El іshі

Жеңіл тамақтану желісін ашты

Мемлекет тарапынан берілген көмекті дұрыс әрі тиімді пайдаланған жанның ғана ісі алға басып, мақсатына жетері баршамызға белгілі. Берілген қаржыны белгілі мақсатта жұмсап, кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтыса, онда көзделген мақсат орындалды дегені.
Бұл уақытта кімге болсын кәсіп ашу оңайға соқпайды. Өйткені, індеттің таралуына байланысты кәсіпкерлер өз істерін уақытша тоқтата тұруға тура келді. Дегенмен кәсіпкер мұндай қиындыққа мойымай, еңбектеніп, ізденіп, бүгінгі күнгі жақсы жағдайына жетеді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Жандос Пердебековке молынан тиген. Жандос жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін бастаған шақта әлемде коронавирусқа байланысты пандемия басталып, ел ішінде дүрбелең басталады. Жандос Бақытбайұлы Жібек жолы көшесінің бойынан «Jj fast food» деген атаумен жеңіл тамақтану желісін ашады. Дәл осы жерден алғашында асхана ашуды көздеген ол аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына анықтама алу үшін келгенде ойы өзгереді. Ойды ой қозғап, аудан орталығынан алыста орналасқан мекеме жанынан тамақтану орны қажет екенін аңғарады. Осылайша, Жандос тәуекелге бел байлап, қолындағы өз қаржысына ісін бастайды.
Көшенің бойынан бос тұрған жерді мемлекет тарапынан жалға алып, жеңіл үлгідегі нысан қойылады. Жеңіл тамақтанудың түрлерін әзірлеуге арнайы құрылғыларды Шымкент қаласынан сатып алады. Әр тағамның өзіне арналған құрылғысы бар. Тамақтану орнын өз-өзіне қызмет көрсету орталығы етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды. Жандостың қолынан шыққан тіл үйірер жеңіл тамақтарды бүгінгі күні аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бұл жерден аудан тұрғындары бургер, хот-дог, доннер, пицца секілді тағамдардың түр-түріне тапсырыс береді. Тапсырыс онлайн жүйеде де қабылданып, жеткізіп беру қызметін қолданылады.
– Негізінен мамандығым темір жол саласымен байланысты. Аудандағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген соң, арман қуып Алматыға жол тарттым.
Оңтүстік астанада М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында білім алдым. Еңбек жолым осы қалада «Қазпочта» АО-да басталып, вагон бастығы қызметін атқардым. Одан кейін Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, екінші мамамдығымды игердім. Кейіннен өзімді сауда сынап көріп, осы салаға қарай бет бұрдым.
Бала кезден ата-анамның жанында жүріп, қолғабыс еттім. Олар базарда киім-кешек сатумен айналысатын. Содан болар, менің кәсіпкерлікке қарай бейімделгенім. Өткен жылы кімге болса да оңай болмады. Індет таралып, жұмыстар тоқтап, көп адамдар жұмыссыз қалып жатты. Мұндай қиын кезеңде бір істі бастау ол үлкен тәуекелге бару деген сөз.
Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына бір ғана анықтама алу үшін келгенде көпшіліктің арасынан жақын жерде тамақтану орны жоқтығы туралы естідім. Содан ойыма бірден ештеңеге қарамастан ауданымыз үшін қажет дүниені ашқым келді. Ойымыз жүзеге асты да.
Төтенше жағдай кезінде жан-жақтан аспаздар ауылға жұмыстары тоқтап келе бастады. Бұл мүмкіндікті жақсы жағынан пайдаланып, жеңіл тағамдардың қалай дұрыс дайындалуын аспаздардан сұрастырып, үйрендім. Кеңестерін алып, үнемі байланыста болдым. Әрине, алғашында асханада жүріп, тағам әзірлеу қиын болды.
Өзімдегі қаржымен жұмыс бастаған соң, тағы да нысанды кеңейту үшін қаржы керек болды. Оның алдында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тіркеліп, «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен бір айлық курстан өтіп, сертификат алған болатынмын. Оқығаным пайдама жарап, қайтарымсыз грантқа қатысуға мүмкіндік туды. Құжатымды әзірлеп, бизнес жоспарымды көрсетіп, грант алуға ниеттенушілердің бірі болдым. Жобам мақұлданып, төрт айдан соң дәл керек кезінде қаржы берілді. Қаржыны мақсатты жұмсағандықтан аяғымнан тұруыма септігі тиді, – дейді Жандос Бақытбайұлы.
Жеке кәсіпкердің ісі алға басып, бүгінгі күні екі адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Жұмысшыларға орташа айлық жалақы да төленуде. Жандос алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, тағамға керекті өнімдерді өздері өндіруді жоспарлауда. Ол жуалылықтарға сапалы қызмет көрсетіп, дәмді тағамдарын ұсынуды көздейді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close