Basty bet

«Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші…»

Көлтоған ауылының азаматы өз ауылына асхана салып берді

Халқымызда «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген қанатты сөздердің бар екенін бұрыннан білеміз. Ал даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін»,- дейді бір сөзінде. Бұрыннан құлағымызға сіңісті болған осынау сөздердің қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз? Туған ауылымызға қаншалықты адал қызмет етіп, сондағы ауылдастарымызға үлгі боларлық қандай тірліктер атқарып жатырмыз деген сияқты сұрақтар әрбірімізді мазалауға тиісті. Шүкір, қазір ел өңірлерінде, ауылдық елдімекендерде сол ауылдардың азаматтарының бастамасымен әрі демеушілігімен бірқатар сауапты істердің атқарылып жатқанын құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Санамалай берсек, мұндай көпшілік іс-шаралар әрбір екінші ауылда тұрғындардың күшімен атқарылып жатыр деуге болады.

Туған жерге туын тігіп, осынау қасиетті жердің даңқын асырып, түлетуге атсалысып жүрген азаматтар біздің елде баршылық. Әсіресе, бұл үрдіс кейінгі жылдары мектеп түлектерінің арасында кең қанат жайып келеді. Мысалы, біраз жылдан бері қасиетті Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген түлектер ауыл сыртындағы зиратты қоршау жұмысын қолға алып, бұл сауапты іс те өз мәресіне жетіп отыр. «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген. Алдымен Алланың разылығы үшін, содан соң ежелден келе жатқан әруақты құрметтеуді мақсат тұтқан ауылдың жанашыр азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Бұрнағы жылы Қошқарата ауылдық округімен іргелес орналасқан Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында осындағы С.Бәйтіков атындағы (бұрынғы М.Лермонтов атындағы ОМ) мектептен 1979 жылы қанат қаққан түлектер бас қосып, олар да өздерінің алтын бесік ауылдарында бірқатар сауапты істерге ұйытқы болғаны бар. Ауылдың гүлденуіне аз да болса өз үлестерін қосуды мақсат тұтқан түлектер Көлтоған ауылындағы Д.Қонаев көшесіндегі аялдамаға екі орындық орнатып, одан соң кәсіпкер Қуанышбек Бөрібеков өз қаржысына ауыл сыртындағы зиратқа барар жолдағы сайға жаяулар көпірін салып беріп, жерлестерінің алғысын алып еді. 40 жылдан кейінгі кездесулерін туған ауылдарында пайдалы істермен атап өткен түлектердің осынау дәстүрлері өзгелерге үлгі боларлық.
«Өлі ырза болмай, тірі байымайды», «Әруақ сыйлаған ел азбайды» дейді халқымыз. Күні кеше ғана Боралдай ауылдық округінің орталығы саналатын Көлтоған ауылында тағы бір сауапты істің куәсі болдық. Осы ауылдың азаматы, «Алтынай» шаруа қожалығының басшысы Ербол Рүстембеков ауыл тұрғындарына арнап үлкен асхана (қатымхана) салып берді.
Ауылдың орталығындағы еңселі мешітке Тұрыс Шінетұлының есімі берілген. Алла үйінің де бой көтеруіне баба ұрпақтарының тікелей ұйытқы болғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы мешіттің салынуына ауылдағы барша ағайынның да атсалысқаны анық.
Өмір болған соң ағайын арасында өлім-жітім, қаза болмай тұрмайтыны белгілі. Ауыл сыртындағы қабірстанда фәниден бақиға көшкен қаншама әруақ жатыр. Әруақ сыйлаған, өлілердің рухына құрмет көрсететін халық болғандықтан, әруақтарға арнап Құран оқытып, Құрбан айт мерекесі кезінде Алладан тілек тілеп, құрбандық шалынады. Міне, осындайда мешіт жанынан ас беретін орын салу мәселесі қалың көпшіліктің көкейінде жүрген еді. Осы ретте кезінде ауылды басқарған, шаруашылық, ұжымшар жұмыстарының басы-қасында жүрген атпал азаматтар Тұрыс баба мешітінің алдынан (мешітке қарама қарсы бет) асхана салуға арнайы жер бөлдіріп те қойған болатын.
