Basty bet

«Тәртіпке бас иген құл болмайды!»

ауданда той жасауға уақытша тыйым салынды

Өкінішке орай, тұрғындарға қанша ескертіліп, карантин шараларын қатаңдатқанымызбен, аты жаман індеттің өршіп бара жатқаны байқалады. Саулықтың сақтықта екенін бәрімізге тереңнен ұғынатын кез жетті. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мемлекет тарапынан қабылданған карантин талаптарын орындауымыз қажет. Сақтық шараларына құлақ аспаған кейбір тұрғындар ауруға шылдығуда. Сөйтіп, өзіне ғана емес, айналасындағылардың да өміріне қауіп-қатер төндіруде.

Осыған орай, жалпы елімізде сақтық шаралары күшейтіліп, өңірлердің басым бөлігінде карантиндік сақтық шаралары қатаңдатылуда. Ағымдағы жылдың 30 шілдесінде Жамбыл облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы №9 облыстың бас санитарлық дәрігері Б.Шыналиевтың қаулысы қабылданған болатын.
Онда: «Тараз қаласының және аудандардың әкімдері, мемлекеттік органдар, ұйымдар мен кәсіпорындар, құқық қорғау және арнайы органдар, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен «Атамекен» ӨКП басшылары (келісім бойынша) заңды және жеке тұлғаларға, меншік нысанына қарамастан, кәсіпкерлік субъектілеріне:
Қазақстан Республикасы және Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулыларының талаптарын орындау, ойын-сауық спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ, отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде, үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады» деп атап көрсетілген.
Коронавирус індетінің өршуіне байланысты тамыз айының үшінші жұлдызынан бастап Жамбыл облысында карантин шектеу шаралары қатаңдатылып, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы күшіне енді. Десе де шектеу шараларын елемей, сақтық шараларына немқұрайды қарап, той тойлап жүргендердің қатары азаяр емес. Облыстық және аудандық мониторнигтік топтар соңғы аптада мейрамханалар жұмысын зерделеу барысында бірнеше тойдың үстінен түсіп, оны дер кезінде тоқтатып, бұл жөнінен арнайы шаралар да қолдануда. Көршілес Түркістан облысында шектеу шараларының күшеюіне байланысты Жуалыға жақын орналасқан аудандардан осында келіп жасырын түрде той жасап жатқандар туралы да айтылып жүргені жасырын емес. Той жасау деректері азаймаса, індетке байланысты жағдайдың да оңалмасы анық. Бұл мақсатта аудан әкімінің жанынан құрылған мониторинг топтары тойға жасауға тосқауыл қоюға шындап кірісті.
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асхат Жабағының төрағалығымен сақтық шараларын күшейту және мониторингтік топтардың жұмыс алгоритмін бекітуге арналған жиын өтті. Қашықтан өткізілген жиынға аудан прокурорының міндетін атқарушы Қуанышбек Қартаңбайұлы және полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаев, сонымен қатар, ауылдық округ әкімдері, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің м.у.а. А.Жабағы ашып, ең алдымен мониторинг топтардың жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы баяндады.
-Құрметті жиналысқа қатысушылар!
Жуалы ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 01 ақпандағы «Мониторингiлеу тобын құру туралы» №21 қаулысына сейкес 3 мониторингтік топ құрылған. Мониторинг топтармен ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында 210 рейд жүргізіліп,онда 712 нысан қамтылды.
2021 жылы жалпы 18 құқықбұзушылық бойынша1 150 815 теңге, айыппұл салынып отыр. Өндірілмеген бір айыппұл (сомасы 87 510 теңге) өндіруге сот орындаушыға құжаттар жіберілді.Ал 2020 жылы 20 құқықбұзушылық бойынша, 2 246 715 теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.Оның ішінде, Үйлестіру орталығы арқылы 1 айыппұл салынды. (Сомасы 43755 теңге.
Бүгінгі күнге аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бес материал қаралу үстінде. Олар «Шапағат» тойханасында болған отбасылық құдалық, сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арқылы үш материал медициналық бетпердесіз жүрген жеке тұлғаға қатысты. Бір материал толық болмауына байланысты полиция бөліміне кері қайтарылды.
Топтар бойынша жеке тоқталсам, аудан әкімінің жанында үш бірдей мониторинг тобы жұмыс істейді. Бірінші мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен 01.01.2021ж – 02.08.2021жыл аралығында 91 рет рейд жүргізіліп, 296 нысан қамтылды. Оның ішінде, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде орналасқан мектеп, дүкендер және аудан халқына қызмет ететін мекемелер бар. Ағымдағы жылы жалпы тоғыз құқықбұзушылық анықталып, 437 550 теңгеге тоғыз айыппұл салынды.
Екінші мониторинг тобы 11.06.2021ж – 02.08.2021 жыл аралығында 31 рейд жүргізіп, онда 121 нысан қамтылды. Топ мүшелерімен үш құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде, бір құқықбұзушылық (Шапағат тойханасында той жасаған) жеке тұлғаларға 43 755 теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда екі құқықбұзушылық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында қаралуда.
Үшінші мониторинг топпен 01.01.2021ж – 03.08.2021 жыл аралығында 70 рейд жүргізіліп, рейд барысында 270 нысан қамтылды. 11 құқықбұзушылық анықталып, алты құқықбұзушылық медициналық бетпердесіз жүрген жеке тұлғаларға қатысты. Қазіргі таңда үш құжат аудандық полиция бөлімі арқылы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданып, қаралуда.
Сонымен қатар, шілде айының 31-ші жұлдызында аудан орталығында орналасқан тойхана иелеріне және базар, сауда үйлеріне, сән салондарына және т.б. кәсіпкерлерге облыстың бас санитар дәрігері Б.Шыналиевтың «Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» №9 қаулысының талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді,- деді Асхат Базарбайұлы.
Ал кеше аудан әкімінің м.у.а. А.Жабағы орталықтағы тойхана иелерін әкімдікке шақырып, «Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» №9 қаулының талаптарын түсіндіре келе, аудан тұрғындарынан және көршілес аудандардан да той жасауға тапсырыстар қабылдамау керектігін айтып, тойхана иелерінен той жасамау жөнінде жазбаша келісім алды. Сонымен қатар, халықты жинап той, басқа да қуаныштарды өткізудің салдарлары індеттің өршуіне бірден-бір себеп болатыны да баса айтылды.
Әрине, індет өткінші нәрсе. Ал адамның денсаулығы бәрінен маңызды. Тәртіп пен талап баршамызға ортақ. Сондықтан елде, жалпы әлемде болып жатқан жағдайларға барынша түсіністікпен қарап, сақтық шараларын барынша сақтап жүргеніміз абзал болмақ, ағайын!

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close