Basty bet

«Бұлағың ағып тұрсын, Шырағың жанып тұрсын!»

Ертай ауылында ауызсу жүйесі іске қосылып, газ алауы тұтанды

Жаңа жылдың қарсаңында Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында көптен күткен қуанышты оқиға болды. Тұрғындарға сапалы әрі таза ауыз су және көгілдір отын пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Ертай ауылында орталықтандырылған сапалы ауыз су бұрын-соңды болмаған. Жұрт бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан, бұлақтан ішіп отырған еді. Енді бұл қиыншылықтар артта қалып, тұрғындар үйлеріне ауызсу құбырын тартып алып, 80 аулаға су есептегіш құрал орнатылған.
Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба құны 246 миллион 004 мың теңгеге Боралдай ауылдық округінің 127 ауласы бар Ертай және 250 ауласы бар Көлтоған елді мекендеріне жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын магистральді газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмысты «CONDОR.KZ» және «Монтажник» ЖШС жүргізді.
Енді міне, Ертай ауылында ауылішілік газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, көгілдір отын ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде 10 үйге газ кіргізілген. Ал Көлтоған ауылына газ тарту жұмыстары келер жылдың қаңтар-ақпан айларында аяқтау жоспарлануда.
Ертай ауылының тұрғындарының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және жауапты бөлім басшылары Ертай ауылына барып, мән-жаймен қанықты. Олар алдымен, ауылға кіреберісте орналасқан су тарату станциясының жұмысымен танысты. Әрі қарай ресми түрде ауылдың орталығында орналасқан көгілдір отынның алауын тұтатты.
– Аудан көлемінде жалпы 49 елді мекен бар болса, онда тұратын халық саны 53 548 адамды құрайды. Былтыр сегіз елді мекенге газ тартылып, жалпы 38 елді мекен табиғи магистральді газ құбырына қосылды. Биыл екі елді мекенге газ құбыры тартылуда. Аталған жұмыс өз мәресіне жеткенде газбен қамтылған елді мекен саны 40-қа жетіп, көрсеткіш 81,6 пайызды құрайды деп күтілуде. 2022 жылы бес елді мекен Қаратас, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келер жылғы бюджетке сұраныс берілді, – деген аудан әкімі Олжас Қаржауов ауыл тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Ауылда алғашқылардың бірі болып үйіне газ құбырын жүргізген Ерлан Тасқынбаевтың шаңырағы. Ерлан Анарбекұлы «Енді ауыл келіндері, таң атпай тұрып, күйе-күйе болып, күл шығармайды. Қазанда ет асулы, шай қайнап тұр. Үйіміз жып-жылы болып қалды. Бұл жаңа жыл қарсаңындағы өте үлкен қуаныш!» деп ағынан жарылды. Сондай-ақ, мұнда ауылдағы «Құлбайымбет» мешітінің имамы Ізетбек Байболов сөз алып, мереке қарсаңында жағымды жаңалықтармен ауыл тұрғындарын қуантып отырған аудан басшыларына және демеушілік көрсеткен, ауылға ұдайы қамқорлық жасап отыратын генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа ерекше алғысын жеткізіп, игілікті істердің жаршысы болып жүрген азаматтарға ақ батасын берді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close