Basty bet
«Халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салдым»
Тәуелсіздік алғаннан кейін ауданның алғашқы әкімі болып Еркінбек Солтыбаев тағайындалды. Еркінбек Бейсенбекұлының ауданға сіңірген еңбегі туралы қаламгер Мырзахан Ахметовтың “Көргені жақсы көш бастар” атты мақаласында кеңінен жазылған еді. Жазушы М.Ахметов ол жылдарды былайша сипаттайды: “Ол еліміз тәуелсіздігін жаңа алып, бет-бағдарын әлі айқындай алмай қиналып жатқан өте күрделі кезең еді. Ауыл шаруашылық науқандарын өткізу үшін техникаға қосалқы бөлшек, құрал-cайман, жанар-жағармай таба алмай аудан мамандары, шаруашылық басшылары жан-жаққа сабылуда. Аталған дүниелер табылған жағдайда оны алатын қаржы болмағандықтан, колхоз-совхоздар «бартер» деген әдіспен соның бәрін малға, астыққа, картопқа айырбастап алып жатты. Шаруашылықтардың малы мен дүниесі азайып, өндірістік қуаты күннен-күнге әлсірей түсті.
Бұл тығырықтан шығу үшін аудан әкімі Еркінбек Солтыбаев колхоз-совхоздардың құрылымын жаңартып, агробірлестіктерге айналдыруды ұсынды. Енді бұрынғы колхоз-совхоздар агробірлестіктер болып қайта құрылды.
Жуалы ауданы егіншілік және мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, бұрыннан картоп өсіруге маманданған аудан еді. Шаруашылықтарымыз Жамбыл, Қаратау, Жаңатас қалаларының фосфор өндірушілерін, Орта Азия әскери округінің әскерлерін картоппен және басқа да көкөніс дақылдарымен қамтамасыз ететін бірегей аудан. Алайда, 90-шы жылдары картоп шаруашылығы да тығырыққа тірелген. Егіс алқаптары тозып, тұқымдық материалдар азып дегендей, өнім де күрт төмендеп кеткен болатын. Алыстан тұқым, минералдық тыңайтқыш әкелуге қаржы жоқ, тіршілік қиындай түскен кез. 1993 жылы аудан әкімі Еркінбек Солтыбаев сонау Еуропаның қиырындағы Голландияға сапар шегіп, ол жақпен келісімшарт жасасып келген соң көп ұзамай Голландиядан картоп егетін алуан-алуан техника, жаңа тұқыммен бірге мамандар да келіп жетті.
Голландиялық мамандар ерте көктемнен бастап өз техникаларымен жер жыртқызып, оны өңдеп, тыңайтып, картоп тұқымын еккізді де, осы алқаптарды жаз бойы өз технологиялары бойынша күтіп-баптап, бұл әдістің бәрін шаруашылық мамандарына үйретті.
Жиын-терін кезінде алқаптарды кеседей-кеседей ақ картоптар басып қалды. Бұрын әр гектардан 150-200 центнерден өнімді әзер алып жүрген шаруашылықтың бұл жолғы көрсеткіші 600-650 центнерден айналып, жергілікті тұрғындардың таңдайларын қаққызды.
Келесі жылы голландиялық технология бойынша картоп егуге «Жаңа Теріс» агробірлестігі кірісті. Аудан әкімі Еркінбек Солтыбаевтың батыл әрекеттерінің арқасында картоп шаруашылығы, сол бір қиын кездің өзінде, табыс көзіне айналған еді.
Еркінбек Бейсенбекұлы ауданның әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Елді мекендерге табиғи газ кіргізу жұмысы 90-шы жылдардың басында күрт тоқтап қалса да, облыстық газ шаруашылығы мекемесімен байланыс жасай жүріп, өзі әкім болып қызмет істеген төрт жылда ауданда 3000 аулаға, 17 мектепке, орталық ауруханаға газ кіргізілді. Күреңбел, Қарабастау ауылдары маңындағы өзендерге үлкен екі көпір салғызып, елдің алғысына бөленді.
