Basty bet
Айшығы бөлек Айнакөл
Шығыс халықтарының ертедегі аңыз ертегілерінде Феникс құсы от тәрізді қызыл ала-сары ала түстес келіп, нұрдан жаралғаны туралы наным қалыптасқан. Қасиетті саналған. Ол өлгенде жаны аспанға ұшып кетеді екен. Құдай бар болса, Сары ала қаз құсының тұқымы үзілмейді, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін әулие сынды. Өйткені «сары ала қаз аспаннан отқа оранып, көл үстіне шырылдап түседі» дейді. Ол адам аяғы баса бермейтін биік тауларда тіршілік етіп, шың басындағы қазан шұңқырлардың мөлдір, тұнық суларда балапанын өргізеді екен.
Қасиетті Қаратау тауының Алатаумен түйіскен Жуалы үстірті белдеуінің бойы әлімсақтан Қырғыз Алатауы немесе Шерағаңша айтқанда, қасиетті Тәңіртау аталады. Осы таудың Көксай, Ақсай және Тобышақты аңғарлары етегіндегі Мыңбұлақ жазығы – Шерхан Мұртазаның туып-өскен, кіндік қаны тамған отаны. Жазушының «Сары ала қаз Феникс», «Ақсай мен Көксай», «Тұз кесел» әңгімелері кез келген оқырманды тақырыбы арқылы елең еткізіп, иірімдей тарта жөнеледі.
Мұзарт шыңдар қойнауларында мекендейтін тағы аң-құстардан күнге табынған ғұн – гүн тайпаларының, көк бөріден өрбіген, көк тәңіріне тәу еткен көк түркілерінің таралғаны ескі жыр-дастандарда айтылады. Аңызбен астасқан жыр-дастандар болған оқиға желісіне негізделетіні хақ.
Аталған әңгімелер тауға баруға, мұзарт шыңның басындағы көлді көруге тартады да тұрады. Жергілікті жуалылық тумаларды үгіттей жүріп, тау кереметін асыра айта жүріп, шығуға бет байладым. Жасақты тау әңгімесіне жетік жігіттерден құрып, күні белгіленіп, әйтеуір тауға шығуға дайын да болдық. Арман – Феникс мекені Айнакөлді бір көру.
Сонымен, Бауыржан Момышұлы ауылынан шығып, оңтүстік шығысты бетке өрлей жол тарттық. Оң жақ маңдай тұста Алатаудың қарлы шыңдары мен мұндалайды. Көксай аңғары автокөлікке ыңғайлы жер жатысы жолымен отыз бес шақырымдай. Ары қарай жаяуға қуат берсін.
Топ ішінде ел басқару ісінде атқа мініп жүрген Қасымбеков Марат пен Қуанышев Ғани және тау жүрісіне ыңғайлы сидам Артық пен ақ көңіл жол серік Ержан.
Жуалыда туып-өскендіктен, бұрынғының өлкеде ел басқарған тұлғалары жайында, осы жерде іздері қалған абыздар мен ақын-жыраулар, елін қорғаған Бердіқожа, Ақментей батырлардың, Қоқанға қараған тұстағы Батырбек, Байзақ датқалардың басқаға бағына жүріп қол астындағы халқының болашақ тағдырына әсер еткен игі істері жайлы, патша кезіндегі көзі ашық Мақұлбек, Қабылбек, Жандарбек болыстардың, текті би Текебай мен Дәуімбет, Төребек сынды билердің асыл қасиеттерін қозғап, ел аузында қалған сөздерімен жол қысқартуда.
Тарихи деректерде ел билеген қағандар мен әміршілер жорықтарында Жетісу мен ертеректе Жиделі Байсын делінетін өлкелердің аралығына жататын Жуалының табиғатына тамсанбауы, көңіл бөлмеуі мүмкін емес.
Кейбір тарихшы, жазушылардың еңбектерінде әлемнің билеушісі атанған ұлы Шыңғыс хан алғашқы жойқын, батыс жорығында Хорезм хандығын күйрете жеңген құрметіне, қайтар жолда Шақпақ асуы мен Мыңбұлақ жазығында тойлаған деген мәлімет келтіріледі. Ал Боралдай таулары басталатын Қошқарата ауылының Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданымен шектесетін оңтүстік тұсында, қозы көш жерде Орда қонған биігі тарихтың куәсі.
Қытай саяхатшыларының Х ғасырға дейінгі, бүгінгі күнге жеткен жазба деректерінде Мыңбұлақ қағандардың жазғы жайлау қонысы (резиденциясы) болғаны, бұғы өсіріп, арнайы сырғалау, қоңыраулау арқылы санақ жүргізгендігі және сол замандарда қорық жасалып, аң аулау өнерін тамашалайтындығы айтылады.
