Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Оған кеңес мүшелері, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты жауапты мекеме мен ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Отырысты қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне қойылған үш мәселеге байланысты баяндамашы мен сөйлеушілердің регламенті бекітілді. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім беру бөлімдерінің және Күреңбел ауылдық округі әкімінің аппаратының үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған жұмыстары тыңдалып, талқыланды. Баяндамашылардан кейін қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиялары мүшелерінің қараған мәселелері бойынша зерделеу жұмыстарының ұсынымдары да тыңдалды.
Бірінші болып аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиевтің биылғы жылдың алты айында атқарған жұмысы туралы есептік баяндамасы тыңдалды.
-Бүгінгі таңда аудан көлемінде 4436 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның 4097-сі жұмыс істейді. Олар: 3 орта, 157 шағын кәсіпорындар, 1979 жеке кәсіпкерлер және 2297-сі шаруа қожалықтары. Осы аталған шаруашылық субъектілерінде жалпы 9022 жұмыс істеуші тіркелсе, соның ішінде 109 адам орта, 679-ы шағын кәсіпорындарда, 2050 адам жеке кәсіпкерлікте және 6184 адам шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың бес айында өнеркәсіп өндірісі бойынша 3 млрд 510 млн 100 мың теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетілді, сауда айналымы жасалынды,- дей келе, баяндамашы өндірілген өнім 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 103,4% құрап отыр деді. Одан кейін ол шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бағытына тоқталды.Ол жұмыстар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, «Бизнес-кеңесші» және «Бизнес-Бастау» жобалары аясында жүргізілген. Аудан тұрғындары арнайы оқу курстарында білім алып, өз істерін бастауға мүмкіндік алған.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің алты айда атқарған жұмысын аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, тұрақты комиссияның мүшелері Әбуғали Ералиев, Керімқұл Бегалиев, Рақымжан Оспанов және Беспай Қансейітұлы сараптама жасап, зерделеген. Сол жұмыстың нәтижесі бойынша Ә.Ералиев отырыста баяндады. Сондай-ақ, ол бөлімнің атқарған жұмысына тоқтала келе, үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бір-ақ жоба іске асқандығы туралы мәлімдеді. Ол – Шақпақ ауылдық округінде қуаттылығы жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын шағын зауыт құрылысы. Осындай үлкен аймақ үшін бұл аз екенін айтты.
Сондай-ақ, мемлекеттік және үкіметтік аумақтарды дамыту бағдарламасының «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша өткен жылы 180 адамға оқу курстары өткізіліп, барлығына сертификаттар берілген, алайда олардың 64-і ғана 218,1 млн теңге несие алып, өз жұмыстарын бастаған, ал қалған 151 адам стипендиясын алып, оқығанына қарамастан, ешқандай жұмыс істемейді. Сол сияқты үстіміздегі жылдың төрт айдың қорытындысымен 147 адам курстарда оқып, сертификаттар алған, оның 30-ы ғана несие алып, өз істеріп бастаған, ал қалған 117-сі жұмыссыз.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша аталған бөлімге өткен жылы 14, ал биылғы жылы сегіз жеке және заңды тұлғалардан өтініштер түсіп, тіркелген. Алайда ешқайсысына нақты көмек көрсетілмеген,- деді өз сөзінде Әбуғали Ералиев.
Екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсім Сыпатаева есептік баяндама жасады. Баяндамашы бөлімге қарасты жалпы 72 білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру және мектептен тыс білім беру ұйымдары қызмет көрсететінін, оның ішінде 40 орта білім беретін мектеп, 26 мемлекеттік балабақша, бір шағын орталық, төрт мектептен тыс мекеме (үш балалар өнер мектептері және аула клубы) және бір педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті мен 5 жеке меншік балабақшалары бар. Өткен жылы Күреңбел ауылындағы балалар өнер мектебі мен аудан орталығындағы «Мәңгілік ел» тәрбие-білім беру орталығы оңтайландырылып, жабылды. 2018-2019 оқу жылында 40 мектепте 11130 бала білім алды, деді баяндамашы.
Одан кейін ол кадр жұмысына, ақпараттандыру мәселелеріне, оқушылардың оқулықтармен қамтамасыз етілгені жайлы, білім шаңырақтарының материалдық-техникалық жабдықталуы туралы, оқушыларды тасымалдау және ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарының деңгейі, жазғы сауықтыру лагерімен қамтылуы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жағдайы, ҰБТ-ның қорытындысы, жаңартылған білім беру мазмұны, цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Қоғамдық кеңестің мүшелерін цифрландыру бойынша мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету мәселесі толғандырды. Өйткені соңғы жылдары аудан бюджетінен бөлінген қомақты қаржыға сапасыз компьютерлер алынып жатқаны мәлім болды. Оны көптеген мектептердің басшылары мен информатика пәнінің мұғалімдері де жасырмады. Қоғамдық кеңеске түскен өтініштер бойынша телефон арқылы хабарласқан 13 мектептен осындай мәлімет алынды. Алайда биылғы жылы аудан бюджетінен бөлінген 25 млн теңгеге алынған 200 дана компьютер де сапасыз болып шықты. Осы мәселе бойынша кеңестің отырысына қатысып отырған аудан әкімдігінің білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу секторының үнемдеушісі Рахат Сейітбеков сұрақтарға жауап берді. Зерделеу жұмыстары нәтижесінде, Қытайдан заңсыз жолмен алынып келінген сапасыз компьютерлер екені және мемлекеттік сатып алу барысында көптеген кемшіліктерге жол берілген туралы да сөз болды.
