El іshі

Аудан шаруалары алқапқа орақ салды

 

Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдағы ағайын үшін қауырт кезең әлдеқашан басталып кеткені белгілі. Ерте көктемде егістікке егін еккен шаруалар, дәл шіліңгір шілденің екінші жартысында толысып піскен егін алқаптарына орақ салды. Биыл ауа райының құрғақ болуына байланысты өнім жылдағыдай емес. Аудандағы жер еккен қай шаруамен сөйлесе қалсаңыз да, әсіресе, арпа дақылының бойы аласа, масақтарының да толық емес екенін айтады. Амал қанша. Жаратқанның бергеніне, ырыздығына шүкіршілік етейік. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, ел ішінде ынтымақ, бірлік болса, әлі-ақ бұл сынақтарды еңсереміз. Әлі-ақ көктен мол жауын жаудырып, жерден мол ырыздық өндірер… Жаратушыдан үміт үзбейік.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге ұсынған мәліметінше, ауданымызда ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құрайды.Оның ішінде, 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалысы 8 719 га, оның ішінде суармалы егістігі  8460 га.) Шабындық 2 046 гектар. Жайылым  114 559 гектар, ал көп жылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 2 128 гектарға тең.

-2021 жылдың өнімі үшін ауданда 38 374  гектар алқапқа (2020 жылы 37 424 га) алқапқа масақты дәнді дақылдар себілген болатын. Тарқатып айтар болсам, оның ішінде, күздік бидай алқабы 9700 гектар, жаздық арпа 28674 гектар. Бүгінгі күнге ауданымызда барлық ауылдық округте орағы басталып кетті. Соңғы жүргізілген есеп бойынша нақты орылғаны 17 806 гектар. Орташа өнімділікәр гектардан 11,9 центнерден айналуда, Жалпы түсім 21189 тонна. Науқандық жұмыстарға аудан бойынша 124 шаруа қожалығы, сонымен қатар, қолда бар 185 дана астық жинайтын комбайндардың 142-сі қатысуда.

Жанар-жағармай мәселесіне келер болсақ, 2021 жылдың күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтерін «Ақ қайың» ЖШС атқарады. Осы ретте күзгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 1690 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп отыр.Шілдеде – 520 тонна, тамызда – 585 тонна, қыркүйекте – 325 тонна және қазанда – 260 тонна. Шілде айына бөлінген 448 тоннаның әзірге алынғаны 425,8 тонна, 271,6 тоннасы таратылды, қалдық 154,0 тонна.Тарату бағасы туралы айтсам, дизель отынының әрбір литрі 168 теңгеден босатылуда,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәбит Нұрлыбаев.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close