Qoǵam
Сақтық шаралары қатаң сақталуда
Үстіміздегі жылы коронавирус пандемиясы елімізден бөлек, тұтас әлем жұртшылығын әбігерге салып қойғаны белгілі. Бұл індеттің салдарынан білім саласының жұмысына толықтай өзгерістер орнады. Вирустың таралу көрсеткіштеріне қарай, сары және жасыл түсті ұстап тұрған облыстарда сабақ толықтай аралас форматта өтіп жатыр. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды қарастыру міндеттелген. Тіпті асхана жұмысының өзі жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және карантин талаптарын сақтай отырып, Бас санитариялық дәрігердің келісімімен ұйымдастыру жолдары пысықталған.
Осы уақытқа дейін пандемияға байланысты аудандағы кейбір мектептер бала санына байланысты сабақтарды жылдың басынан дәстүрлі форматта оқыса, кейбір білім ошақтарында кезекші сыныптар ашылып, білім беру процесі тоқтаған жоқ.
Міне, үстіміздегі жылдың IV тоқсанынан бастап «Бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша оқушылар оффлайн жүйеге ауысып, мектеп қабырғасына қайта оралды.
Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінде жалпы 53 мұғалім жұмыс істеп, 1-11 сынып аралығында 330, мектепалды даярлық тобында 33, яғни барлығы 363 оқушы білім алуда.
-Біздің облыс жасыл аймақта болғандықтан Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 25 наурыздағы қаулысына сәйкес, IV тоқсанда оқу үрдісі аралас форматта ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылынан бері мектепте 1-4 сынып және даярлық топты қосқанда 10 кезекші топ құрылып, екі ауысымда сабақ оқыды. Жалпы мектепте бүкіл санитариялық талаптар сақталған. Мектепке кіреберістен бастап оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында сақтық шаралары жасалған. Кіреберіске дезинфекциялау түнелі және кілемше қойылған. Білім алушылар сыныптарына кірмес бұрын медбике Гүлбахира Садықова олардың дене қызуын өлшеп, антисептикпен қолдарын дезинфекциялайды. Мұнда арнайы сүзгі кабинеті де бар. Егер де оқушының дене қызуы көтеріліп тұрса, оны сүзгі кабинетіне апарып тексереді. Мектепте мұғалімдерге, оқушыларға, бөгде адамдарға, техникалық қызметкерлерге, кварцқа және тазалау жұмыстарына арналған тіркеу журналдары ашылған.
Әр сыныптағы парталарға арақашықтықты сақтау белгілері, қолды дезинфекциялайтын антисептиктер қойылған. Мектептің, дәліздің, кабинеттің әр бұрышына қолданылған медициналық бетпердені тастайтын жабық жәшіктер қойылған. Мектеп ішіндегі әжетхана қолданылуға беріліп, ішіне барлық санитарлық жағдай жасалған. Сыныптар белгіленген уақытпен хлорлы сумен жуылып, кварцталып тұрады. Аудандық білім бөлімінен антисептик, дезинфекциялайтын заттар уақтылы беріледі. Оқушылар топтасып бір жерден кірмеу үшін мектепке төрт есіктен кіру қамтамасыз етілген.
Оқушылар оқу пәндерінің 70% дәстүрлі форматта оқып, қалған 30% қашықтан оқиды.
Сыныпта балалар саны 20-дан және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектепте икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылған.
Өткен жылы елде жарияланған төтенше жағдай режімімен енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты 9-11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырған жоқ. Биыл барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып негізгі сынып пен орта мектепті бітірушілер қорытынды аттестаудан өтеді.
Биыл мектепті 23 оқушы бітіргелі отыр. Оның үшеуі алтын, үшеуі үздік аттестатқа үміткер.
Осы тоқсаннан бастап мектептердегі асханаларға да рұқсат етілді. Біз 1-8 сынып аралығындағы 60 оқушыны ыстық тамақпен қамтып отырмыз. Асхананың ішіне санитариялық талаптарға сай сақтық шаралы жүргізілген. Мектептегі мұғалімдер «Бір сынып – бір кабинет» принципін сақтай отырып, жұмыс істеуде.
Негізінен бұл індет адамдарға көп дүниенің қадірін түсіндірді. Біріншіден, денсаулықтың, туыстың қадірін.
Ұстаздар өткен жылы қашықтан оқыту кезінде түсінбеген, үлгерімі төмен оқушылардың үйлеріне барып түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда оқыту үдерісі дәстүрлі форматқа көшіріліп, балалар алтын ұяларына оралып, мектептің сәні кіріп қалды.
«Әр нәрсенің өз қиындығы болады» демекші, бұл індеттен де құтылармыз. Сол үшін әр ата-ана, ұстаз бен оқушылардың сақтық шараларын қатаң сақтауға үйрету керек,- дейді мектеп директоры Марат Сарманов.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев