Basty bet

Мал ашуы – жан ашуына айналып кетпесін…

Жуалы ауданында шөптің бағасы рекордтық көрсеткіштен асып кетті

Әңгімені әріден бастамай-ақ, тақырыпқа бірден көшсек. Дәл қазір ауданда қысқы мал азығын дайындау бағытындағы шөп ору науқаны қызып тұр. Онымен бірге шөптің бағасы да рекордтық деңгейге жетіп, алғашқыда тайланған бір дана жоңышқа шөптің бағасы 1200 теңгеден басталып, қазір 1900 теңгеге жетіп жығылды. Бағаның бірқалыпты тұрмайтынын ескерсек, шөп бағасы әлі де қымбаттауы мүмкін.

Сонымен, жылда шөп саудасы қызатын Б.Момышұлы ауылындағы «Сәду» мал базары тұсындағы бұрылысқа барып, шөп бағасын тағы бір зерделеуге шыққанбыз. Шөп бағасының бас бермей бара жатқанын осы жерден анық көруге болады. Біз ол жерге сәрсенбі күні барғанымызда, тайланған жоңышқа тиелген екі бірдей «ГАЗ-53» жүк көлігінің иелерімен сөйлестік. Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылынан келген шөптің бағасы 1900 теңге. Жанында тұрған көліктегі шөп 1750 теңге. Себебі, оның шөбі таза жоңышқа емес екен.
Шөп сататын тұста көлік күткен адамдардың да қарасы қалың. Барлығы шөп күтіп отырғандар. Көлікпен ары-бері өтіп бара жатқандар да осы тұсқа келгенде аялдап, шөп бағасын сұрап, бастарын шайқап кетуде. Әрине, оларды ойландыратыны, шарықтаған шөп бағасы.
«Алыпсатарлардың жолын кесу керек»
Өзін Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Бекетай Шәмшатов деп таныстырған орта жастағы азамат биыл шөп бағасының тым қымбат екенін айтып, бізге шағымданды.
-Үйде бес-алты жан тұрамыз. Шүкір, мал, жанымыз бар. Балаларға, немерелерге айран, сүт болсын деген ниетпен үйімізде екі сиыр ұстаймыз. Оған жыл сайын қыстық азық ретінде 300-ден аса тайланған шөп сатып алатынбыз. Биыл оны да сатып алуға шамамыз келмейін деп отыр. Өйткені, шөп қымбат. Шөп ору науқаны басталған тұста 1200 теңгені аздап қымбатсынғанымыз рас. Айналдырған бір-екі аптаның ішінде тайланған бір дана жоңышқаның бағасы 1900 теңгеге көтеріліп кетіп отыр. Мұндай қымбат бағаға сатып алу әрине, біз сияқты зейнеткерлерге оңай емес. Орталықта тұрып мал ұстау былтырдан бері өте қиын болып кетті. Осынша қымбат бағаға сатып алуға шамасы келгендер саудаласпастан шөпті алып кетіп жатыр. Шөп бағасын тұрақтандыру үшін ең алдымен алыпсатарлардың жолын кесіп, оларға шөп саудасына тыйым салу керек деп есептеймін. Осындай қиын жағдайда жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қайда қарап отырғаны маған әлі күнге түсініксіз. Арнайы комиссия құрып, шаруа қожалық басшыларымен, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізсе болмас па еді? Күнделікті күнкөрісімізге жарап отырған малымыз бізді асыраудың орнына, біз мал азығына екі-үш-төрт есе көп шығынданамыз ба сонда? Бұлай жалғаса беретін болса, мал асырауды да қояйын деп отырмыз. Ауылдық жерде тұрған соң мал ұстамасаң тағы болмайды. Басқа күнкөрістің реті жоқ,- дейді ол.
Мал азығының қымбаттауына қарсы пікір білдірген кісінің бірі – Шақпақата ауылының тұрғыны Күлдархан Байжұманова. Ол да шөп бағасының негізсіз қымбаттауына наразы.
