Basty bet
Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік айғағы
Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне тура 35 жыл. Яғни, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңына жиналған мыңдаған жас Д.Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылықтарын білдіріп, ҚКОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап еткен болатын. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қуды.
Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты емес. Ресми деректерде қайтыс болған төрт адамның ғана аты айтылса, бейресми дереккөздер марқұм болғандар санының бұдан әлдеқайда көп екенін мәлімдеп келеді. Сондай-ақ, осы көтеріліске қатысқан 99 жас азамат сотталып, 264 студент оқудан шығарылған.
Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен №29 орта мектепте «Желтоқсан оқиғасы –Тәуелсіздік айғағы» тақырыбында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті.
Оқушылар Желтоқсан оқиғасынан көрініс қойды. «Желтоқсан желі» әнін орындап, көтеріліс туралы өлеңдер оқыды.
Сөз кезегі жерлесіміз, ақын, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Бауыржан Үсеновтың жары, ұлағатты ұстаз Гауһар Тәжікеноваға берілді.
Гауһар Тәжікенова көтерілістің қалай куәгері болғанын, сол сәттердегі студенттердің жай-күйі, жары Бауыржан Үсеновтың қудаланып, денсаулығына тиген зардабы туралы тебірене сөйледі. Бірақ, жарының елі үшін еткен ерлігін мақтан тұтатынын жеткізді. Жүрегінің түкпірінен шыққан сөздер көзіне жас үйірді, жүректерге жетіп, тебірентті.
Ұстаздың әңгімесі әділдікті, шындықты іздеп, тәуелсіздікті аңсаған жастарға, бүгінгі ел ағасы болған ағалар мен әпкелерімізге деген құрметті арттыра түсті.
-Тәуелсіздік деген жәй ғана ұғым емес, үлкен ұғым. Тәуелсіздік – бабаларымыздың ұлы арманы.
Торда отырған құс пен бостандықтағы құстың айырмашылығы қандай?! Әрине, жер мен көктей. Бостандықтағы құстың мүмкіндіктері көп. Тәуелсіз ел де сондай.
Бүгінгі жастар сендер бақытты ұрпақсыңдар. Білім аламын, жұмыс істеймін деген жастарға мүмкіндік көп. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, оқыңдар, барды бағалап, жігерлі, мақсатшыл болыңдар! Себебі, тәуелсіз еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда,- деді Гауһар Тәжікенова.
Сұрақ-жауап,«Қазақ елі» флешмобынан кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков пен «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов оқушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, халқымыз үшін Тәуелсіздіктің құны мен оны баянды ету жауапкерішілігі туралы әңгімеледі.
Гауһар Тәжікенова мен бірқатар ұстаздарға Алғысхат пен сый-сияпаттар тапсырды.
Әсерлі кездесу оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Патриоттық рухтағы әндер айтылып, Тәуелсіздік туралы жыр шумақтар оқылды.
Соңынан оқушылар хормен «Атамекен» әнін орындады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»