Basty bet

Індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе қабылдау

Бүгінгі таңда бəрімізге белгілі коронавирус індеті елімізде әлі де өршіп тұр. Бұл індеттің алдын алу мақсатында дәрігерлердің білек сыбана, аянбай жұмыс істеп жатқаны бəрімізге белгілі.

Адамның денсаулығы мен амандығынан асқан байлық жоқ. Осы мақсатта елімізде мемлекет тарапынан індетпен күресте теңдессіз шаралар қолға алынды. Олардың ең маңыздысы – халықты жаппай вакцинациялау.
Қазіргі таңда аудандық емханаға өз еркімен келіп екпе салдырып жатқан халықтың қарасы көп. Мәселен, бүгін таңғы сағат 9.00-де аудандық емханада екпе аламыз деп 10 шақты адам кезек күтіп отырды. Біз екпе салдырып жатқан кісілердің жанында 20 минуттай болдық. Осы уақыттың өзінде 30 шақты адам келіп, екпе салдыруға кезек алды. Екпе салдыруға келген адамдардың бірі алғаш рет алайын деп отырса, енді біреуі ІІ компонентін салдырып жатыр. Біз екпе салдырып шыққан адамдармен сұхбаттасып, пікірлерін білген едік.
Жұмабек Оспанов, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалы бөлімшесінің жұмысшысы, Түктібай ауылының тұрғыны.
– Індеттің екпіні жаман. Сол себептен өз еркіммен келіп екпе салдырдым. Бізге бұл жердегі дәрігер барлық мән-жайды түсіндіріп, екпе алу әр адамның өз еркінде екенін де айта кетті. Екпені салмай тұрып дәрігер біздің қан қысымымызды өлшеп, қандай да бір аурумен дәрігерлік есепте тұратын-тұрмайтындығымызды, созылмалы ауру бар-жоғын сұрап, тексеріп барып екпе салдыруға жіберді. Мен өз басым Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігі жасап шығарған «Hayat-Vax» вакцинасын алдым. Қазір жағдайым жақсы, екпені жақсы қабылдадым. Негізі үйде алғаш болып вакцина салдырған келіншегім. Келіншегім мені де үгіттеп, екпе салдыруыма себепші болды. Екпенің арқасында біз өзімізді, жақындарымызды індеттен сақтаймыз.
Гүлфарида Стаева, Қосбөлтек ауылындағы «Шұғыла» бөбекжай – балабақшасының тәрбиешісі. Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны.
– Әрбір кеселге немқұрайды қарамай денеміздегі әлсіздікті жойып, қажыр-қайратымызды арттыру үшін екпе қабылдауымыз керек.
Өзім кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істегендіктен екпе салдыру міндетім деп есептеймін. Өйткені мен ауырсам, ол өзім тәрбиелеп отырған бүлдіршіндерге жұғуы мүмкін. Сол себептенде өз еркіммен келіп, вакцина салдырамын деп шештім. Екпе егу негізі ерікті түрде екенін маған дәрігерлер ескертті.
Алғашында түрлі қауесеттерге сеніп салдыруға қорқып жүрдім. Бірақ уақыт өте екпе салдырған таныс адамдарды көріп, олардың жағдайлары жақсы екеніне көзім жетіп, бүгін тәуекелге бел буып осы жерге келіп, «Hayat-Vax» вакцинасының бірінші компонентін салдырдым. Екінші компонентін 21 күннен кейін келіп аламыз. Отбасымда алғаш болып екпені өзім салдырдым. Жақында жолдасым, басқа туысқандарым да екпе салдыруға келеді. Мен аудан тұрғындарын келіп, қорықпай екпе салдыруға шақырамын. Бұл – денсаулығымыз үшін маңызды.
Мырзағали Аймұқанов, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны.
– Мен өзім мүмкіндігі шектеулі жан болсам да, өз еркіммен келіп екпе салдырдым. Вакцина – індеттің алдын алуда ең тиімді жол.
Басында қорқыныш болды. Бірақ аудандық ауруханаға келіп, екпе салушылардың қарасы көп екенін көріп, яғни ел айтып жүрген теріс пікірлердің барлығы шындыққа жанаспайтынына көзім әбден жетті. Біз отбасымызбен мына аты жаман індеттен сақтанудың жолы ол тек қана – екпе салдыру екеніне көзім жетті және барлық жерлестерімді екпе салдыруға шақырамын!
Өткен бейсенбіде ауданға Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігі бірігіп жасап шығарған «Hayat-Vax» вакцинасының 1500 дозасы жеткізілді.
Бұл вакцинаға қысқаша мәлімет беретін болсақ, «Hayat-Vax» вакцинасы басқа инактивтендірілген вакциналар сияқты +2с-тан +8с-ке дейінгі температурада сақталады. Бұл тасымалдауды және оларды аймақтарға бөлуді, жөнелтуді, сондай-ақ медициналық ұйымдарда сақтауды жеңілдетеді.
Вакцинация алған әр адам медициналық екпе алған мекеме жанында кемінде жарты сағат болып және 3 күн медициналық бақылауда болады. Жағымсыз жағдайлар пайда болған жағдайда учаскелік дәрігермен кеңесу керек. Вакцина 21 күн аралығында екінші мәрте салынады. Аудандық аурухананың берген соңғы мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ауданда екпе алғандардың ішінде отандық «КазКовидин» вакцинасын І кезеңде 50 адам салдырды, ал Ресейдің «Спутник V» екпесін І кезеңде барлығы 3888 адам алған, Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігі бірігіп жасап шығарған «Hayat-Vax» вакцинасын І кезеңінде 432 адам алған. Барлығы 4373, ал ІІ кезеңді 2125 адам екпе салдырған. Барлығы 15,4 процентті құрайды.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close