Баукең дүниеден өткеннен кейін, туған жеріне тәу ете келген өнер құдіретінің иесі Нұрғиса Тілендиев Мыңбұлаққа іліне жол жиегіне аунай кетіп, «Сен жұтқан ауаны жұттым, сен ішкен бұлақтан су іштім, сен аунаған топыраққа аунадым, қасиетіңнен айналайын Бәукем, батыр көкем» деп біраз шерін тарқатып алған деседі.
– Түлкі кетті, – деген Мәкеңнің ащы даусынан селт ете, жан-жағыма қарасам, оң жақ қапталда батыр Баукеңнің туып-өскен мекені – Момышбұлақтан өтіп барады екенбіз. Бұл маңайда мұндай бұлақтар мыңдап саналады. Мыңбұлақ аталуы содан болар.
Жер беті халықтарының бірінде ел қамын ойлаған, елге сыйлы жандар дүниеден қайтқанда, жаратушы рухын аң-құсқа айналдырып, ескі қоныстарына жібереді-мыс. Мүмкін, рас та шығар. Жаратушы бір емес пе? Мүмкін, бізге әркез көрінетін түлкі, қоныс иесінің бір кейпі болар.
Момышбұлақтың үстінде ескі Қара жолдың сұлбасы білінеді. Анау терек ағаштары мол Талапты ауылы. Еліміздің аймақтарында қаймағы бұзылмаған, тек бір атадан тарайтын рулы ел қоныстанған елді мекендер бүгінгі күнде саусақпен санарлық. Бірақ кездеседі. Ауылда Бәйдібектен өрбіген Шымыр атаның Құли әулеті дара отыр. Бұл да тазалықтың бір нышаны шығар.
Ауылдан шығысқа қарай Мұртазаның қыстауы, қатарлас жатқан Бөдене ескі қыстауларының орындары. Одан әрі Ыбырай сайдан жол оңтүстікке өрлей жөнелді. Солтүстік еңісте жұмақ мекен Алатау ауылы көз тартады. Кезінде Жоңғар шапқыншылығы тұсында қырғыз мекен еткен болар, бір уақыт Шоң Қара аталыпты. Төменде Қызыларық ауылы қарауытады. Иек астында өмір жолының бір аялдары Сұрым бекеті.
Алатау етегінде Ақсай мен Көксайдың арасындағы Қорым жайылымы мен Керегетас сайы бүгіндері малшылардың мырзалары отыратын мекеніне айналған. Шілденің аптап ыстығында мұнда самал есіп тұрғандықтан қара күз түскенше жасылға бөленіп тұрғаны.
Ал қырғыздың сызығына енетін Манас шыңы осы маңдағы шыңдардың төресі саналады. Мызғымастай тұрпатына, өзгермейтін ақ бас шыңдарына сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Талай әңгіменің желісіне арқау болған нағыз Тәңір Шыңы міне, осы. Бірақ созыла керілген темір тордың арғы жағы. Өкінішті.
Мына Көксайдың арғы бетінен кезінде кеңес үкіметі бетон канал жүргізген. Әр ел өзінше шаңырақ көтерген тұста қырғызда қалыпты. Қырғыз шекарасында болғанымен, төменде егіс алқаптарын суаратын біздің диқандар. Жақын жылдары туындаған екі жақты жағдайларға байланысты, канал аңғардың бергі тұсынан қайта салынуы үкіметтік деңгейде шешіліп, қазіргі таңда жаңа канал ел игілігін ақтауда.
Аңғардың аузында, «Ақсу Жабағылы» қорығының кардоны орналасқан. Кеш болмай осында жетіп үлгердік. Тау қарауылдарына сапарымыздың мән-жайын түсіндіріп, келер күнгі таңғы сағат 4-30 жолға шығатын болып, жақсылап тынығып алуға жайғастық. Осындағы қар басқан шыңдарға бұрын көтерілмегендіктен келер күнгі саяхатымызға алаңдаудамыз.
