El іshі
Арманын іске асырған
Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?!
«Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдердің қоғамдық істердегі белсенділігіне берген бағасы. Расында бүгінде нәзік жандылар кәсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүр.
Қарасаздық Жазира Бегайдарова отбасылық өмірмен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүрген нәзік жандылардың бірі. Өмірде әртүрлі жағдай кездеседі. Бірінде өз қалаған мамандығының иесі болу бұйырса, біреуде ондай мүмкіндік бола бермейді. Өмірдің қиындығы мен бұралаң соқпағына әр адам әрқалай төтеп береді. Дүниеде қанша адам болса, сонша тағдыр болатыны содан болса керек.
Жазира туған жері Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті 2005 жылы бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге ҰБТ-дан алған баллы жетпей қалады. Осы тұста Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай оқыту бөліміне педагогика және психология мамандығына оқуға түседі.
Оқуға түскен соң ата-анасына қолғабыс жасап, оқудың төлемақысына көмегім тисін деген ниетпен шаштараз мамандығын қосымша игеріп шығады. Алайда, институт бітіргеннен кейін Жазираның ықыласы шаштараз кәсібіне бұрылып, сонда жұмыс істеуге бел буады. Содан бері оның осы мамандықта еңбек етіп жүргеніне 15 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар аралығында ол Тараз, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы сұлулық салондарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Тек өткен жылы аудан орталығынан «Асылым» атты салон ашады. Алғашында Рысбек батыр көшесінің бойынан ғимаратты жалға алып, ісін бастаған. Кейіннен «Nurai Plaza» бизнес орталығына көшіп, жұмысын осында жалғастырады. Қазіргі таңда сұлулық салонында алты адам тұрғындарға қызмет көрсетуде.
– Өз ісімді жақсы көремін. Алғашында қалауым басқа мамандық болғанымен, қазір осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Шүкір, сол уақыттан бері нәсібімізді осы кәсіптен көріп отырмыз. Бүгінде «Асылым» сұлулық салонында үш тырнақ әрлеуші, екі кірпік жасаушы және өзім шаш қырқу, сәндеу және бет әрлеу жұмыстарын атқарамын. Ғимаратты жалға алып отырмыз. Орталықта болған соң шүкір, келушілер қатары көбейді.
Ауданда жұмыс істегеніме көп болған жоқ. Дегенмен де халықтың күнкөріс деңгейіне қарай бағаны ұстап тұруға тырысамын. Өзге сұлулық салондарынан озбай, болмаса арта қалып кетпей, бірге жүру керек. Ең бастысы, сапаға мән береміз. Келушілерге таза әрі ұқыпты қызмет көрсету қажет. Әрі десе сыпайлылық пен кішіпейілділікті де ұмытпауымыз қажет.
Адамда арман деген таусылмайды ғой. Армандарым көп. Соның ішінде осы кәсіпкерлігімнің алға дөңгеленіп кетуін, жақсы нәтижеге жетуімізді көп ойлаймын. Бұл жерден тек мен ғана емес, өзге қыз-келіншектер күнделікті табыстарын табуда. Олар да жақсы қызмет көрсетіп, өз тұрақты келушілерін тапса деген тілегім бар. Барлығымыз бір жерде еңбек еткен соң, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп отырамыз.
Әйел деген жан-жақты ғой. Ол отбасы қамын жасап, сүйікті ісімен айналысып, бала тәрбиесімен айналысады. Негізгі міндеті отбасындағы жайлылық пен ынтымақты, берекені ұстап тұру. Дегенмен қазіргі уақыттың талабына қарай әйелдер барлығына үлгеруге тырысады. Өздерін дамытып, сырт-келбетіне мән береді. Рас, ондай мүмкіндікке ие бола алмайтын қыз-келіншектер де бар. Бірақ, сонда да әрқашан үйдің тірлігінен бір мезгіл өздеріне уақыт тауып, көңіл бөлсе, әрдайым әдемілігін сақтаса деген тілегімді барша нәзік жанды аруларға айтар едім.
Осы кәсіптің арқасында көптеген жақсы адамдармен таныстым. Ортам жақсы жандармен толықты. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Барлығына үлгеруге болатынын түсіндім. Өзім Қарасаз ауылынан қатынап жұмыс істеймін. Балаларымыз кішкентай. Үйде қарт әжеміз бар. Шүкір, тұрмысымыз ел қатарлы. Сондықтан жылдан-жылға өсіп өркендеу үшін талпынып, жаңа өрлеумен жұмыс жасағым келеді, – дейді Жазира Бақытжанқызы.
Бүгінде ол бір отбасының ұйытқысы, жолдасы Берік Құралбаев екеуі Аңсар, Асылым, Айым есімді ұл-қыздарды өсіріп отыр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»