Basty bet

Заңсыз жол белгілері, жалған техникалық байқау …

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысындағы департаменті мамандары қызмет көрсету саласында өрескел бұзушылықтарды анықтаған

Бұл туралы өткен аптаның аяғында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аталған департамент қызметкерлері өткізген «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының таныстырылымында мәлім болды. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері, мекемелер мен ұйымдар басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, сөзді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысындағы департаментінің маманы Айбек Әжібаевқа берді.
– Құрметті жиынға қатысушылар, өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің төрағасы мен Жамбыл облысының әкімі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойғаны мәлім. Жоба жарғысына сәйкес жобалық кеңсе үш блок бойынша жұмыс істеуде. Оның бірі өңірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру болса, екіншісі қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, үшіншісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Аталған блоктар бойынша жұмыс істеу мақсатында мемлекеттік органдардың қызметтері зерделеніп, қоғамдық пікірі негізінде жоспар әзірленіп, бекітілді, – деді баяндамашы өз сөзінде.
Жобалық кеңсе облыстағы мектеп басшыларының кабинеттерін ғимараттың бірінші қабатына және ауданы үлкен емес бөлмелерге ауыстыру жөнінде 440 мектепке зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 35-50 шаршы метр аралықтағы алаңдарда отыратын 74 мектеп директорының кабинеттері 11-20 шаршы метрлік алаңдарға ауыстырылып, 866 шаршы метр алаң босатылды. Олардың орнына робот техникасы, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылған.
Сонымен қатар 353 жергілікті атқару органы басшыларының кабинеттеріне жүргізілген мониторингпен 329 шаршы метр демалыс бөлмелері анықталып, 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелерінің мақсаттары өзгертілген. Оларға архив, қойма және т.с.с. өзге бөлмелер көшірілді. Түгендеу жұмыстары негізінде енгізілген ұсыныстарға сай кәсіпкерлік субъектілерге тиесілі ғимараттарда орналасқан бес мемлекеттік орган коммуналдық меншіктегі ғимаратқа ауыстырылып, 16 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысы үнемделген. Одан бөлек, облыстағы 132 мемлекеттік мекеме басшысының кабинеттері бірінші қабатқа көшірілген.
Кеңсе қызметкерлерінің түрлі конкурстарға бақылаушы ретінде қатысуы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде маңызды рөл атқаруда. Мәселен, олар білім беру ұйымдарының бос лауазымды орындарына, соның ішінде директорларды қабылдау конкурстарына қатысып келеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері сегіз бос орынға конкурстар ұйымдастырылып, оған 12 үміткер қатысып, сегіз адам жұмысқа орналасқан.
Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында Тараз қаласының әкімдігіне қарасты білім беру ұйымдары қамқоршылық кеңестерінің құрамына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде кеңестердің құрамы қайта бекітілген. Олардың құрамына заңгерлер, партия өкілдері, этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктер, бизнес және әйелдер қауымдастығы өкілдері, ата-аналар енгізілді. Олармен арнайы мониторингтік топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға бейім оқытушыларды анықтау мақсатында облыстағы оқу орындарында «Сенім жәшігі» акциясы бастау алған. Шараның бірінші кезеңінде үш жоғары оқу орны толығымен және 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері қамтылған. Акция аясында 3759 студенттен сауалнама алынып, соның ішінде 125 студент білім беру ұйымдарында жемқорлық фактілерінің бар екенін атап көрсеткен.
Акцияның екінші кезеңінде үш жоғары оқу орны толығымен және жеті колледжде сауалнама жүргізіліп, 2339 адам қатысып, 79 адам оқу орындарында жемқорлық фактілері бар екенін көрсеткен. Сонымен қатар, сауалнамада заңсыз сыйлық алатын оқытушылардың аты-жөні аталып, сыйлықты 2000-7000 теңге аралығында ақшалай, торт, гүл ретінде алатыны белгілі болды. Сауалнама қорытындысымен департамент басшылығының қатысуымен оқу орындарындағы мұғалімдер кеңесі өткізіліп, аты аталған оқытушыларға ескерту берілді және олардың қызметі қатаң бақылауда болады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде ашықтықты, тұрмыстық жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және сессияның таза өтуін қамтамасыз ету мақсатында университет ректоратымен бірлеске келісімге сәйкес «Жамбыл -адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері емтихандар мен дипломдық жұмыстардың өту барысында бақылаушы ретінде қатысуда. Бұл тәжірибе өз кезегінде студенттер мен оқытушылардың арасында жемқорлық әрекеттерді болдырмауға өз септігін тигізуде. Аталған тәжірибені алдағы оқу жылынан бастап барлық жоғары және арнаулы оқу орындарына енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жобалық кеңсе менеджерлері дарынды балаларға арналған зияткерлік мектептердің қабылдау емтихандарына бақылаушы ретінде қатысқан.
