El іshі
Жас Ұрпаққа не қалдырамыз?
Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастамасымен ауыл-аймақтарда санитариялық тазалық шаралары тың қарқын ала түсуде. Осы бағыттағы ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарына «Жуалы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тартылып отыр. Кеңсе мамандары тұрғындармен онлайн және оффлайн режімде кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Кеше редакциямызға жобалық кеңсенің еріктісі, Адалдық елшісі Бақытгүл Жексекеева келіп, тазалық жұмыстарының жай-жапсары, қоршаған ортаның жағдайы, халықтың саулығы мен саламаттығы хақындағы өзінің ой-тұжырымдарымен бөліскен еді.
– Тазалыққа түбегейлі мән беретін уақыт жетті. Айналамыз күл-қоқысқа толып кетті. Одан шаш етектен келетін залалды пайымдаған кім бар?!
Күндегі әдетпен жұмыстан келдім де, кешкі ас-суымды дайындап, ұл-қыздарымның, немере-туыстардын жағдайын білгеннен кейін ақпарат құралдарынан кешкі жаналықтарды қарауға кірістім.
Қарадым деген жай сөз болар. Көңілім бір нәрсеге қобалжи берді. Жатсам да, тұрсам де, не істесем де, көз алдымнан ұжым болып, өзіміз төрт күн бойғы ауылдардың төңірегінен тазартқан таудай үйілген қоқыс кетпей қойды ….
Жер-Ана, Отан, туған жер дейміз! Жүрекке қандай жылы сөздер! Табиғат – адам баласының баға жетпес байлығы! Неге оны бағаламаймыз? Анамызды күткендей, неге күтіп, аялап қарамаймыз?
Көзімізді ашып, жан-жағымызға зер салайық. Қоқыстан бұлақтардың қөздері жабылып қалған, сай-сала да қоқысқа толып жатыр. Осының бәріне кім жауапты? Әрине, өзіміз! Тұмса табиғат, тіршілік көзіміз су, ауа ластанып, сол уды өзіміз қайта жұтып жатырмыз. Бір ағаш қадаудың орнына, өсіп тұрған жасыл желекті аяусыз отап, табиғат аясына бір мезгіл барып демалғанда, айналамызды ластап, қоқыс біткенді бүкіл жерге шашып кетеміз. Осы ма, біздің адамдығымыз?
Олжас Есалханұлының бастамасымен таяу арада аудан орталығында, іргелес Қайрат, Көлбастау ауылдарында қоқысқа арналған арнайы жәшіктер қойылатын болады. Тұрмыстық қалдықтарды әр жерге тастамай, осы арнайы жасалатын контейнерлерге тастасақ, ауыл-аймақтарымыз таза болады деп сенім білдіреміз. Осы тазалық жұмыстарына бәріміз белсенді атсалысайық дегім келеді.
Ата-бабаларымыздың бізге мұраға қалдырған жерімізге жанашыр болайық.
Мына түрімізбен келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Тоқтайтын уақыт жетті, ағайын! Тазалықты әрқайсымыз өзімізден бастайық, – деп аяқтады сөзін Адалдық елшісі.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»