Basty bet
Әулеттің ардақты анасы
Біз көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында еңбек майданында шыңдалып, қазіргі таңда бір әулеттің ардақты анасы болып отырған, Алатау ауылының байырғы тұрғыны Күлхатша Ақылбековамен кездесіп, пікірлескен едік. Үлкен әулеттің анасы биыл 84-ші көктемін қарсы алуда.
Әдемі қартая білу де өнер. Мұны бүгінгі кейіпкеріміз Күлхатша апаға тікелей қаратып айтуға әбден болады. Өйткені, ардақты ана әлі де тың, жүріс-тұрысы ширақ. Бетінен әрі кетпеген. Ақ жаулығы аққұба жүзді анаға ерекше рең беріп тұрғандай. Әр киімін үйлесімділікпен талғап киетіні де байқалады.
Жер дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан көктем мерекесін қария асыға күтеді. Өйткені, шуақты мерекемен бірге оның туған күні қатар келіп, ұл-қыздары, немерелері, ағайын-туысы жиналып, қуанышты әрі естен кетпес күнді бірге өткізеді. Бұл күнді Ақылбековтар отбасы бір-біріне жылулық пен мейірімділік төгілетін күннің бірі ретінде көреді. Аналарының амандығын тілеп, оның қуанышты жүзіне марқаяды.
Алты ұл, екі қыздың анасы, “Алтын алқа” алқасының иегері Күлхатша Махамедіқызының кіндік қаны тамған туған жері – Талапты ауылы. Қасиетті мекенде адал еңбекпен есейген ардақты жанның әкесі “Сталин жолы” колхозында еңбек етсе, анасы Айшакүл үй шаруасымен айналысқан. Отбасында төрт ағайынды болған. Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітірген соң, әкенің қаталдығымен оқу үлгерімі жақсы болса да оқуын жалғастыра алмаған екен.
-Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұндай жауапкершілікті Алатау ауылындағы өсіп-өнген Ақылбековтер әулетіне келін болып түскенде сезіндім. Ол кезде мен небәрі 18 жаста едім. Ата-енем дүйім-жұртқа сыйлы, адамгершілік қасиеттері жоғары әрі бақуатты жандар екен. Атамыз сол уақыттары жауапты қызметті атқарған. Сұрапыл соғыс басталып, атамыз майданға аттанған екен. Ал, енем қара шаңырақта жолдасының ошағын өшірмей, жалғыз ұлымен қалыпты. Содан енеміз атадан қалған жалғызым деп үнемі ұлының ұрпағы көп болсын деп аналық жүрекпен тілеуін тілеп отыратын.
Біз Ақылбек атамыздың інісі Балқыбек атадан тараған ұл-қыздарымен етене араласып, үлкен әулеттің бүтіндігін сақтап қалдық. Олар үйімізге жақын жерде тұрды. “Абысын тату болса, ас көп”, демекші, абысындардың татулығы бүкіл ауылға үлгі еді. Талай бірге думанды, қызықты күндерді өткізіп, ағайын арасындағы татулықты берік сақтап келеміз. Әлі күнге дейін екі әулеттің ұрпағы ауызбіршілікті биік ұстап, тату-тәтті өмір сүруде.
Құдай қосқан қосағым Пәшірәлі “Октябрь” әскери кеңшарында есепші болып жұмыс істеді. Жолдасымның өмірден қайтқанына да 30 жылдан асыпты. Ал, мен совхозда әртүрлі жұмыстарды атқарып, елмен бірге еңбекке араластым. Совхозда егістік алқабында картоп суғаруға шығып, талай күндеріміз еңбекпен өтіп, ер азаматтармен бірге иық тіресе жүріп жұмысты абыроймен атқарған едік. Үйдегі балаларға енеміз қарап, оларды ұлттық тәрбиемен сусындатты. Отбасындағы күйбең тірлікпен қоса, отағасымен бірге совхоздың жұмысында жүріп, 30 жыл еңбек өтіліммен зейнетке шықтым. Қазіргі таңда бейнетімнің зейнетін көріп, бақытты өмір кешіп келеміз, – дейді Күлхатша апа.