-Мысалы, мен өз басым асыраушысынан айырылған жанмын. Отбасында екі бала тәрбиелеудемін. Ауылда тұрған соң аз-маз мал ұстаймыз. Оған қыстық азық керек. Мал азығын өзіміз егейін десек, оған жеріміз жоқ. Оны егіп, қарауға күш керек, техника керек. Ондай шама қайда бізде.
Өз ауылым туралы айтар болсам, шөп науқаны кезінде ауылдың шөбі сыртқа сатылып жатқан жоқ. Әрбір шаруа шөпті өздеріне жинау үстінде. Сонда да жетпейді. Себебі, биыл шөптің шығымы жылдағыдан төмен. Округ әкімі де шөптің сыртқа кетпеуінің алдын алуда. Әрбір ауылдық округте, әсіресе, шөп саудасымен тұрақты айналысатын таулы аймақтағы ауылдық округтердегі шөптің сыртқа сатылуының алдын алу қажет. Әлі де уақыт бар. Қандай жағдай болсын, мал азығы біз сияқты егістік жері жоқ қарапайым отбасыларға қолжетімді болуы керек емес пе? Қымбатшылық осылай жалғаса беретін болса, қарапайым халық қалай күн көрмек,- дейді ашынған ана.
Ақбастау ауылының тұрғыны Сәуіртбай Ахметовтың де осында шөп сатып алуға келген беті екен. Алайда ол шөп бағасының қымбаттығын көріп, шошынғанын айтады.
-Бір дана тайланған шөптің бағасы 2000 теңгеге жетіп қалды. Бұл не деген сұмдық. 1800-1900 деген баға өте қымбат. Осылай жалғаса беретін болса, шөп бағасы алтынмен тең болайын деп тұр. Бағаның дәл осылай қымбаттауы аудандағы көп көлемде егістік жері бар жекелеген азаматтарға тиімді. Шөп өндірушілер тіпті, қазір асқақтап сөйлейтінді шығарды. Бұған ел болып, жұрт болып, жергілікті атқарушы билік өкілдері болып тыйым салу керек емеспіз бе? Халық арасында осындай дүрбелең болып жатқанда үйімізде үндемей қалай тыныш отыра аламыз? Ауыл ағалары бар, сөзін тыңдата алатын беделді азаматтар да ауданымызда баршылық. Олар да шөп бағасының қымбаттығына араласу керек деп есептеймін,- дейді ол.
Бағаның қымбаттығына шөп сатып тұрғандардың да айтар уәжі бар болып шықты. Олардың айтатыны: «Бағаның қымбаттауына біздің кінәміз жоқ. Біз негізінен шаруа қожалықтардың шөбін сатамыз. Өз шөбіміз емес. Олар бізге тек қана жолақы төлейді»,- дейді.
Олардікі ақталу ғана. Сонда шөпті қымбаттатып отырғандар кімдер? Бұлар негізінен алыпсатарлар. Жеке жүк көліктері бар азаматтар шөпті алқаптың басынан 1200-1400 теңгенің аралығында сатып алып, аудан орталығына әкеліп, үстіне 400-500 теңге қойып саудалауда. Сонда пайданың көп бөлігі алыпсатарларға түседі деген сөз. Олар шөп екпейді. Тек осындай науқан уақтысында дайын шөпті алып, қайтадан қымбат бағаға сатып, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Мейлі, олар да тірлік істесін. Алайда, ауданның ішінде осындай қымбатшылық орнатып, онсыз да әзер күн көріп отырған қалтасы жұқа халықты да ойласа игі…
Сонымен бірге, бағаның бұлай көтерілуіне Жуалының шүйгін шөбін сырт аудандардан да келіп әкетіп жатқан алыпсатарлар да кері әсер етіп отыр. Шөп басталғалы бері таулы аймақтағы ауылдық округтерді Талас ауданынан және Тараз қаласынан келген алыпсатарлар торуылдап жүр дегенді жергілікті тұрғындар жиі айтуда. Тіпті, шөбі орылмаған алқаптарға алдын ала ақша беріп жатқандар бар. Сонда жергілікті халықты кім ойлайды? Тұрғындардың дені ауданның шөбін аудан территориясынан шығармау, сондай-ақ, сыртқа саудаламау жөніндегі пікірлерін жеткізіп, шығаберіс пен кіреберіске пост қойылып, жағдайдың реттелгенін күтуде. Басқа амалдары да жоқ.

