Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен.
Қазіргі уақытта жастардың басым көпшілігі – заңгер, мұғалім, дәрігер, есепші сынды мамандықтарды таңдайтыны белгілі. Ал, ауыл шаруашылығындағы механизатор, мал дәрігері, агроном секілді мамандықты таңдаушылар жоқтың қасы десек те болады. Тіпті ауыл десе ат тонын ала қашатын жастар да бар.
Алайда бүгінгі біздің әңгімелейтін кейіпкеріміз ауыл шаруашылығына бет бұрып, өз ісінің маманы атанып жүрген жас Кәрімжан Мамыр есімді азамат. Ол Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты әрі жеке кәсіпкер Керімқұл Бегалиев басқарып отырған аудандағы ең ірі шаруа қожалықтардың бірі «Зылиха» шаруа қожалығында сушы болып жұмыс жасайды. Шаруа қожалықтың негізгі кәсібі – картоп өсіру.
Кәрімжан Мамыр 1998 жылы Түктібай ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепте оқыған. Оқуды аяқтаған соң Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжінде есеп және аудит мамандығы бойынша білім алады. Сондай-ақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде агроном мамандығын тамамдаған.
Бүгінде Кәрімжан Керімқұлұлының «Зылиха» шаруа қожалығында сушы болып жұмыс жасап жүргеніне бес жылдай уақыт болған. Осы ретте егін алқабындағы желге, күннің алапат ыстығына да қарамай, өз ісін жауапкершілікпен атқарып жүрген Кәрімжан қызық та күрделі жұмысы туралы әңгімелеп берді.
– Сушы болу – өте қиын әрі маңызы бар жұмыстардың бірі. Жастайымнан «Зылиха» шаруа қожалығында сушы болған Үсіпбек Бегалиев есімді атамның жанында жүріп, картоп алқабын суғарудың қыр-сырын меңгердім. Содан кейін менде ауылға, егін шаруашылығына деген қызығушылық пен сүйіспеншілік сезімі пайда болды. Сондықтан да қалауымды жүзеге асырайын деген оймен агроном оқуын оқыған жайым бар. Сырт көз егін алқабын суғаруды оңай шаруа деуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде оңай емес. Көктем мен күз айлары аралығында егін алқабынан шықпай, тынбай еңбек етіп, картоп өніміне күтім жасап, аптасына бір рет суғаратын болсақ, мол өнім алуға болады. Сол себепті таңның атысы, кештің батысы қолымызға күрегімізді алып, егін алқабында жүреміз. Бөлінген жүйектерге шым қойып, егіндікке су жіберіп отырамыз.
Жұмыс барысында көптеген қызықты оқиғаларға тап боламыз. Басқа егін шаруашылығындағылармен суға таласатын кездер де болады. Бірде, Көксай каналынан су жығатын кезде суға түсіп кетіп тоңғаным да бар. Сондай-ақ, картоп алқабын ұрлықтан да қорғаймыз. Қазіргі таңда 10 гектарға дейінгі картоп алқабын жалғыз өзім суғара аламын десем де болады.
«Көп еңбек еткенге, бақыт басын иеді» демекші, алдағы уақытта «Зылиха» шаруа қожалығын тек облысқа ғана емес, республика көлемінде танымал етуді мақсат қойып отырмыз. Сонымен қатар, Алла бұйыртса картоп өнімін өндіретін зауыттың құрылысын бастасақ деген де жоспарымыз бар.
Ауыл жастары ауылды көркейтуі қажет. Ауылдан алыстамауымыз керек. Ауыл – береке, ауыл – ел бесігі. Ықылас пен ниет болса, ауылды көркейтемін, өсіп-өнемін деген жанға мүмкіндік көп,- дейді Кәрімжан Керімқұлұлы.
«Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің» демекші, еңбекқор, талапты жас Кәрімжанның еңбегінің жемісін көріп, алға қойған мақсаттарына жетуіне, мол табысқа кенелуіне тілек білдіреміз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»