Basty bet

Шарапаты мол бағдарлама

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» демекші, бүгінде ауылда қалып жұмыс істеймін деген жастарға барлық жағдай жасалған. Бастысы алдыңа дұрыс мақсат пен талап қоя білсең болғаны. Әсіресе, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары болып отыр. Себебі, бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан әрбір жас жұмыспен қамтылып қана қоймай, бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаржыға да ие болады.

Міне, қазіргі таңда бұл бағдарламаның шарапатын көріп отырған жастардың бірі – Дамира Сейтімбетова. Ол 1996 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепті аяқтай салысымен мұғалім боламын деген арманмен, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне химия мамандығына оқуға тапсырып, оқуды үздік бітіріп шығады.
Бүгінде Дамира аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегеніне үш жылдан асқан. Сонымен қатар, аудандық «Аула клубы» КММ-да химия пәнінен қосымша дәріс береді.
Дамираның айтуынша, ұстаздық жолды таңдауға оның ата-анасы себепші болған. Өйткені ата-анасы да мұғалім. Әкесі Самат Сейтімбетов аудандағы №1 балалар өнер мектебінде вокалдан сабақ берсе, анасы Айша Дәулетбаева “Мөлдірбұлақ” балабақшасында меңгеруші.
– Жұмысқа орналасқаннан кейін аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне барып, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуға өтініш жаздым. Көп ұзамай өтінішім мақұлданып, алдымен көтерме жәрдемақы алдым. Бюджеттік несие де берілді. Баспана сатып алдым. Баспанам жұмысымның жанында орналасқан. Айта кету керек, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының жастар үшін шарапаты мол. Сол себепті, жастарды ауылды гүлдендіріп, көркейту үшін ауылда еңбек етуге шақырамын. Менің басты мақсатым – оқушыларға сапалы білім беріп, шәкірттерімнің озғанын көру. Сонымен қатар, әрдайым жан-жақты ізденімпаз болуға, білімді, еңбекқорлықты және адалдық пен шыншылдықты өмірлік қағидам ретінде ұстанамын.
Мектепке мұғалім болып орналасқаннан соң, жаңа ортаға сіңісіп кету қиынға соққан жоқ. Ынтымақ, бірлігі жарасқан ұжымыма бірден үйренісіп кеттім. Олардың ыстық ықыласы, кең пейілі, шынайы тілектестіктері маған қанат бітірді, – дейді Дамира Саматқызы.
Дамира сабақтан қолы қалт еткенде, түрлі дәмді тағамдар әзірлеп, сауда жасап, қосымша ақы тауып отырған жайы бар. Одан бөлек, тілін дамыту үшін орыс, ағылшын әдебиеттерін оқиды.
Мұғалім болғанына аз уақыт болса да жетістікке де жетіп үлгерген. Мәскеу қаласында халықаралық конференция практикумында екінші орынды иеленсе, оқушысы Аманбек Карина үшінші орынды жеңіп алған.
Иә, «Боламын деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деген екен атам қазақ. Олай болса, Дамирамен сұхбат барысында жас маманнан жастық жалынды, мамандығына деген сүйіспеншілігін және туған жеріне деген ыстық махаббатын анық сезгендей болдық.

 

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close