Basty bet
ДЕНСАУЛЫҚ КҮЗЕТІНДЕ
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші, адам өмірінің ұзақтығына, денсаулығының жақсаруына медицина қызметкерлері өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүргені белгілі. Жалпы денсаулық сақтау саласы жолында еңбегі ұшан-теңіз абзал жандардың жағдайы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларынан тыс қалған емес.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда: «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім беру, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» деп халықтың тұрмысы мен табысын арттыруда медицина қызметкерлерінің рөлін атап көрсетті.
Бүгінгі күні аудандағы денсаулық сақтау мекемелері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мәселен, Қарасаз ауылдық округіндегі Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысын атап өтуге болады. 25 келушіге арналған жаңа ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілген. Мекемеде екі жалпы тәжірибелі дәрігер, 16 орта буынды маман еңбек етуде. Амбулаторияға «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясында жолдамамен Дастан Нарбаев пен Рухани Абралиева келіп, қазіргі таңда осында халықтың денсаулығын түзеу үшін жұмыс істеп отырған жайы бар.
Ауылдық амбулаторияның құрамына Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай, Көктас ауылдары, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Қосмұрат елді мекендері енеді. Аталған аймақтың тұрғындары осында келіп, ем қабылдайды. Жалпы тіркелгендер саны 3269 адамды құрап отыр. Емдеу мекемесінде қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына толық жағдай жасалған, бөлмелер компьютерлермен, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген, зертхана, жаңа заманауи ЭКГ аппараты, төрт емделушіге арналған күндізгі стационар, жедел жәрдем көлігі, су және жаңартылған жылыту жүйесі жұмыс істейді.
-«Тәні саудың – жаны сау» деген. Біз бірінші кезекте ауыл тұрғындарының денсаулығына аса мән береміз. Ең басты мақсатымыз – келушілерге дер кезінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, олардың денсаулығының жақсаруына өз септігімізді тигізу. Біз үнемі емделушілермен тығыз жұмыс жасаймыз. Сырқатына қарай ем-домын жасап, оларды сауығып кеткенше қадағалап отырамыз. Әр көшеге бекітілген медбикелері бар. Медбикелер де кезекшілікке тұрып, түнгі шақыртуларға барады. Ауыл тұрғындарына жедел жәрдемді үйге шақырту қызметінің орталықтандырылғаны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «DamuMed» жүйесіне де тұрғындарды толық тіркеп, онымен жұмыс жасауды да үйретіп жатырмыз. Қазіргі таңда аталған жүйеге тұрғындар түгел тіркеліп, бағдарламамен тиімді жұмыс жасаудамыз, – дейді ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Дастан Нарбаев.
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»