Жуалы ауданының орталығы қазіргі Б.Момышұлы кентінің қақ ортасынан бұрынғы «Түркісіб», қазіргі Қазақ темір жолы өтеді. Автокөліктер бір жағынан су жүретін жол асты өткелімен, екінші жағынан шлагбауммен реттелетін жол үсті өткелімен ары-бері өтіп, жылдар бойы қиналып келгені мәлім. Өйткені су өткелі қыста мұз болып қатып қалып, өткел бермейді, ал шлагбаум арқылы өтетін жолда іркіліс көп, жол апаты да жиі. Сондықтан аудан халқы темір жолдың үстімен автокөлік жүретін өткелді жылдар бойы армандап келген еді. Бұл туралы олар Кеңес өкіметінің кезінде Қазақстан басшылығына да, КСРО өкіметіне де қаншама өтініштер жазғанымен, бұдан оң нәтиже шықпаған. КСРО Халық депутаттарына жүктелген сайлаушылар аманаттары да шешімін таппай келді.
Жерлестерінің бұл арманын әкім Еркінбек Солтыбаев қана жүзеге асырды. Ол мұның шешімін қалай тапқанын білмейміз, бірақ бұл проблема ойдағыдай іске асып, темір жол үстінен автокөлік жүретін өткел салдырып беруі ерлік іс еді. Сонау 80-ші жылдардың соңына қарай құрылысы басталып, жарым жолда қалып кеткен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының мемориалдық мұражайының құрылысын бітіртіп, оны экспонаттармен жабдықтап, мұражайды 1995 жылы 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында салтанатты жағдайда ашып бергені де ел жадында. Айтпақшы, ол әкім болып келген 1992 жылдың күзінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 60 жылдығын бұрын-соңды болмаған сән-салтанатпен өткізгені де ел есінде.
1995 жылы атап өтілген Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында «Октябрский», «Бурненский» совхоздарының орталықтарында, Күреңбел, Жаңатеріс елді мекендерінде соғысқа қатысқан азаматтардың аттарын мәрмәр тасқа қашатып, ескерткіштер салдырып берген еді. Сондай-ақ Еркінбек Солтыбаев аудан орталығындағы құрылысы аяқталмай тұрған мешіттің құрылысын аяқтауға да көп еңбек сіңірді.
Еркінбек Солтыбаев ауданға әкім болып келген соң жас отбасыларына 25 жылдық несиемен тұрғын үй алып беруге ерекше қамқорлық жасап, ауданда бір жылда 100-ден аса жас отбасылар баспаналы болды” деп сол жылдары атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі жазады.
Міне, осындай атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінде ауданымыз әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыды.
Мерекелік нөмірге мақала әзірлеу мақсатында облыс орталығындағы «Ардагерлер үйіне» барып, Еркінбек Солтыбаевпен сұхбаттасқан едік. Жылы шырай танытып қарсы алған ол қазіргі таңда облыстық ардагерлер ұйымының жұмысын қолға алған. Ардақты ардагерлердің басын босып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев ауданды өзі басқарған жылдарды былай сипаттайды:
-Жаңа мемлекет құрылып, әлем елдерінің қатарында Қазақ елі деген мемлекет пайда болды. Одақ ыдырап, байланыс үзіліп қалды. Әрине, республика көлемінде қиын жағдайлар болып жатты. Банк жүйесі бір-біріне бағынбады. Жанар-жағармайды көршілес Шымкент қаласынан тасымалданды. Шаруаларға келетін жанар-жағармай тасу мәселесі үзіліп қалып, шаруалар қиналып қалды. Там-тұмдап жүріп тасып алдық. Қаратау қаласында кен орны болды. Олардың көмегі тиіп бартерге жанар-жағармай алып, жұмыс жалғасын тауып жатты.
Ауданның шаруалары астығын уақтылы екті. Малдың басы қысқарған жоқ. Мал азығын дайындап, 1993-94 жылдары қатты қыс болды. Облыс көлемінде шаруалар қиналып, мал азығы тапшы болды. Ал, аудан көлемінде “қыстың қамын жаз ойла” деп жуалылықтар мал азығын молынан дайындады. Қанша қиын кезең болса да шөбі шүйгін Жуалы жерінің астығы уақтылы жиналып, мал азығы әзірленді.
Тәуелсіздік алған жылдары елімізде жекешелендіру басталды. Шет елдің, яғни еуропалық даму банкінің, дүниежүзілік банктердің озық тәжірибелері алынып, солардың нұсқаулығымен жекешелендіру қолға алынды. Бұл жүйені аудан тұрғындарына түсіндіру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Өйткені, біздің жұмыс жүйелі түрде колхоз бен совхозға тікелей қатысты еді. Елмен сөйлесіп, біраз уақытқа дейін колхоз бен совхозды сақтап тұрдық.
