Basty bet

“Билік пен БАҚ бірлесіп жұмыс істесе, халықтың көптеген мәселелерін шеше алады”

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, оның ішінде жергілікті мерзімді басылымдар мен телеарналардың журналистерімен және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерімен кездесті.
Аймақ басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
– Біздің ортақ міндетіміз – бірлесіп «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру. Бұл істе өз халқының үні болуы тиіс бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктелген. Жамбыл облысында қазіргі уақытта 84 БАҚ бар.
Журналистер әрдайым оқиғалардың басы-қасында жүріп, туындаған мәселелерді билікке жеткізіп, олардың жедел және сапалы шешілуіне ықпал ете алады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі журналистермен бірқатар өзекті мәселелерді, «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» өңірлік жобаларының жүзеге асу барысын талқылады.
Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға тоқталған Бердібек Сапарбаев жағдайдың жақсарып келе жатқанын да атап өтті.
– Карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар халықпен мүмкіндігінше жиі кездесулер өткізуі тиіс. Жақында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің қызметіне қатысты Жарлыққа қол қойды. Қазіргі таңда 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы аудан және ауылдық округ әкімдері халық алдында есеп беруде. Мен өзім кейбір кездесулерге қатыстым. Сондай-ақ, журналистерді есеп беру науқанына белсенді қатысуға және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер туралы жазуға шақырамын, – деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев қарапайым еңбек адамдарын өзгелерге үлгі ретінде ұсынып, БАҚ беттерінде олар туралы жиі жариялау керектігін атап өтті.
– Өңірімізде күнделікті қарапайым ғана тірлік кешіп жүріп-ақ, айналасына өз көмегін тигізіп, туған елді мекенін көркейтуге үлес қосып жүрген жандар аз емес. Мысалы, асырап алған балаларын өз балаларымен бірдей тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар, қандай да бір қиындықтарға қарамастан өз кәсібін ашып, тәжірибесін өзгелермен бөлісіп жүрген ерекше қажеттілікті қажет ететін адамдар да бар. Осындай жігерлі жандар туралы айту керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі жас ұрпақ тәрбиесіне барынша көңіл бөлу керектігін жеткізді.
– Журналистер ауылдарды жиі аралап, елді мекендерде болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар болуы керек, – деді Б. Сапарбаев.
Кездесу барысында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС медиахолдингінің бас директоры Нұрбек Бекенов пен «Jambyl» облыстық телеарнасының директоры Мейіржан Жиенәлінің есептері тыңдалды.
Осы жылдың ақпан айынан бастап медиахолдинг қызметкерлерінің жалақысы 15-30% – ға өскен. Сондай-ақ материалдық-техникалық база жаңартылған. Еліміздегі ең байырғы басылымдарының бірі болып табылатын облыстық «Aq jol» газетіне биыл 100 жыл толады. Мерейтойға орай бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған.
– «Aq jol» газеті 100 жылдан астам уақыт бойы өңіріміздің шежіресін жазып келеді. Елімізде мұндай бай тарихымен мақтана алатын газеттер көп емес. Іс-шараны өткізу кезінде журналистика ардагерлерінің пікірін ескеру қажет. Сондай – ақ, өзге өңірлерден, елдерден келген әріптестермен байланыс орнатудың маңызы зор, – деп атап өтті облыс әкімі.
Мейіржан Жиенәлі өткен жылдан бері облыстық телеарнада өзекті тақырыптарға арналған жаңа қызықты хабарлар ашылғанын тілге тиек етті.
Баяндамашылар түйткілді мәселелерді де атап өтті.
Аймақ басшысы облыстық газеттер, «Jambyl info» порталы және «Jambyl» телеарнасы өңірде болып жатқан оқиғаларды жедел әрі нақтылы түрде жариялап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Басқосу барысында «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, «Знамя труда» газетінің бас редакторы Татьяна Борисенко, облыстық радионың бас редакторы Бақытжан Советұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Хамит Есаман да өз ойларын ортаға салды.
– Тарихымыз бен мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда, ел тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының үлесі зор. Сіздер көтерген барлық ұсыныстар ескерілетін болады. Билік пен БАҚ бірлесіп әрекет етсе, халықтың көптеген мәселелерін шеше алады,-деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Жиын соңында аймақ басшысы қызметкерлердің жалақысын көтеру, электронды жазылым бойынша жұмыс жүргізу, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close