Қазіргі таңда «Балабақшаға кезекке қою және жолдама беру» және «Мектепке 1 саныпқа балаларды қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер автоматтандырылды. Ағымдағы жылдың бірінші жартысының аяғына дейін «Электрондық үкімет» порталымен үйлестірілгеннен кейін қосымша бес қызмет автоматтандырылып, іске қосылмақ.
Кеңсе тарапынан азаматтардың «Жүргізуші куәлігін алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу барысына талдау жұмыстары жүргізілген. Талдау нәтижесінде емтиханнан өту үшін Тараз қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 174 адам жүгініп, оның тек 31-і емтиханнан өткені белгілі болды. Ал полиция бөлімдеріне жүгінген 240 азаматтың барлығы дерлік емтиханнан оң нәтиже алған. Алайда, аудандарда теориялық тестілеуден өту кезінде бейнебақылау, қоғамдық бақылау тетігі реттелмегені, тәжірибелік автодромдар пайдаланылмайтыны анықталды.
Осыған байланысты, облыстық полиция департаментіне сыбайлас жемқорлық тәуекелін болдырмау және заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жүргізуші куәліктерін алуды Тараз қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ұйымдастыру туралы ұсыныс енгізіліп, аудандардағы тиісті бөлімдер арқылы беру уақытша тоқтатылды.
Кеңсе қызметкерлері қоғамдық пікір негізінде Тараз қаласындағы техникалық байқау пункттерінің қызметіне мониторинг жүргізген. «Жасырын тұтынушы» арқылы кеңсе қызметкерлері жол-көлік оқиғасына ұшыраған жарамсыз автокөліктің техникалық байқаудан өту мәселесін қарастырып, байқаудан жарамды деп өту үшін орнына дәл сондай маркілі, түсті автокөлікті және оған жарамсыз автокөліктің нөмірін салатыны анықталды. Байқау пунктінің операторлары оған толық келісіп, мұндай заңсыз қызметті 3500-4000 теңгеге істеп беретінін жеткізген. Орын алған мәселелер бойынша өткізілген кеңес қорытындысымен техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыратын операторлардың лицензияларын алу туралы жоғары тұрған органға ұсыныс жолданып, бейнежазба материалдары тиісті шешім қабылдау үшін көлік бақылау инспекциясына жолданған.
Жобалық кеңсе өкілдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қала көшелері бойына орнатылған жол белгілеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде жол қозғалысына қатысушылар құқықтарының немесе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын 17 жол белгісі анықталап, қала әкімдігіне тиісті нұсқама жолданған.
Баяндамашы «іKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығын ашу және халықпен кері байланыс жүйесін орнату үшін облыстық бюджеттен 82 миллион теңге қаражат қарастырылғанын еске салды. Орталық қалада орын алатын барлық проблемалық мәселелерді шешу үшін азаматтардың өтініштерін дер кезінде қабылдауға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау ұйымдарында «наркологиялық» және «психонаркологиялық» анықтамаларды беру қызметтеріне мониторинг жүргізіліп, өткен жылдың соңынан тегін берілетін анықтамаларды 181 азаматқа 183 400 теңгеге сатылғаны анықталған. Демек, бірқатар денсаулық сақтау ұйымдары бұл іс-әрекеттері арқылы азаматтардың білмейтінін пайдалана отырып, заңсыз қаражаттарды иемденуге жол берген. Қазіргі таңда аталған азаматтарға тегін анықтама үшін төлеген ақшаларын қайтарып беру жұмыстары жүргізілуде.
– Денсаулық сақтау саласында халыққа қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мәселелері жобалық кеңсенің тұрақты назарында. Облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінің бірқатар басшылары осы қызметінде он жылдан астам уақыттан бері отыр, тіптен 20 жылдан астам уақыт бір мекемеде бірінші басшы лауазымын иелену фактілері де ұшырасады. Бірінші басшының өз лауазымында тым ұзақ отыруы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуы себебі ретінде қарастырылады. Сондықтан, осы мәселеде басшыларды кезең-кезеңімен ауыстырып отыру ұсынылады, – деді баяндамашы.
Айбек Әжібаев әрі қарай мемлекеттік органдар қызметінің халық алдында ашықтығын қамтамасыз ететін «Сервистік әкімдік» және «Open space» жобаларын іске асыру жұмысының жай-күйіне тоқталды. «Сервистік әкімдік» орталығы Шу қаласы және Меркі ауданы әкімдіктері ғимаратынан ашылып, онда аталған аудан әкімдіктерінің бірқатар бөлімдері мен коммуналдық қызметтер көрсететін мекемелер мамандары қызмет атқаруда. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында «Open space» жобасы қолға алынып, ауыл шаруашылығы және жер қатыныстары бөлімдерінің басшылары кабинеттерін қайта жабдықтап, ашық кеңседе жұмыс істей бастаған.
Жиында қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, оларға ұйымдастырушылар қанықты, білікті жауаптар берді.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close