Жуалы ауданы – аграрлық аудан. Халқының егіншілік мәдениеті жоғары. Біз жыл сайын әр гектардан 18-19 центнерден өнім жинап алдық. 46-50 мың гектарға дейін астық егілді. Біз ғылыми негізде ауыспалы егісті қолға алған болатынбыз. Көпжылдық жоңышқа мен картоптың егістік орнын ауыстырып, мол өнім алу үшін күш салдық.
Жуалылықтар мал шаруашылығын да жақсы қолға алған. Сол себепті ауданда сүттің көлемі жақсы. Тұрғындар да жеке кәсіпкерлікке жақсы бет бұрыс жасаған. Бұл тұрғыда өңірде мемлекеттік сектор мен жеке секторды дамыту қолға алынды. Жекешелендіру басталып, шаруа қожалықтар құрылып, жеке кәсіпкерлер өз ісін бастай бастады. Қошқарата ауылдық округінен ірі шаруа қожалықтар құрылды. Талапты, Қайрат ауылдарының тұрғындары жеке сүт өндіру ісін дамыта бастады.
Тоғыз жолдың торабы темір жол ауданды кесіп өтеді. Мұның өзі аудан үшін үлкен жетістік. Малды асылдандыруды қолға алып, ілгері қадамдар бастап, сүт зауыты жаңа технологиялармен іске қосылды. Біз ең бастысы елдің әл-ауқатын төмендетпеуді көздеп, сол бағытта жұмыстарды үйлестірдік”, – деп өткен күнді еске алды.
Ардагер бүгінге ауданның келбеті жақсы жаққа өзгергенін, Жуалы өңірі алғашқы Тәуелсіздік жылдармен салыстырғанда бүгінде дамып, көркейгенін атап өтті. Мұнда өнеркәсіп саласы жақсы дамығанын, шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер жемісті еңбек етіп жатқандығын да мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, ауылдарға табиғи газ тартылып, тұрғындар таза ауызсумен қамтылуын тілге тиек етті. Өйткені, бүгінгі күннің талабы халықтың әл-ауқатын жақсарту болып отыр.
Еркінбек Бейсенбекұлы өз сөзінде аз қамтамасыз етілген отбасылар да қоғамнан тыс қалып жатпағаны, мемлекет тарапынан жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындалуы дұрыс деп есептейді. Аудан ауыл шаруашылығы саласымен айналысуға қолайлы аймақ ретінде санайды. Заманның заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өзі ауданның колхоздарын аралап, өзінің таңданысы туралы «Жуалының ақ бидайы» деген тақырыпта мақала жазып, жоғары бағалағанын да атап өтті.
-«Ақыл – жастан» дейді. Бүгінгі күннің жастары, ертеңгі еліміздің болашағы. Жастарымыз білімді, еңбекқор, жан-жақты болуы керек. Бұл жөнінде жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті қыры» атты қағидаттар жиынтығында бүгі-шүгесіне дейін айтып берді. Бұл құжатты жалпы ұрпақ тәрбиесіне қолданамыз.
Біздің жастарға жұмыс орны керек. Өйткені, ауылдан жастар жұмыссыздықтан кетеді. Отбасындағы жан-жалға да осы мәселе себепкер. Сол себепті, оларға қолайлы жағдай жасау керек, жастарға байланысты әлі шешілмеген мәселе бар.
“Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал” деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Тәуелсіздігіміз – басты құндылығымыз. Тәуелсіздікті алу бар, оны қорғау тағы да бар. Біз аға буын өкілдері жастарға жол көрсетіп, Отанды сүюді насихаттауымыз қажет.
Әр азамат өз Отанының патриоты болуы керек. Бауыржан Момышұлының: “Отан үшін отқа түс күймейсің”, “Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деген аталы сөзі бар. Ұлтың жақсы көрмеген сатқындықпен тең. Патриотизмді басшылыққа алып, оны жастардың бойына сіңіру керек. Отбасы мықты болса, мемлекет те мықты. Осы бағытта ардагерлер жастармен жұмысты ұйымдастырып, жиі басқосулар өткізіліп тұруы тиіс. Білім әлемдік болғанымен, тәрбие ұлттық болуы тиіс, – дейді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”