Basty bet
АТҚАРЫЛҒАН ШАРУА АЗ ЕМЕС, АЛДА ТҰРҒАНЫ ДА ЖЕТКІЛІКТІ
аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық мәслихат депутаттары алдында есеп берді
Өткен аптада алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 47 сессиясы болып, онда аудан әкімі Нарбай Ергебеков үстіміздегі жылдың бірінші жартысында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалу барысы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Сессияға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері, мекемелер мен ұйымдар басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері шақырылды.Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын оның төрағасы Руслан Сайлаубаев ашып, сөзді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берді.
Аудан басшысы өз баяндамасында аудан экономикасының барлық салаларында оң серпін қалыптасып отырғанын атап көрсетті. Оның айтуына қарағанда, жыл басынан бері жалпы өңірлік өнімнің көлемі 15 717,8 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,2 пайызға артқан, жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 28,5%, ауыл шаруашылығы жалпы шығарылымы 46,9%, құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7%, сауда айналымы 13,9% құраған.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 2,4 пайызға, құрылыс жұмыстары 2,2 есе, бөлшек сауда 4,9%, көтерме сауда 3,0 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 964 мың теңгеге артып, 7 млрд. 378,0 млн. теңгені құраған, облыс көлеміндегі үлесі 12,1 пайызбен 4 орынға орныққан.
Биылғы жылдың өнімі үшін шаруалар 25 890 га (101%) жаздық арпа, 20 845 га (100,1%) майлы дақылдар, 2 520 га ( 100,8%) картоп, 650 га (100%) көкөніс, 303 га (101%) дәндік жүгері, 102 га (70%) қант қызылшасын отырғызған, мал азығы 2670 га (100,4%) егілген. Қазіргі кезде ауданда дәнді дақылдарды жинау науқаны қызу жүргізілуде.
Мал өнімдері бойынша ет өнімі 2,2 пайызға, сүт өнімі 3,3 пайызға, жұмыртқа 1,1 пайызға пайызға артқан.
Жеке секторда «Сыбаға» бағдарламасымен шетел мемлекеттерінен 83 млн. теңгеге 108 бас асыл тұқымды МІҚ малдары сатып алынса, үш шаруашылық Ресейден 35 млн. теңгеге 140 бас тауарлы МІҚ сатып алған.
Кооперативтер өндірген сүт өнімінің жоспары 117 пайызға орындалып, 2455 тоннаға жеткізілсе, ет өнімінің жоспары 101 пайызға орындалып, 136 тоннаға жеткізілген.
Ауыл шаруашылығындағы инвестиция көлеміндегі жоспар 2,2 есеге артығымен орындалған.
Құрылыс көлемі 935,5 млн. теңгеге артық орындалып, аудан салалары ішінде І орынды иеленген. Жеке тұрғын үй салушылардың есебінен жалпы алаңы 6 146 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер аула құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл көрсеткіш 113,2 пайызға орындалды.
«Қазгидрооперейтинг» ЖШС «Көксай» каналының бойынан құны 5,2 млрд. теңгені, қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын жүргізуде. Бүгінгі күні серіктестік ГЭС-тің 4 каскадасын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстарын жүргізуде. Бірінші каскадты іске қосу ағымдағы жылдың тамыз айында, ал толықтай іске қосу 2020 жылдың соңына жоспарлануда. Кәсіпорынның негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 494,0 млн.теңгені құраған.
Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында, Кәсіпкерлікті қолдау картасын екінші өзектендіру мақсатында, ауданда жаңа ережелердің талаптарына сай келетін бір жобамен жұмыс жүргізілуде. Ол – Шақпақ ауылдық округіндегі қуаттылығы жылына 17 550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы. Жоба құны 161,0 млн.теңгені құрайды.
«Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы бойынша таулы өңірдегі Тасбастау, Майбұлақ, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Күреңбел, Қоңыртөбе ауылдарына ауылішілік газ тарту желісінің құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 32,1 млн. теңге қаралды.
Одан бөлек, аудандық маңызы бар 7,033 шақырым автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізілуде 119, 9 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 88,0 пайызды құрамақ.
«Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» бағдарламасы бойынша 10 ауылға ауыз су тарту жұмыстарының құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 40,0 млн. теңге қаралды. Ағымдағы жылға Қарасаз ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 616,29 млн. теңге қаржы бөлінді. Жұмыстар мамыр айында басталып, су жинау ғимаратының орнын дайындау және жол бойында су құбыры желісін тарту жұмыстары жүргізіліп, 115 000,0 мың теңге қаржысы игерілді.
Аудан бюджетінің кірісі өткен жылмен салыстырғанда (2018 ж. 9,9 млрд.тг.) 3 ,6 млрд. теңгеге (37,7%) артып, 13,3 млрд. теңгеге, ал ауданның даму бюджеті өткен жылға қарағанда (2018ж. 428,7 млн.тг.) 768,2 млн теңгеге артып, 1197,0 млн. теңгеге жеткен.