“Балаң жақсы болса, екі көздің шырағы” демекші, Күлхатша әжейдің ұл-қыздары бүгінде бір-бір мамандық иесі атанып, ұрпағы жалғасып, өсіп-өнуде. Тұңғыш қызы Гүлсім өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы ана болса, ұлы Еркінбек Талдықорған қаласында мектепте жұмыс істейді. Ал, Оралбек Тараз қаласында “Ісмер” үй құрылыс компаниясында қызметте болса, Мамырбай Алматы қаласында түрік компаниясында еңбек етеді. “Жазымыштан озымыш жоқ” демекші, Алланың қалауымен ұлы Манап 25 жасында жол апатынан қайтыс болған екен.
Сонымен қатар, аяулы ананың ұлы Мырзабек аға “Тараз-Су” мекемесінде жұмыс істесе, кенжесі Ғани Алатау орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қызы Раушан Айша бибі ауылында тұрады, ол бала тәрбиесімен айналысады.
Адам ұрпағымен мың жасайды емес пе?! Әжей де ұрпағының өсіп-өнгенін көріп, ортасында аман-сау жүргеніне шүкіршілік етеді. Қарт ана бүгінде сегіз перзентінен 31 немере, 59 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Әулетіне 11 немере келін түсіріп, 10 немере қыз ұзатып, 17 келіннің ортасында отырған ардақты ана. Қара шаңырақта Күлхатша апамен бірге ұлы Ғани мен келіні Әлия тұрады. Апаның ұлы мен келінін аудан жұртшылығы өнерлі отбасы ретінде жақсы таниды. Өнерімен талай жанды тамсандырып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген олар ұл-қыздарын да өнерге баулып жүрген жайы бар.
-Алла шүкір, мен бай да бақытты анамын. Шүкір, әулетіме келін болып түскен жандар судай сіңіп, тастай батып, өз шаңырақтарының бақ-берекесін кіргізіп отыр. Ұзатылған қыздарым да барған жерінде бақытты, сыйлы. Ұл-қыздарым өз жолдарын таңдап, адал азамат болып, атымызға жаман сөз келтірмеді. Ағайын-туыспен, құда-құдағимен де туыстық арақатынасымыз жақсы. Көпшілік қариясы бар үйде дұрыс тәлім-тәрбие беріліп, ұлттық құндылықтар сақталады деп жақсы ойларын жеткізіп жатады. Осындай әулеттің үлкені болып, ұрпағыма бағыт-бағдар беріп, олардың жақсылықтарын көріп, немере, шөберенің қолынан май жалағаныма шүкіршілік етемін, – дейді кейуана.
84-ші көктемін қарсы алған Күлхатша апа ұрпағына Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлымен “Сарыағаш” шипажайында кездесіп, тілдескен сәтін мақтанышпен айтып отырады екен. Батырмен кездесу сәті түсіп, онымен естелікке суретке түсу бұйырғанын тағдырдың сыйы деп біледі. Бұл өзінше естен кетпес бір оқиға екен. Сонымен қатар, шындықтың шыңырауы Шерхан Мұртаза Алатау ауылына туысына қонаққа келген кезде онымен кездесіп, тұрғындардың өтініш жеткізіпті. Шераға да жерлестерінің тілегін жерге тастамай, сол мезетте орындалуына күш салған екен.
Әңгіме барысында қара шаңырақтың түтінін түзу шығуына себепші болып отырған Күлхатша апаның келіні Әлия жеңгені де сөзге тартып, аналарының берген тәлім-тәрбиесі туралы сұраған едік. “Анамыз көпшіл, ауылға сыйлы жан. Ауылдағы келіндер сәлемін жасап, үнемі ізеттілігін көрсетіп отырады. Апамыз бірінші кезекте тазалыққа, адалдыққа ерекше мән береді. Адал азамат болыңдар, адалынан ас ішіп, ешкімнің ала жібін аттамаңдар деп ақыл-кеңесін айтып отырады. Бала тәрбиесіне қатал болғанымен, өнегелі, өсиетті сөздері ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие береді. Біздің тілеуімізді тілеп, ұрпағына ақ батасын беріп отырады” дейді.
Сөз соңында бір әулеттің аяулы анасы барша аналарды, қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ақ батасын берді. Күлхатша апа “Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мына аты жаман індеттен барша халқым аман болсын. Көктемнің шуақты мерекесі әр шаңыраққа мол нәсібімен, жақсылығымен, қуанышымен келсін. Әр ана баласының қызығын көріп, ана, әйел бақытын сезінуіне тілектеспін! Ұрпағымыз саналы, салиқалы болып, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін еңбек етуіне тілектеспін!” деп ақ батасын берді.
Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”