El іshі
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер”
Мықты мемлекет қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың берекесі мен бірлігі, ырысы мен ынтымағы жарасымды болуы керек. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер мен адамгершіліктің ізгілік нұры ата-ананың тәлімі мен тәрбиесінен бастау алады.
Аудандық төл басылымның “Мерейлі отбасы” айдарындағы мақаламызда осындай қағидатты ұстанатын Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылының тұрғындары Серік Мамбетов пен Салтанат Иманбаева жайында әңгімелемекпіз.
Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған олар бүгінде көпбалалы отбасы. Өмір айдынында бірге жүзген Серік Берікұлы мен Салтанат Амангелдіқызы екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, перзенттерін өнерге баулып отырған жайы бар.
Әке мен ана тәрбиесі – үлкен мектеп, тәрбиенің ошағы. Мамбетовтар отбасында әкенің рөлі зор. Отағасын сыйлайтын отанасы перзенттеріне әкеге деген құрметті үйретіп, бойларына сіңірген. Әкенің рұқсатымен дастарқан басында ас ішіліп, разылығымен балалары өз істерін қолға алады. “Тәртіпке бас иген құл болмайды” демекші, бұл жанұя тазалық пен тәртіпті қатаң ұстанады.
Балаларын өнермен қоса, еңбекке баулып, биік адамгершілік қасиеттерге, қарапайым, кішіпейіл, білімді адам болуға тәрбиелейді.
Олар әрдайым бір-біріне қуаныш сыйлауды әрі қолдау көрсетуді ұмытпайды. Отбасындағы жандардың туған күндерінде барлығы міндетті түрде бас қосып, құттықтауларын жеткізеді. Одан бөлек, жыл сайын отбасылық серуен ұйымдастырып, тауға демалуды дәстүрге айналдырған.
-Осы ауылда туып-өстім. Әкем Билікөл совхозында ферма меңгерушісі болып жұмыс істеген, – деп бастады әңгімесін Серік аға. -Анам Бейбіткүл де ел қатарлы ауылда еңбек етті. Бірақ, өмірден ерте озды. Әкеміз кенже ұлымен үйде жалғыз қалды. Салтанат екеуміз 1988 жылы отау құрдық. Алғашында совхозда дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүріп кейіннен көлік жүргізушісі болдым. Тәуелсіздік алған соң Алматы қаласына қоныс аударып, сонда біраз жыл жұмыс істедік. Балаларымыз кішкентай. Біресе Алматыға, Таразға, біресе ауылға келіп жүрдік. Әкеміз жалғыз қалды. Кіші інім әлі кішкентай. Сондықтан біржолата ауылда қалуға бел будық, – деп 12 жыл ауылдық округ әкімі аппаратында жүргізуші болып жұмыс істегенін атап өтті.
Ал, отанасы Салтанат Амангелдіқызы алғаш келгенде Қарабастау ауылының табиғатының сұлулығы мен ерекшелігіне тәнті болғанын айтады. Ауылға дос қызымен Тұрар Рысқұлов ауданынан келіп, өмірлік серігін Билікөл өңірінен жолықтырған екен.
-Екеуміз отау құрған жылдары қиын кезеңдер еді. Бірақ, біз отбасымыздың берекесі мен бақыты үшін ешқандай жұмыстан қашпадық, – дейді Салатанат Амангелдіқызы. – Бір-бірімізді қолдап, сүйеніш бола білдік. Үйлену оңай, әрине. Бірақ отбасын сақтап қалу, үлкен отбасы болу қиын. Ол үшін жанұяда сыйластық пен сүйіспеншілік берік орнауы керек. Қолдау мен бір-біріңді түсіну қажет. Отбасымызда отағасының рөлі зор. Балаларға қатал болғанымен, жаны жұмсақ. Балаларының ойын біліп, соған қарай бағыт-бағдар беріп отырады. Қаталдығы мейірімімен ұштасып жатады. Перзенттеріміздің жақсы азамат болуы да әкесінің берген тәлім-тәрбиесінің арқасы шығар деп ойлаймын.
Бізді мұнда ауылға деген сүйіспеншілігіміз қайта оралтты. Атамызбен бірге тұрып, Ермек қайын ініміздің тәрбиесіне араластық. Өнегелі, өсіп-өнген отбасында келін болып, қара шаңырақта атамыздың түтінін өшірмедік. Қара шаңырақ та киелі екенін ұғындық. Қазір шүкір, “батаменен ел көгереді” демекші, үлкендердің разылығын алып, өніп-өсіп отырмыз. Ермектің жұбайына өзімнің туған келінімдей қарап, аталық, аналық қамқорлығымызды көрсетудеміз, – дейді.
Отанасы қазіргі таңда Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарады. Өнерге де ойламаған жерден келген ол бүгінде ауылдың мәдениетін көтеруге сүбелі үлесін қосып отыр. Ауылдағы өнерлі жандармен тығыз байланыс орнатып, жұмысын жүйелі атқаруда. Ең бастысы, тұрғындар дән риза. Мәдениет үйіндегі өтетін іс-шараға ауыл болып атсалысып, жастарға үлі-өнеге көрсетуде.
-Өнер маған нағашыларымнан дарыған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбаевтың қасында жүріп, шығармашылығымен сусындап өстім. Бірақ, өнерге бірден бет бұрмадым. Кейіннен Қарабастау ауылында “Ауылым – алтын бесігім” байқауына қатысып, “Өмір – өзен” әнін шырқап көзге түскен болатынмын. Сол кездегі ауылдық округтің әкімі марқұм Б.Қашкеев қолдау көрсетіп, өнер жолына келуіме септігін тигізді. Міне, осы салада жүргеніме биыл 20 жылға жуық уақыт болды. Үйдегі балалардың барлығы өнерлі, әуелетіп ән айтады. Келіндеріміз де өнерден кенде емес, – дейді отанасы.
Мамбетовтер отбасының тұңғыштары Айгерім Алматы қаласындағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қыздары Д.Қонаевтың ауылы Бақанас елді мекеніне келін болып түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Екінші қыздары Айдын Алматы қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұлдары Мейрамбек ІТ-маманы.
Мейрамбек 2019 жылы Алматы маңында болған ұшақ апатынан аман қалған екен. Әкенің берген тәрбиесімен ол сол сәтте көмекке мұқтаж жандарға жан ұшыра жүріп жәрдемін берген. Қанша ауыр әрі қиын жағдай болса да, ер жігітке тән қасиетімен апат болған жерде қалған. Кейіннен оған аудан тарапынан мемлекеттік жәрдем көрсетілген.
Ал, Мейірбек заңгер мамандығын меңгеріп, бүгінгі күні Алматы қаласында құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Сүт кенжелері Аружан Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы.
Жарасымды жұп Серік Берікұлы мен Салтанат Амангелдіқызы балаларымен мақтанады. Адами қасиеті бар, азамат болып қалыптасқанына қуанады. Бақытын балаларынан іздеген олар ұл-қыздарынан 11 немере сүйіп отыр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»