Дизель отынынан да тапшылық байқалып отыр
немесе жау жағадан алғанда, бөрінің етектен тартатыны несі?

Жалпы шөп бағасы және науқан кезінде тапшы болатын «жанармайдың жыры» жөнінде де біз бұған дейін аудандық газет бетінде үш мәрте сыни мақала жариялаған болатынбыз. Онда аудандағы жанар-жағармай стансаларының иелері мен тұрғындардың пікірлеріне де құлақ қойғанбыз. Олар негізінен жанармай мен автогаздың, дизель отынының тапшылығы қолдан жасалып отырғанын айтады. Мұнай өңдеу зауыттарының тура науқан кезінде жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап қалатыны біз үшін де түсініксіз. Шөп науқанын жүргізу үшін шаруаларға дизель отынының ауадай қажет екенін ескерсек, бағаның көтерілуі де жанар-жағармай тапшылығымен байланысты болып шығады.
Күнұзаққа шөпті күткен тұрғындар сияқты дәл қазір науқан уақтысында жеке кәсіпкер Ербол Манашевтың аудан орталығындағы жанармай құятын стансасының маңында да көліктердің ұзын-сонар кезегі байқалуда. Бірі жеңіл көлігіне бензин құюға кезекке тұрса, енді бірі науқанға қажетті дизель отынын сағаттап күтуге мәжбүр. Енді қайтсін? Аудан шаруаларын кепілдендірілген дизель отынымен қамтамасыз етуге тиіс «Ақ қайың» ЖШС-ында қазір дизель отыны жоқ.
Серіктестік басшысы Данияр Байбатыровпен хабарласқанымызда: «Дизель отыны мәселесі әлі шешілген жоқ. Маусым айының басында берген тапсырысымыз әлі келмей жатыр. Қазір серіктестікке қарасты екі жанармай құю бекеті де жабық тұр. Осы аптада Тараз қаласындағы алыпсатарлардан 10 тоннадай жанармай тапқан болатынбыз. Оның да бағасы жоғары болып тұр. Жанар-жағармай тапшылығының қашан шешілетінін өзіміз де білмейміз»,- дейді жеке кәсіпкер.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары шаруаларға күзгі дала жұмыстарына қажетті 1690 тонна көлемінде кепілдендірілген дизель отынына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өткен аптада тапсырыс бергендерін айтады.
Бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Сәбит Нұрлыбаев шөптің шығымына байланысты өз пікірін білдірген еді.
-Мамыр айында жаңбыр жаумай, құрғақшылық болуына байланысты жоңышқа сабақтары былтырғыдан төмендеу болды. Бұл жағдай бағаның өсуіне әсер ететіні анық. 2020 жылы көпжылдық шөптің әр гектарынан екінші, үшінші орымдарды қосқанда, әр гектардан 40-45 центнерге дейін өнім алынса, биыл гектарынан 30-35 центнер ғана өнім алынады деп күтілуде. Негізінен 32 900 гектар көпжылдық шөп екпелері аудан шаруашылықтары мен тұрғындарына жеткілікті болады. Осыған байланысты шөпті сыртқа сатпай, ең алдымен өз қажеттілігіміз бен жекелеген жергілікті тұрғындарды мал азығымен қамтамасыз етуіміз қажет,- дейді Сәбит Әмірханұлы. Сонымен қатар, ол аудан шаруаларының көршілес Талас ауданының шаруаларын келісім бойынша ішінара шөппен қамтамасыз етіп жатқанын айтады.
«Мал ашуы – жан ашуы» дейтін болсақ, мал асырап отырғандардың шөп бағасының қымбаттығына байланысты айтқан уәждері орынды. Қалай десек те, қымбатшылық қос бүйірден қысқан тұста адамгершіліктен аттап, аз пайдаға алданып, халықтың наразылығына ұшырау – азаматтығымызға үлкен сын болмақ. Осы жағын да ойлайық, қадірлі ағайын!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close