Белгіленген уақытта тік көтеріліп, жолға шықтық та кеттік. Жалғыз аяқ жол. Бір жағымыз шың да, келесі беті шыңырау. Теледидардан еліміздің солтүстік аймағында биші қайың шоғырын көрсетіп жатады. Биші қайыңның бір қонысы Көксай аңғарының орта белі екен. Міне, қайыңның сұлулығын осында кездестірдік. Таңғаларлығы, киімге не шаң, не көк жағылмайды. Тылсым табиғат керемет қой. Ағаштар мен өсімдіктердің неше түрлері кездеседі. Суырдың ысқырған дауыстары. Басқа дүниеге енгендей әсермен келеміз. «Таңғажайып» сөзінің мәнісін енді ұққандай болдық. Мұндайды мың естігеннен, бір көрген дұрыс.
Шамамен алты-жеті сағаттай мөлшерде, баяң жүріспен, жарқыраған Айнакөлге де жеттік. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктен жоғары. Аумағы төрт гектарға жуық. Көлдің беті жетімсіреп тұрғандай, тіршілік сезілмейді. Қар еруінен жиналғандықтан суы өте салқын. Көлдің төменгі жағалауы көкорай шалғын, жазықтық. Бір жайлау қонысына тартады. Қызыл-сары суырлардан мол тіршілік иесі жоқ. Әр тастың асты қазылған ін. Айнакөлден жоғары мәңгілік мұз құрсанған шың жартастарға дейінгі бес жүз метрдей аралықта, қоралы үй қонған көлемге шамалас бес-алты тау қазан шұңқырларында су айдындары жалтырайды. Ең жоғарғысына көтерілгенімде мәңгі мұзды көл алдымнан шықты. Бұл биіктікте мұз бен қардың толық еруіне мүмкіндік жоқ екен.
Өкініштісі, феникс мекенін көргенімізбен, сары ала қазды көре алмадық.
Қырық күнге созылатын шілденің екінші жартысында ғана мұнда жер жіпсіп, шың өсімдіктері тіршілігін жасап қалады екен. Тым қысқа болғанымен асқақ, паң тіршілік. Айнала көрпе бойы алуан түсті гүлдер. Мұндай ашық түстер төменде кездесе бермейді, тамсандырады. Қызылдың неше түрі, жасылдың түрлері, қою көк дейсің бе, күн түстес сары гүлдер. Бір көруге арман, нағыз жұмақ мекен.
Жоғары қарап отырып, құздардың арасындағы мұздақтардан екі қонжығын ерткен аюды көруге мүмкіндік туды. Міне, керемет. Көзге түсе бермейтін тылсым табиғаттағы жабайы аю. Бұған да шүкірлік айтып, екі жүз метр шамалас оң қапталдағы шың қуысына ендім. Таңғажайып осында екен. Мұз еруінің соңғы күндері болса керек. Көп гүлдердің арасынан Еңлікгүл (Эдельвейс) жарқ ете қалды. Гүлдердің асылы. Көрсеткеніңе шүкір. Еңлікгүл адам аяғы жете бермейтін шыңдарда ғана кездеседі. Ертегілерде айтылатын – мәңгілік махаббат гүлі.
Аспан үсті, көк кеңістігінің иесі қыран самғауы әсерін сезіндік. Жоғарғы шыңның оңтүстік батыс алқабы Өзбек жері де, шығысқа қарай Қырғыз таулары. Үш бауырмал елдің түйіскен жері десек те болады.
Жеті қыр аспай-ақ, мұхит аспай-ақ көңіл сарайын кеңітуге, айнала үңілсек туған өлкеде саяхаттауға арналған орындар жетерлік.
Аунап-қунап тау ләззатын алған соң бесін шамасында қайтуға жиналдық.
Төмен түсіп келеміз. Батысқа созылған Қаратау, биіктен аласа жоталар тізбегі іспеттес.
– Қаздың даусы келе ме,– деді бір кезде саққұлақ Ғани.
Көз салсақ, аспан көкжиегінде кәдімгі жабайы қаз.
– Мұнда қайдан жүр? – деді таңғала Артық.
Оңтүстік батыс көкжиектен ұшып барады. Әлде күнге шағылысып солай көрінді ме? Мүмкін емес. Қаздың түсі сары ала.
– Сары ала қаз Феникс жайлы әңгімеде аңыз желісіне құралған, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін сондай әулие құс болады, – дедім.
Аңшы аң-таң.
– Мүмкін, сол шығар.
– Иә, мүмкін. Кезінде Шерағаңның төбесінен шырылдап ұшып, Көксай аңғарының аузына дейін шығарып салған Феникс құсы ұрпағының жалғасы болар.
Құдіреті күшті Жаратушы, сары ала қаз бұл жолы да жападан-жалғыз.
Оның мекені, Тәңірге жақын орын тепкен, Айнакөл де жалғыз.
Алдияр КӨБЕЕВ,
Б.Момышұлы ауылы