Зерделеу жұмыстарын жүргізген тұрақты комиссия атынан сөйлеген оның төрағасы Кәрібай Құрмашев мектептердегі асханалардың жұмысын толық меңгеріп алып, ұйымдастырып отырған мердігерлердің асханалардың жұмысына немқұрайдылықпен қарауы, оларды ыдыспен, азық-түлікпен қамту барысында келтірілген кемшіліктеріне де тоқталып өтті.
-Аудан бюджетінің 6 млрд 200 млн теңге қаржысы білім бөліміне түседі. Бұл үлкен қаржы. Бүгінгі таңда мекемелердің әртүрлі ақауларына, кем-кетігіне 310 млн теңге қажет екен. Неге ол қажет қаржыны бөлім қызметкерлері берілген қаржыдан үнемдемейді? Әсіресе оқушыларды ыстық тамақпен қамтылуы аудан басшылығының, аудан азаматтарының үнемі назарында болуы қажет,- деді Кәрібай Құрмашұлы.
Аудандық қоғамдық кеңестің президиумының мүшелерінің көпшілігінің бірауыздан берген дауыстарының нәтижесімен білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу учаскесінің биылғы жылы алған компьютері бойынша барлық жиналған іс қағаздарды жоғары тексеруші орган – қаржы агенттігінің құзыреті тарапынан тексеріліп, тәртіп орнатылуы қажет, кінәлілер өз жазаларын алсын деп ұйғарылып, шешілді.
Күн тәртібіне қойылған үшінші мәселе бойынша Күреңбел ауылдық округінің әкімі Мырзағали Жадраев есептік баяндама жасады. Онда ол аудан әкімі Н.Ергебековпен бекітілген «Аудан әкімдері және ауылдық округ әкімдері арасындағы келісімдердің түйінді нысаналы индикаторларының тізбесі» бойынша биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Баяндамашы өз сөзінде ауылдық округ әкімінің аппаратының іс-шаралары мен ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі жайлы айта келе, аймақтағы барлық мекемелердің, оның ішінде мәдениет, білім беру, почта, балабақша, дәрігерлік амбулаторияның жұмыстары және егін мен мал шаруашылығының мәселелері туралы тиянақты айтып өтті.
-Күреңбел орта мектебіне тоқталсам, оның шатырының тозығы жеткен, едені де шіріп жатыр, жөндеуді қажет етеді. Екінші өзекті мәселенің бірі – интернет жиі өшеді, ұстамайды. Барлық мекеме қиналып, базасымен жұмыс істей алмай отыр. Мектептер, амбулатория, біздің әкімшілік те осы мәселе бойынша қиналып отырмыз,- деді Мырзағали Әділбекұлы.
Зерделеу жұмыстардың нәтижесін жариялаған қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиясының төрайымы Гүлнәр Мұсаханова былай деді:
– Ауыл әкімінің жұмысын біз мұқият зерделедік. Берілген тапсырмалар, жоспарланған іс-шаралар дер кезінде өткізіледі. Сондай-ақ, барлық мекемелердің де тыныс-тіршілігімен таныстық. Айта кету керек, “Күреңбел” бөбекжай-балабақшасының ғимараты тозған, жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет, өйткені онда ылғалдығы жоғары және де ауыз су жүйесі болғанымен, жаздың кезінде оның суы тартылып кетеді, су басқа көшеден тасымалданады. 75 балаға арналған балабақшаға 50 бала қатынайды, ал біз барған күні онда 41 бала болды. Сондай-ақ, балабақша қызметкерлері интернеттің тұрақты істемейтінін жеткізді.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жағдайы да төмен: дәрігер жоқ, жұмыстан шығып кеткен, ауыл тұрғындары аудандық ауруханадағы С.Әбдрахманов деген дәрігерге қаралады. Ғимарат бес жыл бұрын жөндеуден өткізілген, мұнда да интернет істемейді, бар қиыншылықты тудырып отыр,- дейді медицина қызметкерлері.
Біз екі күн зерделеу жұмыстары барысында учаскелік полиция инспекторы Ержан Сыдығалиев деген азаматты кездестіре алмадық, жұмыс орнында жоқ. Ауыл тұрғындары да «үнемі жұмыста болмайды» деп оның атына шағымданды. Аудандық полиция бөліміне телефон шалып, оның қайда екенін біле алмадық, – деді баяндамашы.
Жиналыс барысында баяндамашыларға қоғамдық кеңес мүшелері көптеген сұрақтар қойып, көтерілген мәселелерді бірлесіп талқылап, талдап отырды.
Қоғамдық кеңестің отырысын жүргізіп отырған Сейітхан Жұмашев, аудан әкімдігі тарапынан белгілі себептермен қатыса алмаған аудан басшылығына талқыланған мәселелер, шешімін күткен сұрақтар бойынша тиісті ұсыныстар жасалатынын жеткізді.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»