Basty bet

Індеттен құтылудың бір-ақ жолы бар…

Дүниежүзі бойынша халықты дүрбелеңге салған, тыныш өмірлерін бұзған пандемияға да бір жылдан асты. Көп халық осы пандемияның зардабын тартып, індеттің салдарынан жақсы-жайсаңдардан айырылып қалған жайымыз бар. Сонымен бірге, індет әлем елдердің экономикасы да әсер етуде.
Бұл індет ешкімді аяп жатқан жоқ. Жассыңба, кәрісіңбе оған да қарамайды. Қазіргі таңда өз еліміздегі облыстар мен қалалардың көбі жасылдан сарыға, қызыл аймаққа өтіп жатыр. Көп облыстарда карантиндік шаралар күшейтілді. Бұл індетке қосымша үнді штаммы да қосылды.

Қазіргі таңда еліміздегі эпидахуалға көз жүгіртер болсақ, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. «Сары аймақта» Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары бар.
Интернеттегі соңғы мәліметтер бойынша Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары індеттің күш алуына байланысты «сары аймаққа» ойысқан. Эпидкарта бойынша «Жасыл» аймақта ешқандай облыста, қалада жоқ. Мұнымен еліміздегі жағдайдың қалай ушығып, індеттің таралып жатқанын аңғаруға болады.
Бұл індеттен құтылудың бір ақ жолы бар, ол – вакцина салдыру.
Біздің ауданда, ауылдық жерлерде вакцина салдыру қарқынды жүріп жатыр. Аудандық аурухананың соңғы мәліметі бойынша 12 445 адам вакцинаның бірінші компонентін, 6 282 адам екінші компонентін алған. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының басым бөлігі ресейлік «Спутник -V» вакцинасын салдыруда.
Аудандық ауруханаға екпе салдыру үшін бір күнде 200-270 адам тіркеледі. Аудан жұртшылығы да індеттен құтылудың бір-ақ жолы ол вакцина салдыру екенін түсінді. Вакцина салдыру елімізде басталды деген уақытта қаншама халық арасында қауесет тарап, халықтың көбі салдыруға қорықты. Көбі сенбеушілік танытты. Бірақ қазір аудан халқы өз еріктерімен барып екпе салдыруда.
Өкінішке орай, ешқандай вакцина инфекциядан 100% қорғауға кепілдік бере алмайды, дегенмен ол қауіпті айтарлықтай төмендетеді. Барлық ережелерге сәйкес вакцинация вирусқа жауап беру үшін иммундық жүйені жаттықтыра алады. Ауру жұққан жағдайда да ауру жеңіл түрде өтеді және белгілері байқалмауы да мүмкін. Алайда, ауру белгісі жоқ пациенттер инфекцияның қоздырғышы болуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, вакцинацияланбаған адамдарды қорғау үшін, вакцинациядан кейін де әлеуметтік қашықтықты сақтап, медициналық бетперде кию керек.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысына сәйкес, міндетті вакциналаудың мерзіміне өзгеріс енгізілді. Яғни қоғамдық орындар мен қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтіндер екпенің бірінші компонентін 10 тамызға дейін салдыруы керек. Одан кейін тексеру жүргізіліп, ұжымда вакцина салдырмаған қызметкері бар кәсіпорындар жауапқа тартылуы мүмкін. Ал екпенің екінші компонентін алу 1 қыркүйекке дейін ұйымдастырылуы тиіс. Тағы бір өзгеріс, жұмыс беруші коронавирусқа қарсы екпе алмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуге құқылы. Бұл талап тек соңғы үш айда індетпен ауырып шыққандар мен медициналық қарсы көрсетілімі барларға қатысты емес. Сонымен қатар, енді елге ұшып келген қазақстандықтар сынама тапсыру үшін үш күнге оқшауланады. Шеттен вирус жұқтырып келгендер инфекциялық стационарға жатқызылады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close