Basty bet

Ауылына қарап, азаматын таны

немесе тазалығымыз талапқа сай ма?

«Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес».
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Жуалының табиғатына тамсанып, биік те әсем тауларына таңдай қағатындар жетерлік. Жасыл желегі мен саф ауасын айтсаңшы, шіркін! Десе де, соңғы кездері тазалыққа қаншалықты мән берудеміз? Туған жеріміздің табиғатын аялап, қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып жүрміз бе, деген заңды сұрақ туындайды. Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Ауыл тазалығы әрбір отбасынан басталады дейміз, бірақ бізде әлі күнге тазалық, экологиялық мәдениет орнықпай келеді. Шынын айту керек, егілген көшеттерді жұлып, қоқысты кез келген жерге тастайтын адамдар арамызда жетерлік. Бұл адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ауылдың тазалығы басқаға емес, бірінші кезекте өзімізге керек екенін ұмытпағанымыз жөн.
Бүгінде аудан орталығының кейбір көшелерінің бойынан ылғи қоқыс қалдықтарының шашылып жататынын өкінішке орай көріп жүрміз. Мүлде қоқыстан көз ашпайды деуден аулақпыз, әрине. Мұнтаздай тап-таза көшелер де бар. Алайда, әттеген-ай дейтін тұстары да жетерлік.
Осы орайда редакцияның түсірілім тобымен Б.Момышұлы ауылындағы біраз көшені аралап шықтық. Алдымен айналасы қоқыс қалдықтарынан көз ашпайтын орталық базар маңынан жүріп өттік. Айтқандай, базардың шығыс беткейіндегі С.Күшәнов көшесіне кіреберісте шашылып жатқан қоқыс көзімізге оғаш көрінді. Айналасындағы жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Одан әріректе Ы.Алтынсарин, Абай тұйығы көшесінің бойындағы қапшық-қапшық болып үйілген қоқысты көріп, төбемізден жай түскендей күйге ендік. Ол-ол ма, аудандық орталық аурухананың батыс беткейіндегі С.Бейбарыс көшесіндегі қоқыс қалдығы, Тәуелсіздік көшесінің қиылысындағы сай-салада босаған бөтелке, темекінің, пістенің қабықтары толып жатыр. Тұрғындар сайды құдды бір қоқыс тастайтын жәшіктей көреді-ау, шамасы. Қоқыстың кесірінен табиғаттың қайнар көзіне айналған сайдағы су да емін-еркін ағып жатқан жоқ. Мөп-мөлдір таза су лай суға айналған.
Осыдан кейін қоғамдық орындарда шылым шегіп, пісте шаққан адамдарға айыппұл салынғандай, кез келген жерге қоқыс тастайтын адамдарға да неге айыппұл салмасқа деген ой келеді. Қазіргі таңда әр үйдің маңынан шыққан қоқыс көше бойына дейін артылып жығылады. Аулалардың бәрі таза, мін жоқ деп те айта алмаймыз. Осындайда, аула есіктерін тарс жауып, тек қана үй тазалығын ойластыратындардың әрекетіне таң қаласың. Адамдардың немқұрайлығына лажсыз ренжисің.
Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатсақ та, кейбір елге жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, лезде тазалаған жерлер ластанатыны өкінішті. Ал, енді «бұған кім кінәлі?» деген сауалға жауап іздесек, өзіміздің айналамызда жүрген адамдар, жасөспірімдер, әсіресе ересектер болып шығады. Үлкендер жағы өсіп келе жатқан балаға ақыл айтамыз да, өздеріміз керісінше жасаймыз. Аула түгіл, кейбіреулер тұтынған тағам қалдықтарын «пакетке» салып кез келген жерге тастай сала жүре беруді әдетке айналдырған. Айналасын бүлдіріп жүргендер жасаған әрекеттерін ұят санамайды. Жай айтқанды түсінгісі келмейтін жерлестерімізді тәртіпке шақырып, айналаны ластағандарға, тазалық сақтамағандарға айыппұл салып, берекетсіздікті азайтуымыз қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда әрбір тұрғынға жайлы да таза орта өте қажет. Ел игілігі үшін атқарылған ізгі істерге біздің халқымыздың қайтарымы ретінде ауылымыздың ажарын, ауылдың келбетін тазалықпен көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза болуына дүйім жұрт болып атсалысайық, ағайын!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close