Basty bet
Есірткіге елікпе, өміріңді өксітеді
Қазіргі таңда нашақорлық әлемнің күрделі проблемаларының біріне айналып отырғаны жасырын емес. Бұл бағытта тек Қазақстан емес, бүкіл ел күрес жүргізіп келеді. Осы орайда, бұл кеселмен қоғам болып күресу және алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, нашақорлық дертінің алдын алуға да жауапты мекемелер мен тұлғалар бар. Осы ретте, ауданда нашақорлықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы және көрсеткіші қандай деңгейде екенін зерделеп көру үшін ең алдымен аудандық аурухананың мамандарынан сұрадық.
Зоя Бердіқожаева, аудандық орталық аурухананың нарколог дәрігері:
– Есірткінің ерекшелігі сол, адам оған бір-ақ рет дәмін тартқаннан кейін әуес болып қалады. Оның қай түрін пайдаланса да, ол адамның ғұмыры ұзаққа бармайды. Яғни, өзінің өміріне балта шабады.
Нашақорлық – жазылмайтын дерттің бірі. Себебі, есірткіге, темекіге деген тәуелділік адамды одан шығуға мүмкіндік бермейді. Алайда, олар аз қолданылатын, көп мөлшерде қолданылатын болып келеді.
Ең алдымен, біз учаскелік полиция инспекторларымен тығыз байланыстамыз. Олар мұнда ұсталған азаматтарды есірткіні тұтынатын немесе тұтынбайтынын анықтау үшін әкеледі. Біз анализдерімен талдау жасап, анықтап, жауабын береміз. Көп мөлшерде тұтынатын азаматтар Тараз қаласындағы наркологиялық диспансерге жіберіледі. Бізде есепке алынады.
Профилактикалық бақылауда бір жыл тұрса, диспансерлік бақылауда бес жыл бойы есепте тұрып, бақыланады. Оларды есепке алған соң, анықталған округтегі жалпы тәжірибелі дәрігерлер және потранаж медбикелер берілген мекенжай бойынша үйді-үйді аралап, бақылау жұмыстарын жүргізеді. Өз есептеріне қойып, анализдерін алып келеді. Олармен хабарласып, мәліметтерін алып тұрамын. Негізінен, есірткі тұтынатын азаматтар өз еркімен мұнда келе бермейді. Көбінесе учаскелік полиция қызметкерлері арқылы ғана ауруханаға келеді. Ал, аз мөлшерде қолданатын азаматтар кейде өздері келіп, ем қабылдап тұрады. Көп тұтынатындар Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындары болып отыр.
Қазіргі таңда есірткі тұтынатын адамдарды мойындату өте қиын. Олардың есірткінің бірнеше түрін тұтынады. Мәселен, каннабиноид деп аталын түрін және өсімдік түрін қолданатындар бар. Сонымен қатар, бір адам бірнеше түрін тұтынады. Осы ретте 2018 жылы наркологиялық есепте 42 адам тұрса, 2019 жылы 35 адам тіркелді, 10-ы диспансерлік бақылаудағы ересектер болса, 25-і тұрақты түрде профилактикалық есепте тұрады. Бір өкініштісі, нашақорлыққа тәуелді жастар да кездеседі, яғни алтауы 14-29 жас аралығындағы жастар. Есепте Б.Момышұлы ауылынан үш, Қызыларық ауылдық округінен бір және Қарасаз ауылдық округінен бір жас тіркеуде тұр.
Қай саланы алсақ та, проблемасыз болмайды. Біздің салада да проблемалар көп кездеседі. Оның бірі – емделушілердің мекенжайының тұрақсыздығы. Тіркеуге кейбір адамдар дұрыс емес мекенжайын көрсетіп, онымен байланысымыз үзіліп жатады. Мұндай емделушілерді бір жылға дейін есепке алып, одан кейін шығарамыз. Себебі, оны таба алмай қаламыз. Тағы да бір мәселе дәріханалардағы ауруды басатын дәрілер, атап айтқанда, кетатов, катанолда ауруды басатын есірткінің аз ғана мөлшері кездеседі. Осы дәрілер дәріханада сатылмаса екен деймін. Себебі, сол ауруды басатын дәрілерді ішкеннен кейін анализ тапсырса, ертеңіне ол есірткі тұтынушы болып тіркеліп қалады. Ол біздің ауданның көрсеткішін жоғарылатып жібереді. Мұндай жағдайда емделушілерді толық тексеріп, мән-жайлар анықталады. Сондай-ақ, азаматтар ондай зиянды әдеттерге әуес емес екенін айтып, түсіндіреді. Біз де оны бақылауда ұстаймыз. Уақыт өткеннен кейін қайта тексереміз, – дейді нарколог дәрігер.
Сонымен қатар, нарколог дәрігер нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шараларға қатысып, кеңестер беретінін де айтып өтті.
Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына қатысатын мекеменің бірі – аудандық аурухананың профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі. Бөлімнің саламатты өмір салтын қалыптастыру медбикесі Кәмшат Әміреева: «Әр мектепте наркопостқа жауапты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бар. Біз тікелей сол мамандармен тығыз байланысты жұмыс жасаймыз. Солардың сұраныс хатына сәйкес нашақорлықтың алдын алу үшін түрлі кездесулер, іс-шаралар өткіземіз. Яғни, ақпараттық құралдармен қамтамасыз етеміз. Жоспарымыз да бекітілген. Аудандық орталық аурухананың дәрігері Зоя Бердіқоджаевамен де бірлесіп жұмыс жасаймыз»,- дейді.
Осы орайда, дәрігердің мәліметіндегі наркологиялық есепте тұрған жастардың бары мені алаңдатпай қоймады. Бұл тәуелділікке душар болған жастардың тағдыры не болмақ?! Мұндай жастармен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов тікелей жұмыс жасамайтындарын айтты. Тек олармен жанама түрде, яғни түрлі іс-шараларға тартып, түсіндірме жұмыстарын жасайды екен. Аталған мекеменің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясатының» 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында 2019 жылы жоспарға сәйкес 36 іс-шара өткізілген. Оның ішінде 22 кездесу, 17 «дөңгелек үстел» отырысы, 3 спорттық іс-шара, 2 акция. Аталған шараларға 930-ға жуық жастар қатысып, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарға арнайы мамандардан жауаптарын алған. Сонымен қатар шараға қатысушы жастарға брошюралар таратылып, бейнероликтер көрсетілген. Нашақорлықтың алдын алу барысында өткізілген «дөңгелек үстел» отырыстарына және кездесулерге «Жастар денсаулық орталығы» мекемесінен жылдық жоспарға сәйкес, аудандық аурухананың мамандары З.Бердіқоджаева және А.Дәрібаева шақыртылып, семинар-тренингтер өткізілген. Өткізілген барлық шаралар медиа-жоспар бойынша аудандық «Жаңа өмір» газетінде 12 мақала жарияланса, jualy_jastary@mai.ru фейсбук әлеуметтік желісінде 34 ақпарат жарыққа шыққан екен.
Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйытқы болуымен, өткізілген іс-шаралар кестесіне сәйкес, «Жастар есірткісіз өмірді қалайды» атты футболдан турнир, «ЖИТС – ғасыр зардабы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы, «Ғасыр дертімен бірлесе күресейік!» тақырыбында жастармен кездесу, «Есірткісіз болашақ!» тақырыбында жастарға түсіндіру жұмысы, «Есірткісіз өмір жарқын болашаққа бастайды» атты жастар акциялары т.б. іс-шаралар ұйымдастырылған.
Ал, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Ерлан Түменбаевтың мәліметінше, Жуалы ауданы аумағында өткен жылы есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша жалпы жеті дерек анықталған. Оның үшеуі сотқа жолданса, екі дерек аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің өндірісінде. Ал, 2018 жылы аудан аумағында есірткі бизнесіне қарсы күресте алты дерек анықталған. Сонымен қатар, есірткі айналымынан өткен жылы 11 келі 185 грамм марихуана есірткі заты тәркіленіп алынса, 2018 жылы есірткі айналымынан 34 келі 980 грамм гашиш есірткі заты тәркіленген. Аудандық полиция бөлімінің нашақорлыққа арнайы есебінде 83 тұлға бар, оның ішінде 2019 жылы есепке алынғаны сегіз тұлға бар болса, 2018 жылы аудандық нашақорлық есебінде жалпы 76 тұлға бар, оның ішіндегі есепке алынғаны 4 тұлға.
Ерлан Каипов, жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы:
– Нашақорлықпен ұсталған тұлғалардың ішіндегі аз мөлшердегі тұтынатындарын ауруханаға жібереміз. Ал көп мөлшерде есірткі қолданатын азаматтарды тергеп, сотқа жіберіледі. Аудандық ауруханамен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Ондағы есепте тұрған азаматтардың мәліметін алып, салыстырып тексеріп, біздің есепке алынып отырады. Дәрігердің анықтамасы бойынша ғана есептен шығарылады. Есепте тұрған азаматтармен учаскелік полиция қызметкерлері тоқсанына бір рет профилактикалық есебінде жұмыстар жүргізеді,- дейді ол.
P.S. Есірткіге тәуелділік жастар арасында болғаны да өкінішті жағдай. Өмір баспалдағына енді ғана қадам басып келе жатқан жастар өз өмірлеріне балта шапқаны көңілімізге қаяу түсіріп отыр. Сол себепті, жастар тәрбиесіне аса мән берген жөн. Елдің ертеңі, болашағы жастар емес пе?! Олардың саналы, бәсекеге қабілетті болуы үшін де қоғам болып атсалысуымыз керек.
Нашақорлық – індет, адам ағзасына кіріп алған соң шығуы қиын. Бұл індеттің алдын алу баршамыздың міндетіміз. Себебі, еліміздегі әр адамның өмірі біз үшін қымбат. «Тән сұлулығының тамыры – тазалықта, жан сұлулығының тамыры – тән саулықта» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, зиянды әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, саламатты өмір салтын қалыптастырып, жақсы өмір сүргенге не жетсін!