Basty bet

«Жастарды еңбекке баулуымыз қажет»

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болды. Кеңес жұмысына аудан әкімі Нарбай Ергебеков, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, басқармаға қарасты облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Таутен, комиссия мүшелері, бөлімдер мен мекемелер басшылары, ауылдық округтер әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңес отырысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды. Отырыста бес мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2020 жылдың бірінші жартысында ауданда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы барысы туралы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов баяндама жасады. Баяндамада мекеменің жастарды әлеуметтендіру, жұмыспен қамту, жұмыссыз жастармен жұмыс, спортқа тарту және т.т. сан салалы бағыттары қамтыды.
– Ауданда статистика көрсеткіштері бойынша 2020 жылы тұрғындар саны 52 169 адамды құраса, соның ішінде жастар 13 642 адамды құрайды, жалпы халықтың 26,1%. Мекемеде штаттық кесте бойынша барлығы 25 қызметкер жұмыс істесе, олардың орташа жұмыс өтілі 3 жыл 6 айды құрайды. Мекеме қызметкерлері облыстық семинарлар мен біліктілік курстарына қатысып, арнайы сертификаттар иеленген. Бүгінгі таңда жастар ресурстық орталығынан шыққан 52 азамат өзге де салаларға жұмысын ауыстырған.
2020 жылы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіне 45 284,0 мың теңге қаржы қарастырылып, аудан әкімінің «Жуалы құрамасы» КТК командасының республикалық «Жайдарман» ойындарына қатысуына 1500,0 теңге, мекеме жанындағы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын жастарға 600,0 млн, мекеме өткізетін іс-шараларға 6100,0 мың теңге, әлеуметтік тапсырысқа 1100,0 теңге бөлінді,- деді баяндамашы.
Әрі қарай баяндамашы аудан жастарын жұмыспен қамтудың жай-күйіне тоқталды. Есепті кезеңде «Жұмыспен қамту орталығына» барлығы 419 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, 142 жас тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа 8 жас, 118 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 34 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған, 15 жас ресми жұмыссыздар есебіне тұрса, NEET жастар санатында 57 жас тіркелген.
– Қорғаныш маскаларына қажетті шикізаттар аудан әкімдігінің тарапынан беріліп, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Қамқор» волонтерлер клубының көмегімен 13 377 маска тігіліп, оның 12332 аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы отбасыларға таратылды. Қазіргі таңда қорда 1045 маска тұр. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдіктеріне, адам көп шоғырланатын супермаркеттер, дүкендер, Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, аудандық полиция бөлімі, Халық банкі мен Қазпошта бөлімдеріне тұрақты түрде таратылды. Аудандық «Қазпошта» және «Халық банкі» мекемелеріне келетін аудан тұрғындары арасында коронавирус індетінің таралуын алдын алу мақсатында волонтерлердің көмегімен күнделікті кезекшілік ұйымдастырылды, – деп атап көрсетті Мейіржан Телеушов.
Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе – Бауыржан Момышұлы ауылында жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы ауыл әкімінің орынбасары Затыбек Пашеновтің баяндамасы тыңдалды. Ауыл жастары арасында жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызды құраған. «Жұмыспен қамту орталығында» барлығы 419 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, 142 жас тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа 48 жас, 118 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 34 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды, 15 жас ресми жұмыссыздар есебіне тұрса, NEET жастар санатында 9 жас тіркелген. «Жуалы Су» мекемесіне 5 жас, Қонаев көшесіндегі құрылыс жұмысына сегіз жас тіркелген. «Жасыл ел» еңбек жасақтары бойынша Б.Момышұлы ауылы бойынша 17 жас тіркеліп, 1 маусымдық жұмыстарын аяқтаған.
«Жұмыспен қамту орталығы» мен «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің бірлесуімен «Жақсы жұмыс – жанға тыныс» атты жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Шарада 11 мекеме 33 бос жұмыс орындарын ұсынып, нәтижесінде 15 жас жұмыспен қамтылған.
