Basty bet
Жалпыұлттық келісімнің жарқын мерекесі
Құрметті жуалылықтар!
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды, туған елдің игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.
Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасын бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналдырдық. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл әрине, ел өміріндегі ең жарқын мерекеміз. Төл тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге ел болып атсалысып жатырмыз.
Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.
Қоғамымызда қазіргі кезде қолға алынып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруымызға жол ашады деп сенемін.
Бүгінде елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанын баршамыз жақсы білеміз.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген дана бабалардан қалған асыл сөз бар. Сондықтан бірлік пен достықтың құндылығын арттыру бәріміздің асыл парызымыз. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихымен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті.
Ел бірлігінің ең асыл қасиет екенін Қазақстан халқы коронавирус індеті тараған тұста да мықтап танытып отыр. Қауіпті індетпен күресте халқымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырғаны көңілімізге үлкен медет. Біз бұл қауіпті дертті ауызбіршілігіміздің арқасында ғана жеңіп шығатынымызға сенемін. Бұл да өтеді, тек сабыр сақтап, ауызбіршілік танытсаңыздар болғаны.
«Діні басқа, тілі басқа, бірақ тілегі бір» саналатын бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы-ырысы, байлығы-берекесі болып, татулығы жарасқан ұлттар мен ұлыстардың біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады. Біздің ауданда да бірқатар ұлттың өкілдері бір шаңырақтың астында достық пен өзара түсіністікте ғұмыр кешуде. Халықтар достығы одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін, дегім келеді.
Құрметті жерлестер!
Сіздерге шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбастарыңызға аманшылық пен шаттық тілеймін!
Олжас Қаржауов,
аудан әкімі