Basty bet
Дін – ынтымақ пен бірліктің кепілі
Әлемдердің Жаратушысы Алла тағала адамзатты жаратып, адам балаларын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Асыл дініміз исламда барлық адамзатты Алланың жаратылысы деп танып, олардың әрқайсысын ұлтына, нәсіліне қарап бөлуге болмайды. Алланың алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, айырмашылық тек тақуалық пен діндарлықта ғана болмақ.
Қасиетті Құранда: «Уа адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың» деп айтылған. (Хужурат, 13)
Кім қандай ұлттан болса да, әр адам өз ұлтын жақсы көріп, тарихы мен шыққан тегін білуі тиіс. Бұл өз ұлтын ұлықтап бөліну үшін емес, тегін білу арқылы адамдармен жақындап, туыстық пен бауырластықты одан әрі күшейту үшін ғана. Ислам діні ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды.
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Расында Раббыларың бір, аталарың бір. Естеріңде болсын. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, терісі қызыл адамның қарадан, қараның терісі қызылдан еш артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта ғана болады» деп айтқан.
Хәкім Абай атамыз:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» деп айтса, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Әрбір адамзат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс» деген екен.
Ислам сөзінің төркіні «бейбітшілік, аманшылық» деген сөздерден бастау алады. Діндегі мағынасы толық мойынсұну, Алла тағаланың алдындағы міндеттерді орындау, одан басқа құдайға табынбау.
Ізгілік пен қайырымдылықтың, тағаттылық пен қонақжайлылықтың теңдессіз үлгісін көрсеткен халқымыздың арқасында, қазіргі таңда кең байтақ жерімізде бейбітшілік орныққан.
Шәкәрім Құдайберді атамыздың тілімен айтқанда:
«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұшпандық қару жасар.
Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса дағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар» дейді.
Құран Кәрімде: «Ата-аналарыңмен, туған-туысқандарыңмен, жетімдермен, қамқорлық қажет болған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астындағы қызметкерлеріңмен жақсы мәміледе болыңдар!» деп айтылған. (Ниса, 36)
Бәріміз білетіндей, біздің қоғам көп конфессиялы және көп этносты қоғам. Дін мен қоғамның өзара қатынасы, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеуде діннің рөлі өте маңызды. Әрбір этникалық топ, белгілі бір конфессиялық сипатқа ие. Яғни, түрлі наным-сенімдерге ие деген сөз. Ислам діні де адамдарды бөліп жармай, ынтымақ пен бірлікте өмір сүруді талап етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанды Отаным деп санайтын 130 этнос пен 18 конфессия өкілдері елімізде бейбіт қатар өмір сүруде. Осы ұлттар мен этностық топтар арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұлттық мәдени орталықтары негізінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қызмет етуде. Бұған қоса Қазақстан аумағындағы мұсылмандардың бірлігін ұйытып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз кезегінде ынтымақ пен бірлікті көздеп, өз жоспарын жүзеге асыруда.
Бірде Төле би бабамыз төсек тартып, қатты бір дертке душар болып, ауырып жатқан шағында, үш адам кіріп келеді. Келгендер Төле биге қарап: «Біз үшеуіміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтасыз?» депті біреуі.
Төле би басын көтеріп: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны, атаға бөлінгендер адыра қалады» дей келе, «қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен» деген екен. Ислам діні де осыны көздейді, яғни, бөлінбей өмір сүру басты міндет.
Ата-бабаларымыз «Ынтымақ – елдің ырысы», «Байлық, байлық емес, бірлік – байлық», «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас» деу арқылы біздерді әрдайым ауызбірлікке шақырған. Алла тағала біздерді түрлі бөлінуден, дау-дамайдан сақтап, берекеміз бен бірлігімізді арттырсын.
Асхат АҚМАМБЕТОВ,
Толымбай тегі Зиябек атындағы аудандық орталық мешіттің
бас имамы, ауданның
бас имамы