Basty bet

Аудан әкімі Көкбастау ауылдық округінде болды

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритміне сәйкес кезекті іссапармен Көкбастау ауылдық округінде болып, осындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан басшысы жұмыс кестесі бойынша алдымен Көктөбе ауылдық клубы және кітапханада орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен кеңінен танысып, осында өткізіліп жатқан іс-шараларға қанықты.

-Ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтарды жайдан-жай ашып отырған жоқпыз. Ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай керекті анықтамаларды, тағы да басқа жарнамалық ақпараттарды осы жерден алулары тиіс. Себебі, соңғы кезде тұрғындардың кітапханаға келулері сиреп барады. Осында бас сұққан адам міндетті түрде кітапханаға да кіріп шығады деген ойдамын. Осы ретте ақпараттық орталықтың жұмысын тиімді ұйымдастыруды сала басшыларына тапсырамын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан әкімі келесі кезекте округке қарасты Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының аралығында құрылысы өткен жылы басталған мешітпен танысты. Мұндағы құрылыстардың барысы туралы ауылдық мешіттің имамы Алғабек Сүгірбеков айтып берді. Бүгінде мешіттің қабырғалары тұрғызылып, шатыры жабылып, күмбезі қойылған. Одан бөлек мешіт жанынан құдайы тамақ беруге арналған, т.б. қосалқы үй-жайлардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қосбөлтек ауылындағы «Шұғыла» балабақшасының жұмысы, сонымен қатар мұнда бес келушіге арналып салынып жатқан медициналық пункттің құрылысы да аудан басшысының назарынан тыс қалмады. Мұнда да аталған әлеуметтік нысандардың жұмысын тиімді ұйымдастыру жайы сөз болды.
Имандылық жайын терең ескерген Бақалы және Теріс ауылдарының жұртшылығы да жұмылып, екі ауылға ортақ мешіттің құрылысын жүргізуде. Айта кету керек, ауылдық мешіттің бой көтеруіне Бақалы ауылының түлегі, бүгінде Тараз қаласында кәсіпкерлікпен айналысатын азаматша Гүлнар Мырзахметова демеушілік көрсетуде екен. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қос ауылдың да тұрғындары сауапты істен қалыс қалып жатқан жоқ. Мұндағы жүйелі жұмыстарды көрген аудан әкімі Нарбай Ергебеков мешіттің қабырғасына өз қолымен кірпіш қалап, алдағы атқарылатын сауапты істің барысына сәттілік пен береке тілеп аттанды. Бақалы ауылындағы балабақша, ауылдық клуб, сонымен бірге кітапханадан жақында ғана ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмыстары да әкімнің назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Бақалы ауылдық клубында округ тұрғындарымен кездесу өткізіп, мәселелеріне құлақ түрді. Жиынға аудандық мәслихаттық хатшысы Ерғали Тілеубеков, әкімнің орынбасарлары, сала бойынша әкімдіктің бөлім басшылары қатысты.
Алдымен ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаев ағымдағы жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, тұрғындар арасынан жинақталған мәселелер негізінде алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды айтып берді. Ол «Қарапайым заттар экономикасы» мәселелері бойынша қолға алынып отырған жобалардан хабардар етті. Айта кету керек, Теріс ауылындағы «Бектеміс» каналының қазіргі жай-күйі жиынның негізгі өзегіне айналды.
-Біз тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын қолға алып отырмыз. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынып отырған пилоттық жобаның маңызы зор. Бұл жобаны дамыту үшін біз ең алдымен ауыл тұрғындарына бақша суын жеткізіп беруіміз қажет. Аталған мәселе шешілмей бұл тірліктің алға басуы мүмкін емес. Менің білуімше, бұрындары «Бектеміс» каналының суымен 50 гектардан аса жер суғарылатын. Қазір ше? Ауылдың әкімі тұрғындарға су жеткізіп бере алмай отыр. Жұмыстарды атқаруға ауылдың шамасы жетпесе ауданға шығыңыздар. Арнайы техника бөлдіруге көмек көрсетеміз. Ауылдық округтің әкімі осындай ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болуы қажет. Қалғанына тұрғындардың өзі-ақ қолдау көрсетеді,- деді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, оған тиісінше жауаптар беріліп, назарға алынды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close