапсыз ауыртпалығымен бетпе-бет келген халықтың рухын көтеруде ерекше күш-қуат берген осы жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды.
«Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған адамдарды көрдік. Неміс самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде, баспаналау орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті киоскіде кезекте тұрған адамдарды талай рет көрдім» деп жазды орыс ақыны Александр Прокофьев.
Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград Заң институты Жамбыл қаласына эвакуацияланған. Облыстық мемлекеттік архивте институттың біздің облысымыздағы тыныс-тіршілігімен хабардар ететін деректер бар. Институт ұжымы Жамбылдағы жылдарында ұлы ақын Жамбыл атаның байтақ жырларымен етене жақын болып, ол дүниеге келген Жамбыл облысында бірер жыл ғұмыр кешкендіктерін өмір бойы мақтан тұтып өтетіндіктерін айрықша айтқан. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты отты жыры әрбір ленинградтықтың жүрегіне от жаққан құдіретіне бас иеді. Есімі облысқа берілген жыр алыбы Жамбыл ескерткішінің дүниеге келу себебі былай болған еді. Ол жайлы мемлекет қайраткері А.Асқаров «Тағдыр» кітабында былайша еске алады:
«…КОКП Орталық Комитетінің хатшысы А.Б.Аристовтың кабинетіне шақырды. Жүрек алып-ұшқан жағдайда кабинетке кірдім. Жайлап басып, Аверий Борисовичке жақын келдім. Ол кісі соншама сабырлы шырайда амандасып, жайғасып отыруыма ізет білдірді. Мен тура жазу үстелінің алдындағы мамық орындыққа жайғастым. В.М.Чураев менен қашығырақ, әдетте шағын жиын өткізілетін үлкен үстелге отырды. Аверий Борисович әңгімені облыстың экономикасы, мәдени-тұрмыстық ахуалдарынан суыртпақтап сыр тартудан бастады. Ел-жұрттың ұлттық құрамына да едәуір көңіл бөлді. Әңгіме біршамаға созылғанымен емін-еркін арнада өтіп отырды. Ол кісі бір сөздің ретінде қазақтардың Ұлы Отан соғысында ерлікпен соғысқанын, қаһарман халық екендігін де айтып өтті. Ондай бір сәтте:
– Жамбыл облысы Жамбылдың құрметіне байланысты аталған ба? – деді.
– Иә. Шын мәнінде ол кісі қайда туған өзі ?
— Жамбыл облысының жерінде, Жамбыл тауында туған.
– Қалада ол кісіге арналған қандай ескерткіш бар? Ол кісі сәлден кейін бұл сұрағын тағы қайталады. Мен сәл абыржып, бірден жауап қайтара алмай мүдіріп қалдым. Аузым бірден бара қоймағанымен ақыры:
– Әзірге ешнәрсе жоқ, – дедім. Ол сөзін жартылай әзілге сүйеп:
– E, қазақтар-ай, сондай ұлы адамға осы уақытқа дейін ескерткіш орнатпағандарың жарамаған, – деді. Жамбылға соншама көңіл бөліп, ықылас білдіргені мені қайран қалдырды. Көздерін маған қадай, тесіле отырысы жауап күткенін аңғартқандай. Мен болсам еш уәждің ретін таппай отырмын. Ақыры өзі сөйледі.
– Мен ол кісінің өлеңдерін оқыдым.Әсіресе, соғыс жылдарындағы ленинградтықтарға арналған «Ленинградтық өренімнің» сөздері керемет қой. Сірә, ондай адамға ескерткіш орнату жөн шығар-ау, – деп сөзін аяқтады.
Мен уәде бердім. Ол бұл мәселені назарында ұстайтынын айтты. Шынында да, ол кісі кейін жәрдемшісі арқылы оқтын-оқтын мәселенің жай-жапсарын біліп те тұрды».
Облыстық мемлекеттік архивте сақталған деректер бойынша 1963 жылғы 7 желтоқсан күні Жамбыл қаласында көкбазар алдынан қазақтың тұңғыш профессионал мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың қола мүсінмен өрнектеп, гранитпен сомдаған ұлы Жамбылдың асқақ бейнесі қайталанбас ескерткіші бой көтерді. Оның ашылу салтанатында ұлы ақынның ізін басқан асқақ үнді Кенен Әзірбаев жырдан шашу шашқан. Хас талант Хакімжан Наурызбаев халық жүрегінен мәңгілікке орын алған ұлы жыршының асқақ бейнесін қалай сомдағанын тебірене әңгімеледі. Жамбылдың жұрағаты, батасын алып, жолын қуған өнер дүлділі Нұрғиса Тілендиев ақын ескерткішіне бас иіп, халықтың ризашылығын алған.
Арагідік баспасөз беттерінде Жамбыл жайлы «баға» беретін «желөкпелер» де бой көрсетіп жатады. Олар замана үнімен санаспайтын сияқты көрінеді. «Жамбылды Сталин тақырыбына ұрындырған өзіміз. Бәрін қолдан жасадық. «Жоғары жақтың тапсырмасы» деп, сол «заказды» орындауға жанталастық. Сөйттік те, Жамбыл сынды дуалы ауызға саясат жырын жырлатып, аузына сөз салуға тырыстық. Өзі жаза білмейтін ақпа-төкпе ақынның айтқан жырын қағазға түсіре отырып, оның ара-арасына Сталин және оның төңірегіндегілерге қажет бөгде сөзді тықпалап «жақсартқан» болдық. Сөйтіп «сталиншіл» жырлар қаптады да кетті. Жамбылдың кенже баласы Тезекбайдың мына бір сөзі көп сырды аңғартады:
«…Бір жолы үстіне кіріп барсам, Тәтем Ғалиға: «ананы қос, мынаны қос дей бересің. Ол қызыңды ұрайынды…мен қайдан білейін. Сөзімді бөле берме!» – деп, кейіп отыр екен. Мен олардың сөзін бөлмейін деп, қайта шығып кеттім». ( Бұл үзіндіні 1985 жылы мамыр айында Тезекбайдың өз аузынан жазып алған әдебиетші Нысанбек Төреқұлов).
Жамбылдың алғашқы хатшысы Әбділдә Тәжібаев «культті жырлауда біз Жамбылдан да асып кеттік» депті. Шындығында солай еді ғой.
Ғасыр жасаған ақын Жеңіс мерекесін жұртпен бірге тойлап, арқа-жарқа болған.
«Жеңіс мерекелерің құтты болсын! Тойландар, шаттаныңдар! Енді менде арман жоқ» деп, ол шексіз қуанышқа бөленген. «Жәкең ең соңғы өлеңін майдың тоғызы күні Жеңіске арнап айтты. Жүз жасаған Жәкең жырларының ең соңғы бетінде тап осы Жеңіс жыры тұрмақ. Бұдан артық орынды ақындық өмір бола бермейді» деп жазды саңлақ суреткер Ғабит Мүсірепов. 1945 жылы 22 маусымда Министрлер Советінің ауруханасында Жамбыл дүние салды.
Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ, облыстық мемлекеттік
архивтiң архивисі.
“Ақ жол” газеті №30
16 наурыз 2021 жыл

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close