Basty bet

Көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылуда

 

Ауыл ұлтымыздың бүлкілдеп соққан алпыс екі тамыры іспеттес. Ал осы елді мекендерді көркейту, сайып келгенде елдің дамуына серпін беретіні тағы рас. Мәселен, қазіргі таңда аудан айнасы саналатын Б.Момышұлы ауылын көркейтуге мән беріліп отыр. Оған қажетті қаражат та бөлінуде.

Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаевтың мәліметінше, елдімекенде абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары атқарылуда. Яғни, Жанқожа, Шоқан Уәлиханов және Ақжол көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп,  аудандық қаржы бөлімі арқылы ашық конкурсқа койылған. Нәтижесінде «Арсенал» жеке кәсіпкерлігі жеңіп алып, жұмыстар атқарылып, қазіргі таңда нысан тұрғындарға пайдалануға берілуде.

Сонымен бірге, Б.Момышұлы ауылдағы көпқабатты тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда төрт көпқабатты үйдің ауласына асфальт салынды. Ендігі кезекте аула маңына қоқыс тастайтын жәшік қойылатын болады. Аталған жұмыстарды «Жасыл Жуалы» КММ-сі жеңіп алып,  атқаруда.

8 Наурыз көшесі және Зиябек Толымбаев, Бауыржан Момышұлы көшелері аралығындағы жаяу жүргіншілер өтетін көпірді жөндеу және қайта жаңарту  жұмыстарына қаржы бөлініп, «Досқұлов Қаныбек» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалған. Келісімшарт негізінде жеке кәсіпкер жұмыстарды толық орындаған.

Ауыл бойынша негізгі көшелер бойындағы бағаналарды, үлкен және кіші бордюрлерді, қоқысқа арналған құрылғыларды, қоршаулар,  аркалар, көпірлерді әктеу-әрлеу, жөндеу, дәнекерлеу жұмыстары да атқарылуда. Бауыржан Момышұлы ауылы тұрғындарының жиналыстардағы көтерілген сұраныстарына сәйкес, Ұлан көшесіне Сұлтан Бейбарыс көшесінің сайына дейін арық лоток  орналастыру жұмыстарын  «Ақсай-Бәйтерек» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдастығы жеңіп алып, қазіргі таңда жұмыстар атқарылуда.

Бауыржан Момышұлы ауылына тал-дарақтар отырғызу іс-шара жоспары негізінде көктем мезгілінде 500 дана жеміс ағаштары, 50 дана қылқан жапырақты ағаштар және 720 раушан гүлі отырғызылған.

Бауыржан Момышұлы ауылында  абаттандыру жұмыстары бойынша Абылай хан және Е.Сауранбекұлы көшелеріндегі тұрғындарға бақша суын сайдан алуына байланысты бөгет (шлюз) жасауға, жаңа тұрғын массивте орналасқан 2-Пахомов бұрылысы тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, көктем-күз мезгіліндегі жаңбыр суы өтетін 200 метр арық орналастыру жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта В.Латикант №4, №6 үй тұрғындарының өтінішіне сәйкес үйлердің  алдын су басуына байланысты арыққа су түсіп кететіндей темір торлар мен лотоктар орнату жұмыстары атқарылатын болады.

Жамбыл көшесінде орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткішінің тақтайшасындағы жазуларды қайта жаңарту жұмыстары жасалған.

Б.Момышұлы ауылы бойынша   3070 тұрғын үйдің 2252 отбасы ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған  отбасының ауыз су жүйесіне қосылу  және су есептегіш кұралы туралы әрбір тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Әл-Фараби, Рысбек батыр, Е.Сауранбекұлы, Бейбітшілік, Көктем, Бәйдібек батыр, Қойгелді батыр, А.Тұрысбеков және Ш.Қалдаяқов көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жүргізу аудандық қаржы бөлімі арқылы ашық конкурсқа койылып, «Ауыл Береке 2016» жеке кәсіпкерлігі жеңіп алды. Бүгінгі күні аталған көшелерге көше жарығы жүргізіліп пайдалануға берілді.

Б.Момышұлы ауылының көшелерінде орналасқан түнгі жарықтардың жануын қамтамасыз ету жұмыстарын (күйген лампаларды ауыстыру, уақтылы жанып-өшуін және басқа ақауларды жөндеу) «N construction Service» ЖШС жауапкершілігіне алып, қазіргі таңда жұмыстар жалғасын табуда.

Еркінбек Сауранбекұлы көшесіне де көптен күткен қуаныш орын алып, жарық орнатылды. Тұрғындар мұндай игілікті іске дән риза.

-Мен осы көшенің байырғы тұрғынымын. Көпбалалы отбасымыз. Қаншама жылдан бері көшемізге жарық келуін күтіп келеміз. Көшеде жарық шамдары бар болғанымен әр жерде ғана орнатылған болатын. Ал, міне жақында көшемізде жарық орнатылып, пайдалануға берілді. Әрине, қуаныштымыз. Жарқырап жанып тұр. Көпшілік көшеде емін-еркін жүруде. Ауылға осылай көп көңіл бөлініп, тұрғындардың қажеттілігін жасағанына ризамыз. Өте дұрыс. Тәуелсіз ел болғандықтан еліміз дамып, өркендеуі тиіс. Оның бастауы осындай кішкентай ғана ауылдан, көшеден басталады, – дейді Гаухар Сабыралиева.

Ал, Латикант көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары көп жылдан бері көтерілген мәселенің шешімін тапқанына қуанышты. Көпқабатты үйдің ауласына асфальт төселіп, пайдалануға берілген. Айналасы теп-тегіс жолға айналып, тұрғындар алғысын білдіруде.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close