Basty bet

«Көзқарасымыз өзгермей, мәдениетіміз көтерілмейді»

жиынға қатысушылар осындай қорытынды шығарды

Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритіміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өңірдегі мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті. Жиынға ауыл әкімдері, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар, кітапханалар мен музейлердің өкілдері қатысты.

Мәдениет саласының тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов баяндама жасады. Баяндамашы мәдениет саласының барлық бөлімшелерінің жұмысын, атқарылып жатқан іс-шараларды және алдағы жоспарланған мәселелер туралы жан-жақты айтып берді.
– Елімізде жылдан-жылға ауылдың рухани өмірі байып, ауыл мәдениеті қарқынды дамуда. Тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыруда мәдениет ошақтарының алатын орны ерекше. Бүгінде аймағымызда бір аудандық, 8 ауылдық мәдениет үйі, 12 ауылдық клуб, бір жылжымалы клуб, бір аудандық, бір ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана, «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары, «Бөкейтау», Жаңабаевтар отбасылық вокалды-аспапты ансамбльдері және «Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі» КММ халыққа қызмет көрсетуде,- дей келе, Сауытбек Әнуарбекұлы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасының жағдайын, кадрлар мәселесін, ауданда, облыс және республика көлемінде бөлім қызметкерлерінің қатысып отырған шаралары барысында қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етті.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы баяндамашыға саланың тыныс-тіршілігіне байланысты сұрақтар қойып, жиынға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
Әрі қарай аудандағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы төмен екені айтылды.
-Күреңбел ауылындағы зәулім мәдениет орталығының жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейді,- деген аудан әкімі ауыл әкімі Мырзағали Жадыраевтан «мәселе қалай шешілуде?» деп сұрады. Сондай-ақ, басқа ауыл әкімдеріне «мәдениет ошақтарының жағдайы туралы хабардарсыздар ма?» деп сұрақ қойды.
Шыңбұлақ ауылдық клубы мен кітапхананың ыңғайластырылған ғимаратта орналасқанын Жетітөбе ауылдық округінің әкімінің міндетін атқарушы Бектархан Сүлейменов айтты. Ал Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы мәдениет үйінің залында жылыту жүйесінің жоқтығын округ әкімі Арабхан Заппаров растады.
Аудан әкімі жиынға қатысушыларды Теріс ауылындағы бос тұрған екіқабатты ғимаратты сатып алып, мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыру қажет екенін айтып, жағымды жаңалығымен қуантты.
Сондай-ақ, мәдениет ошақтары мен олардың қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы да сөз болды. Аудандық мәдениет саласының барлық ғимараттарында бейнебақылаулар орнатылған.
Жастар жылына байланысты аудан аймағында көптеген шаралар ұйымдастырылып отыр. Осыған байланысты Нарбай Әбілқасымұлы «сырттан неге мәдениет саласының жеңімпаздары мен өнер қызметкерлерін ауданға шақырмасқа?» деп ұсынысын білдірді. «Аудан тұрғындары тек теледидар арқылы ғана емес, оларды ауылдарымыздың сахналарынан көрсе, құба-құп болар еді»,- деді ол.
Одан кейін кітапханалардағы коворкинг және ақпараттық орталықтардың бүгінгі таңдағы маңыздылығы, интернеттің, Wi-Fi қосылуы туралы сөз өрбіді.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген нысаналы индикаторлардың бірі – «Қазтест» жүйесі жайлы, аудандағы елдімекендердің атауының жазылуы туралы және көрнекі ақпараттың жағдайына тоқталды. Бұл бағытта да аудан әкімі көптеген сұрақтар қойып, ауыл әкімдеріне ескертпелер жасады. Мысалы, аудандағы Қайрат және Қызыларық ауылдарының атауларының жазулары әлі орнатылмаған.
– Ауылдарға жаңашылдық керек. Ол үшін елге, ауылға деген көзқарасты да өзгерту маңызды. Жарнамалық , көрнекілік ақпаратты жаңарту арқылы ауылдарымыздың келбетін өзгерту, жаңарту қажет,- деді аудан әкімі. Нарбай Әбілқасымұлы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын бағалай отырып, жиынды қорытындылады.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close