Алайда күнделікті қым-қуыт тіршілікпен бұл көпшілік іске ауыл азаматтарының да жүрегі дауалап, қолы бармай жүрген еді. Бұл сауапты іске ауылдың жанашыр азаматы, «Алтынай» шаруа қожалығының басшысы Ербол Рүстембеков жақсы ниетпен, шындап кіріскендердің бірі болды. Ауылдағы ағайындар да: «Бір істесе, осы істі Ербол бауырымыз атқарады» деп, оған сенім артты. Содан биыл айналасы үш-төрт айдың көлемінде ұзындығы 20, ені 5,5 метр болатын еңселі жайдың құрылысы толықтай аяқталды. Асхананың іші-сырты заманауи әрлеуден өткізілген. Төбесі қалың қаңылтырмен жабылып, еденіне кафель төселген. Асхананың жанындағы бөлмеде ас дайындауға арналған қазан-ошақ орналасқан. Ыдыс-аяқ, қосымша керек-жарақтарды қоюға арналған бөлмесі тағы бар. Асхана ғимараты ас, ауызашар, құдайы тамақ таратуға өте ыңғайлы етіп жасалған. Мұнда бір мезгілде 100-ден астам адамның басын қосып, көпшілік жиын өткізуге де болады.
Сонымен, мешіт жанынан салынған асхананың ашылуына Көлтоған ауылының қариялары, ақ жаулықты апа-әжелермен қатар, көпшілік сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтармен қатар, ауылдың ынтымағы мен бірлігіне ниеттес кісілердің барлығы жиналды деуге болады. Жиын барысында Боралдай ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболов сөз сөйлеп, сауапты іске ұйытқы болған азаматтардың есімдерін атап өтті. Көпшілікке имандылық, ауылдағы ағайын-туыстың ынтымағы мен бірлігі тұрғысынан келелі әңгімелер өрбітті.
Ауыл тұрғындарының осынау қуанышына Көлтоған ауылымен көршілес жатқан Ертай ауылының түлегі, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та ортақтасып, тебірене сөз сөйледі. Бақытжан Ертайұлы өз сөзінде, әрбір ауылда ақыл сұрап, жол көрсететін қариялар болса, жастардың бөтен жолға түспейтінін айтып, бабалардан бізге аманат боп келе жатқан асыл дінімізді құрметтеу, Алланың ақ жолымен жүру, ел ішіндегі, ағайын-туыс арасындағы ынтымақ-бірлікті сақтап қалу қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге, ауылда өмір сүруге қолайлы жағдайлардың бар екенін айтып, оның ішінде Жуалы ауданының таулы аймақтағы ауылдарына көгілдір отын құбырының тартылып, тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізгелі отырғанын да қуанышпен жеткізіп, ауыл тұрғындарын асхананың ашылуымен құттықтады.
Одан кейін Жамбыл облысының Құрметті азаматы, өңір халқын ынтымақ-бірлікке үндеп жүрген аузы дуалы қадірменді қария Жарас Мұратайұлы, генерал-лейтенант Б.Ертаев ғимараттың лентасын салтанатты жағдайда қиды. Шашу шашылған соң асханада алғаш рет әруақтарға Құран оқытылып, қуанышқа жиналған жұртшылыққа құдайы тамақ таратылды. Дастархан басында да аға буын өкілдері имандылық, ел бірлігі, ағайын арасындағы ынтымақ, бірлік, оны ары қарай нығайта беру туралы, сонымен қатар, асхананы салып берген атпал азамат Ербол Рүстембековке, жалпы асхана ғимаратын үстел-орындықтармен, ыдыс-аяқ, басқа да қажетті заттармен жабдықтауға атсалысқан азаматтардың атына алғыс, ризашылық сөздер айтылды. Ұйымдастыру алқасы жиынға арнайы шақырылған қонақтарға сый-сияпаттар табыстады.
Е.Рүстембековтың бұл игі бастамасына әріптес әрі сыйлас достары, атап айтқанда, аудандағы маңдайалды шаруашылықтардың басшылары Әсет Олжабаев, Сейіт Жайықбаев, Әбілнұр Ахметов, Мейірбек Төлегенов, т.б. азаматтар қолдау көрсетіп, асхананың ашылу салтанатында Ербол Әсетұлына жабулы ат мінгізді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close