Basty bet

АӘК тағайындаудың жаңа шарттары түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін түзетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдерін енгізді.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» №246 Заңына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында еліміздегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа шарттарын түсіндіруге арналған семинар-кеңес өтті. Шараға ауылдық округ әкімдері, әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Семинар-кеңесті аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов ашып, сөзді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Марал Ділдәбековаға берді.
– Мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы негізгі ұстанымы – көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу, өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы. Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көпбалалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек.
Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі: шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі, шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (немесе) біржолғы көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Аталған Заңды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» №320 бұйрығы және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығымен «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидалары» бекітілген, – деді Марал Аманжолқызы.
Баяндамашының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға төленеді. Бұл көмектің түрі әр тоқсан сайын отбасының табыстарын жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға тағайындалып төленеді. Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік топтама. Аталған тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арнап мемлекет табысы аз отбасындағы балаларға қосымша ретінде кепілді әлеуметтік топтаманы да беріп отыр.
Бұл топтаманың құрамына не кіреді? Оның екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған, сонымен бірге азық-түлік тауарларын – түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. қамтиды. Топтамаға кіретін азық-түлік өнімдерінің тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі балалардың ағзасына темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, ұсынған. Азық-түлік жиынтығымен балалар ай сайы, ал тіс пастасы, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады.
– Айта кететін мәселе, АӘК алушының алған көмекті нақты сол мақсатқа жұмсауы. Сондықтан алдағы уақытта өтініш беруші өтініш бергенде, АӘК ұялы телефон қолданбасына байланып, оның жұмсалуы қадағаланатын болады. Бұл үшін әлеуметтік төлемдер әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімдеріне беріледі, – деді баяндамашы.
Баяндамашы тұрмысы төмен отбасылардың материалдық жағдайын зерделейтін ауылдық округ жанынан құрылған учаскелік комиссияның жұмысын ширату қажет екенін еске салды. Комиссия мүшелері АӘК-ке қайырылған азаматтардың арасында шиеленіс тудырмау үшін өтініштерін уақтылы, мерзімінде әрі әділетті қаралуына күш салуы тиіс.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылар ішіндегі еңбекке қабілеттілері аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына, атап айтқанда ақылы қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына тартылады және «200 АЕК мөлшерінен аспайтын жаңа бизнесті іске асыру бойынша» қайтарымсыз несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.
Аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков АӘК алушыларды жұмыспен қамту шаралары туралы өз пікірін ортаға салды. «Аталған санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары патерналистік, яғни масылдық пиғыл туғызбауы тиіс. Мәселен, былтыр түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда іске асырылған жобаларға төленетін 84 мың теңгеге қатысатын адам табылмады. Сондықтан да, АӘК өзі атаулы, яғни нағыз мұқтаж отбасына төленуі қажет»,- деді ол.
Семинар-кеңесте ауылдық округ әкімдері мен әлеуметтік мамандар тарапынан сауалдар қойылып, оларға білікті жауаптар берілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

 

Таңдаулы материалдар

Close