Бюджеттің кіріс бөлігі 101,2 пайызға орындалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайыз артық, меншікті кіріс 110,3% (724,3 млн. тг) орындалып, бюджет 99,8% игерілді.
Әлеуметтік салада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл аяғына дейін 2 756 азаматты қатыстыру жоспарланса, қазіргі кезде 1 190 адам бағдарламаға қатысушы ретінде тартылған, соның ішінде 907 азамат жұмыспен қамтылған (тұрақты жұмысқа 328, уақытша жұмысқа 579 адам). Жылдық жоспардың орындалуы 43,1 % қамтамасыз етілген.
Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,3% деңгейінде тұрақтап (1240 адам), (облыстық орташа көрсеткіш 4,9%), ресми жұмыссыздық деңгейі 2,7% болып қалыптасқан.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2019 жылы кәсіпкерлік негіздеріне 135 адамды оқыту жоспарланса, 101 білімгер оқуға жолданып, 92 азамат оқуын аяқтаған.
Шағын бизнес бастамаларды іске асыру үшін жеті адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беруге 3,5 млн.теңге бөлінген. Сонымен қатар аз қамтылған, көп балалы 15 отбасына 7 575,0 мың теңге гранттар қарастырылып, 42 жасқа 21 210,0 мың теңге гранттар беру көзделген. Грант алуға үміткерлердің тізімі облыстық Кәсіпкерлер палатасының комиссиясына зерделеуге ұсынылған. Барлық қатысушыларға шілде-тамыз айларында гранттар беріліп, тиісті қаржылар толығымен игерілетін болады.
Атаулы әлеуметтік көмек заңына өзгерістер енгізілуіне және күнкөріс деңгейінің 50-ден 70 пайызына көтерілуіне байланысты 2 500 отбасының 12 828 адамын екінші тоқсаннан бастап қамту жоспарланған. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген 2588 отбасының 12 889 адамына 694,6 млн. теңге көмек тағайындалып, төленген.
Жергiлiктi өкiлді органдардың шешiмiмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек тағайындау және төлеу үшін 474 азаматтың өтініштері рәсімделіп, оларға 25,8 млн. теңге біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.
Білім саласында бір жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылып, нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 99,1% жетті. Жыл соңына дейін әлі қосымша 25 орын ашылатын болады. Қошмамбетов мектебіне қосымша спортзал (қазандығымен бірге) құрылысына 135 839,0 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы және Көлтоған ауылындағы С.Байтіков атындағы орта мектептердің оқу корпусының шатырына ішінара күрделі жөндеу жұмыстарына 19,5 млн. теңге қарастырылған. Одан бөлек, Көлбастау ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің спорт залының еденін ауыстыруға 4 480,0 мың теңгеге және Ақсай ауылдық округіндегі Мыңбұлақ орта мектебінің жылыту жүйелеріне 3 875,2 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жақында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі орташа 97,5 баллды құрап, (2018 жылы 99,7), білім сапасы жөнінен аудан облыс аудандары арасында екінші орынға табан тіреген.
Денсаулық саласында сегіз елді мекенді алғашқы медициналық көмек көрсететін объектілермен қамту мәселесі толықтай шешімін табу үстінде. Жедел медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін үш санитариялық автокөлік сатып алынуда.
Жастар жылы аясында ауданда «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы іске асырылуда. Аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында жаңадан кәсібін бастаушыларға 3 млн теңгенің қайтарымсыз гранттары беру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 31 жас құны 99,5 млн. теңгені құрайтын өз жобаларын ұсынған.
Сонымен қатар, 42 жасқа шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 505 мың теңгеден беру жоспарда тұр. Бүгінгі күнде аталған грантқа 15 жас құжаттарын өткізген. Ұсынылған бизнес-жобаларды қарайтын комиссия отырыстары шілде, тамыз, қыркүйек айларында өткізілмек.
Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, 2019 жылдың 6 айында «Жұмыспен қамту орталығына» барлығы 515 жас тіркелген, 161 жас тұрақты жұмыспен қамтылса, қоғамдық жұмысқа 76, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 150 жас жұмысқа жолданған, 32 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 жас ірі қара мал өсіру бағытында несие алса, 52 жас кәсіби оқуға, 51 жас «Бастау-Бизнес» курсына жолданды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 29 маманға 5,3 млн. теңгенің көтерме жәрдемақысы, 8 маманға тұрғын үй сатып алуға 30,3 млн. теңге несие берілген.
Спорт саласында да жетістіктер аз емес. Жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 52 523 тұрғынның 15547-сі немесе 29,6 пайызды құрады. Елді мекендердегі спорт объектілерінің жұртшылыққа қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Көкбастау, Күреңбел, Боралдай, Ақсай, Мыңбұлақ, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінде және Бауыржан Момышұлы ауылында «Street Workout» алаңшалары соғылуда.
