Qoǵam

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы тірегі

«Бағаналы ордам – басты ордам» деп жыраулар поэзиясында айтылғандай, тәуелсіз еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы – өн бойына қазақ дейтін қайсар халықтың күші мен қайратын жинаған тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналған киелі елордасы. «Еңселі Елорда, асқақтаған Нұр-Сұлтан!». Бүгін біз осындай мақтанышқа толы сөздерді құрметпен, аса мақтанышпен айта аламыз. Арқаның төрінде орналасқан айбынды астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы биылғы жылы 21 жасқа толады. Жаңа қаланың көрікті, көздің жауын алар зеңгір көкпен таласқан жаңа үлгідегі ғимараттары қалаға ерекше сән береді. Еуразия құрлығының дәл кіндігінде орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы – Еуропа мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті, күллі қазақ халқының – жүрегі.

Нұр-Сұлтан өзге елдермен терезесі тең, болашағы айқын және жұлдызы жарық қалалардың қатарына қосылды. Елорданың осындай жетістікке жетуі, тұғырлы тәуелсіздік пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол жеткізген биік белестерінің арқасы. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан – армандар орындалатын, дамушы Қазақстанның жарқын жетістіктерінің нышаны саналады. 21 жылдың ішінде қала халқының саны үш есеге жуық өсті. 1998 жылы елордада 326,9 мың адам тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш бір миллион адамға жетіп жығылды. Құрылыс қарқыны да бәсеңдемей келеді. Елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін жаңа баспаналар салынып, басқа да көптеген игіліктер қарастырылуда.
Еңселі елордамыз бүгінде барша әлемге танылып үлгерді. Мұнда дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық форумдар, саммиттер мен конференциялар, ірі спорттық, мәдени шараларда төрткүл дүниеден келген қонақтар бас қосады. 2017 жылы ел тарихында тұңғыш рет елордада ең ірі шаралардың бірі – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жалауы желбірегені баршаға мәлім. Осынау саяси салмағы зор көрме арқылы әлем елдері Қазақ елін жаңаша қырынан таныды деуге толық негіз бар.
Өткен жылы елордамыздың 20 жылдық мерейтойы ел деңгейінде атап өтілді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының дамуы мен өркендеуі қонақтар түгілі, қала тұрғындарын да таңдандырумен келеді. Тарих үшін 21 жыл қас-қағым сәт. Алайда осындай қысқа мерзімде құла түзден құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын елорданың бой көтеруі – егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі.
Жалпы, Елорда күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тәрбиелік тұрғысынан толғасақ, тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды ұлықтау арқылы біз еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Қазіргі таңда балабақшадағы балғындарға еліміздің бас қаласы туралы кеңінен мәліметтер беру арқылы олардың бойындағы ізгілік қасиеттерін дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі саналады. Отанға, туған жерге, елдің басты ордасына деген құрметі мен сүйіспеншілігі бар баланың жақсы азамат болып қалыптасатыны анық. Осынау құндылықтардың барлығы бір арнаға тоғыса келе ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.
Елорданы жырламаған ақын, бас қала туралы қалам тербемеген қаламгерлер елімізде некен-саяқ. Елорда жайында дастандар жазылып, құнды шығармалар өмірге келді. «Нұрағам салған нұрлы қаланың, көшесіндегі гүлі боламын» деп қазақтың айтулы ақыны Маралтай Райымбекұлы елорданы жырға қосқандай, елорда жыл өткен сайын жайнап, жасарып келеді. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бабаларымыз ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтаған қасиетті туған жерімізді, тәуелсіздігіміз бен азаттығымызды, халқымыздың бірлігі, туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісімді ұлтымыздың ұлы құндылығы екенін айта келе: «Елорда біз үшін қасиетті саналатын осы құндылықтарды сақтаушы болып табылады. Біз 20 жылдың ішінде иен далада жаңа қала тұрғызып, іс жүзінде мүмкін емес дүниелерді атқара алдық. Олай болса, біз кез келген қиын міндеттерді мойымай атқара аламыз. Біз барлығымыз бірге елордамызды бұдан да күшті етіп, гүлдендіре аламыз», – деп толғана жазғаны да қалың елдің есінен шыға қойған жоқ. Атауы Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта жаңғырған айбынды қала бұл күнде тек елордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына, сүйікті қаласына айналды. Дидарын бір көруге дүниені ынтық еткен елорданың болашағы жарқын. Ендеше, тәуелсіздігіміздің мықты тірегіне айналып, еліміздің ертеңіне даңғыл жол салған елордамыз жасай берсін!

Гүлзат САТУБЕКОВА,
«Аягүл» балабақшасының тәрбиешісі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close