Qoǵam
«Бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін көтеруіміз керек»
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың жүргізуімен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысына комиссия мүшелерімен бірге күн тәртібіне байланысты шақырылған мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының 2021 жылы және 2022 жылдың есептік мерзімде атқарған жұмысы туралы. Аталған мәселе бойынша ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция капитаны Самат Дүйсебеков баяндама жасады.
Баяндамашы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы түнгі сағат 23:00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз үй-жайдан тыс жерде жүргені үшін 213 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК-нің 442- бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілген. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде осы жағдайды қайталаған бес жасөспірімнің заңды өкілдеріне аталған Кодекстің 442-бабы 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.
Екі кәмелетке толмаған жасөспірім Тараз қаласындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» орналастырылған.
Бір ата-ана Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ата-аналық құқығынан айырылған.
Бес ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау бағытында хаттама толтырылып, соттың шешімімен 7 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Екі дүкеннің сатушысына ҚР заңнамасының темекі өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін хаттама толтырылып, соттың шешімімен 20 АЕК айыппұл салынған.
Ал, жеті дүкеннің иесіне ҚР заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, соттың шешімімен 40 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Самат Дүйсебеков бұдан соң 2022 жылдың үш айында атқарған жұмыстарға тоқталды.
-2022 жылдың 3 айында жасөспірімдер арасында 3 қылмыс орын алды. Яғни, 2021 жылы орын алған 2 қылмыс биылғы жылға ауысып, оларды саралау барысында тағы бір қылмыс анықталып отыр.
Түнгі рейд жұмыстары барысында түнгі 23:00-ден кейін үй-жайдан тыс жерде жүрген 86 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне ескерту жасалды. Екі жасөспірім екінші рет қайталағаны үшін, олардың заңды өкілдеріне 7 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Ойын-сауық мекеме иелеріне түнгі 22:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемеде болуына жол бергені үшін екі әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Жасы 18-ге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі бойынша 1 жасөспірім анықталып, оның заңды өкіліне 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бір дүкеннің иесіне жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізгені үшін соттың шешімімен 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Ағымдағы жылдың үш айында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың екі дерегі орын алды,- деді Самат Дүйсебеков.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Базарбеков те баяндама жасады.
Ол №29 орта мектебі мен №1 мектеп-гимназия бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
-№1 мектеп-гимназияда 1475 оқушы оқыса, №29 орта мектебінде 562 оқушы оқиды.
2021 жылы қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында жалпы 153 әкімшілік хаттама толтырылды.
Түнгі рейд жұмыстары жүргізіліп, 43 жасөспірім анықталған. Бір жасөспірім бір жыл ішінде қайта анықталып, заңды өкіліне 7 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Өткен оқу жылында бір отбасы жайсыз отбасы екендігі анықталып, жайсыз отбасы санатымен есепке алынды.
Төрт дүкеннің иесіне жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізгені үшін соттың шешімімен 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар №1 мектеп-гимназияның алдында Жамбыл көшесінің бойында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында 26 авто көлік жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 601 бабы 1 бөлігімен хаттама толтырылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды,- деді Нұрлан Өміртайұлы.
Комиссия төрағасы Анар Ахметова ювеналды топ инспекторы мен мектеп басшысына есепке алынған жайсыз отбасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
-Сонымен бірге ювеналды топ мүшелері, әріптестер статистикаға жұмыс істемей, яғни проблеманы жасырмай, ашық айтып, оның оң шешілуіне атсалысыңыздар.
Комиссияның келесі отырысында аудан бойынша есепте тұрған балалардың ата-анасын шақырып, бұл мәселені қарайтын боламыз. Мақсат – бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін көтеру,- деді Анар Садыққызы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу туралы Жамбыл облысы әкімдігінің Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков баяндама жасады.
Н.Тыныбеков 2021-2022 оқу жылында педагог-психологтардың тарапынан кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылық пен аутодестркутивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатындағы және тағы да басқа мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Комиссия төрайымы Анар Ахметова білім бөлімінің басшысына профилактикалық жұмыстарды ширатуды, жүйелі түрде жүргізуді қалыптастыруды тапсырды.