Мәдениет саласында ауылдық кітапханалар базасында төрт цифрлық-ақпараттық орталықтар ашылды. Онда бүгінде арнаулы сайт арқылы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына қажетті 13 сала бойынша ақпараттар және (білім беру, ауыл шаруашылығы, спорт, жұмысқа орналастыру және т.б.), мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік жасалды (мекенжай, зейнетақы аударымдары туралы анықтама, неке туралы өтініш, балабақшаға кезек, жылжымайтын мүлік, азаматтың соттылығының немесе соттылығының жоқтығы туралы анықтама). Жыл соңына дейін интернеті бар төрт ауылдық округ кітапханаларында осындай орталықтар ашылмақ.
Туризм саласына инвестиция тарту жұмыстары аясында арнайы туристік «Қаралма» тау-шаңғы базасы жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек, Билікөл ауылдық округінің Берікқара шатқалында «Еламан» ЖШС директоры Р.Төре өткен жылдың мамыр айында құны 750 млн теңгенің демалыс-сауықтыру орталығын іске қосқан болатын, биылғы жылы туризм нысанын кеңейту жұмыстарын жүргізуде, нәтижесінде өңірге қосымша 300 млн. теңге инвестиция тартылмақ.
Көксай каналының бойынан «Алатау» ШҚ басшысы Н.Исақов маусымдық демалыс орталығын іске қосу мақсатында 40 га жерді жалға алып, 380 млн. теңгеге жұмыстар жүргізілуде. Ол жерден 150 орындық қонақ үй мен спортзал құрылысы жүргізіледі.
Аймақ басшысы ауданда жалпы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 1,0% төмендегенін атап көрсетті. Атап айтқанда, мал ұрлығы 64,7%-ға (17-ден 6 дерекке) төмендеп, ашылу көрсеткіші 75,0% (2018ж 6 айында 66,7%) құраған.
Нарбай Әбілқасымұлы атқарушы органның атқарған сан салалы жұмысын баяндай келе, алда тұрған ең өзекті мәселенің бірі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отырғанын еске салды. Осы мақсатта облыс әкімдігінің бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынып, барлық елді мекендер тұрғындарынан сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде «Аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, табысын арттыру жобасы» нақтыланып, қорытылған.
Барлығы 1299 жобаға қажетті қаражат көлемі 2120,2 млн тенгені құрап, оның ішінде ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалануға 621 жобаға керекті қаражат көлемі 773,9 млн тенге, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану 115 жоба, кооперативтерді жабдықтау және құру 16 жоба 408,4 млн тенгеге, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру 547 жоба құны 2 801,2 млн тенге. Ашылатын жұмыс орнының саны 2003 болса, олармен өндіретін өнім көлемі 1117,1млн теңге болады.
Аудан әкімі жиналғандарға өңірде шешімін күткен мәселелердің қалың шоғырын көрсетіп берді. Мәселен, жылдар бойы Ақтөбе ауылдық округіндегі шаруаларды алаңдатып отырған Ақмолда каналымен ауыл шаруашылығы дақылдарын суғару үшін су алу мәселесі республика деңгейінде шешіледі. Каналдан 2009 жылдан бері су берілмей келеді. Бұл жергілікті тұрғындардың еккен өніміне кері әсерін тигізуде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойындағы екі жол қиылысына жол айрықтары мен жаяу жүргіншілер өтетін көпір салу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Билікөл аймағын газдандыру үшін АГТС салу, Диқан және Алатау ауылдарында оқушы бала санының өсуіне байланысты жаңа мектептер құрылысын салу, бірқатар ауылдардағы әлеуметтік-мәдени объектілерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, Көлбастау және Қайрат ауылдарына 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу сынды мәселелер облыс деңгейінде шешуге ұсынылған.
– Құрметті депутаттар, сіздердің алдарыңызда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымды баяндадым. Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы шаруалар да жеткілікті. Негізгі міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Көрсеткен қолдауларыңызға алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс атқаратын боламыз, – деп баяндамасын аяқтаған Нарбай Әбілқасымұлы аймақтағы толғандырған өзекті мәселелерін шешуге, өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін депутаттық корпусқа және аудан тұрғындарына алғысын білдірді.
Баяндамадан кейін жарыссөзге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, №4 Шақпақ және №11 Нұрлыкент сайлау округтерінен сайланған депутаттар Нұрмахан Тыныбеков пен Керімқұл Бегалиев шығып, өңірде халықтың игілігі жолында атқарылған жұмыстарды саралай келе, аудан әкімінің қызметіне оң баға берді.
Аудандық мәслихаттың келесі сессиясының төрағалығына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековтің ұсынысымен № 2 Жетітөбе сайлау округінен сайланған депутат Гүлнар Мұсаханова сайланды. Сессияда қаралған басқа да мәселелер тиісті шешімін тапты.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»