Әрі қарай аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының м.а. Нұрлан Әнуарбеков өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жастарды жұмыспен қамту барысына тоқталды. Ағымдағы жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 553 жас азамат қамтылған (2019 жылы- 486), соның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 51 адам (жалпы-120 қатысушы, яғни 42,5 %)- (2019 жылы-70), тұрақты жұмысқа 150 адам (2019 жылы-151), «Жастар тәжірибесіне» 118 жас маман (жылдық жоспар – 120, орындалуы – 98,3%) (2019 жылы-151), ақылы қоғамдық жұмыстарға 48 (2019 ж. – 77), әлеуметтік жұмыс орындарына 34 азамат (2019 жылы- 33), «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 115 адам оқытылуда, кәсіпкерлік ісін ашуға 17 жас азамат 47 млн 400 мың теңге шағын несиелер алған, старт аптарын іске асыру бойынша аудан әкімнің қаулысымен құрылған комиссиясының шешімі негізінде жалпы бекітілген 100 үміткердің ішінде 20 жас үміткер бағдарламаға қатысушы ретінде қабылданып, оларға жалпы сомасы 11 млн 112 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген.
Баяндамашы осы ретте қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды иеленушілердің қаражатты мақсатты жұмсауы мәселесін де қозғап өтті. Ол сондай-ақ қоғамда, соның ішінде жастар арасында әлі де патерналистік, масылдық пиғылдың белең алып отырғанына қынжылысын білдірді. «Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмыс қолы жетіспей жатыр. Олар мемлекет ұсынған 85 мың теңге айлық еңбекақыға жұмыс істегісі келмейді» деп қорытты өз ойын Н.Әнуарбеков.
Былтырғы жылы кәсіпкерлік ісін ашуға 49 жас азаматқа 156 млн 700 мың теңге көлемінде шағын несиелер, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жалпы 209 жас азаматқа 105 млн. 545 мың теңге гранттар берілген. Ағымдағы жылдың екінші жартысында жастарды жұмыспен кеңінен қамту мақсатында қосымша 453 жас маманды «Жастар тәжірибесіне» орналастыруға республикалық бюджеттен 123 млн 271 мың теңге бөлінген. Бұл қаражаттардың игерілуі шілде айынан басталмақ. Баяндамашы бұл орасан зор қаражаттың игерілмей қалуы қаупі бар екенін жасырмады. Себебі, ауданға осыншама жас маманның жұмысқа орналасуы мүмкін еместігін ескеріп, соманы азайту қажеттігін алға тартты.
Баяндамашы сөз соңында 2020 жылы жастарды жұмыспен қамту белсенді шараларына тартуда белгіленген жоспарлы көрсеткіштерге толық қол жеткізетініне сендірді.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Таутен ауданда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысына жүргізілген зерделеу қорытындыларын жариялады. Ол зерделеу нәтижелеріне сәйкес Жуалы ауданында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы облыс аудандары арасында алғашқы төрттікке енгеніне ризалық білдірді. Аймақтардағы жастар ресурстық мекемелерінде шешімін таппай отырған мәселенің бірі қызметкерлер жалақысының төмендігі олардың тұрақтамауына ықпалын тигізіп отырғанын, сондай-ақ аула клубтарының санын көбейтіп, оларды жастар ресурстық орталықтарының қарамағына беруді ұсынды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы осы тұстан сөзге араласып, өңірде жастар мәселесіне қатысты жұмыстардың барлығы жастар орталығы атқаруы тиіс екенін, мекеменің басты функциясы жастарды әлеуметтендіру, өмірге бейімдеу, еңбекке баулу болуы тиіс екенін көрсетті.
Облыстық жастар мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс әкімінің бастамасымен әзірленіп жатқан Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатының 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасымен таныстырды. Бес жылға арналған ауқымды құжат өңірдегі жастар саясатының келешек бағыт-бағдарын айқындап, жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жастар инфрақұрылымдарын дамыту мәселелерін қамтитын болады.
Кеңес жұмысын қорытқан аудан басшысы Нарбай Ергебеков кеңес мүшелерінің кеңес жоспарлаған іс-шараларға белсенді қатысуы керектігін еске салды. Отырыс соңында тиісті мекемелерге бірқатар тапсырмалар берілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close