-Бір мектептің балалары бір үйдің баласындай. Ұстаздар қауымы жиірек балалармен түрлі тәрбиелік мәні бар, тағылымды, бірлікке, ұйымшылдыққа шақыратын шаралар ұйымдастыруы керек. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырайық.
Орын алған қиындықтардан қашпай, оның салдарымен ұжым болып күресуіміз қажет.
Қазір интернет арқылы баланы тығырыққа тірейтін түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан ата-ана да, ұстаздар да бала тәрбиесіне өте сергек болайық,- деді А.Ахметова.
Комиссия хатшысы Еркебұлан Қамбарбеков «Аудандағы пластейшн орталықтарының иесінің жауапкершілігін көтеру мәселесі назарға алынса. Себебі, түнгі 22-ден кейін баланың компьютер ойынын ойнауына жол бермей, яғни кәсіпкер де жас ұрпақтың ертеңіне жанашырлықпен қараса.
Екіншіден, ауданда өгей әкемен тұратын балалар анықталып, олармен жұмыс күшейтілсе» деген ұсынысын жеткізді.
Анар Садыққызы бұл орынды ұсынысты назарға алып, өгей әкемен тұратын балаларды анықтау бойынша жауапты мамандарға жұмыс істеуге нақты уақыт берді.
Комиссия отырысы барысында Анар Ахметова ауданда жасөспірімдер арасында орын алған қоғамды толғандырар жағдайларға байланысты аталған комиссияның ұйымдастыруымен, яғни «Қайтсек балаларды қауіпті дүниелерден қорғай аламыз?» деген сұрақтың аясында қоғам болып ойласу мақсатында аудан имамы, ардагерлер, билер кеңесі, құқық қорғау органдарының қатысуымен өткізілетін ата-аналар жиналысының кестесін бекітті.
P.S Жалпы, жас ұрпақ тәрбиесі – өте күрделі әрі нәзік мәселе. Сондықтан комиссия отырысы барысында оқылған баяндамадағы әрбір цифрдың, әрбір мәселенің артында баланың тағдыры, елдің келешегі тұр. Баланың білімді, тәрбиелі болып, дұрыс бағытпен өмір сүруіне үлкендер жауапты.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда, алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік сынды жүрек сыздатар келеңсіз жағдайлар орын алып отыр.
Жасөспірімдер өзінің түнде көшеде жүруін, біреудің ала жібін аттауын жеңіл түсінуі мүмкін. Бірақ олай емес, бүгінгі болмашы деген жағдай ертең өзінің бүкіл арман-мұратына кедергі болуы мүмкін.
Бала – біздің болашағымыз, байлығымыз, бақытымыз. Бірақ біз әлі немқұрайдылықтың шырмауынан шыға алмай жүрміз. Әлі кінәні біреуге артып жүрміз.
Биыл Балалар жылы. Балалар жылында ювеналды полиция инспекторлары инспектор ретінде ғана емес, әке ретінде бала тәрбиесіне қатысты тағылымды дүниелерді қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жақында ғана №1 мектеп-гимназия ұжымы аудандық «Достық» мәдениет үйінде ата-ана үшін де, бала үшін де, ұстаздар үшін де мағыналы, берері мол іс-шара ұйымдастырды. Яғни, жаңаша форматтағы ата-аналар жиналысы деуге де болады. Бізде мектептерде ата-аналар жиналысы бір сарында, яғни жаттанды баяндама оқумен шектеледі. Ескі, халық әбден мезі болған дүниелерден арылуымыз керек. Жаңаша, мағыналы дүниелерді тәжірибеге енгізіп, шағын болса да шынайы жанашырлықпен, үлкен жауапкершілікпен туындаған дүние жасауды қолға алайықшы.
Бала – ата-ананың көзінің нұры, үміті. Болашақ бақытты ұрпақпен нұрлы екенін ұмытпайықшы!