Basty bet

Жуалылықтар жарты жылда қалай жұмыс істеді?

алты айдағы индикаторлық көрсеткіштер алқа мәжілісінде сөз болды

Жуырда аудан әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, бөлім басшылары және мекеме, ұйымдар жетекшілері қатысып отырған алқа мәжілісін аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жүргізіп отырды. Онда төрт мәселе қаралды. Күн тәртібіне қойылған « Ауданның үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған жұмыстары, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы» бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева баяндама жасады.Баяндамашы аймақ еңбеккерлерінің жарты жылда атқарған шараларының нәтижесінде ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысын баяндады.

-Ауданымыздың жалпы өңірлік өнімінің көлемі есепті мерзімге 15717,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,2 пайызға артып отыр. Бұнда өнеркәсіп үлесі 28,5%, ауыл шаруашылығы жалпы шығарылымы 46,9%, құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7%, сауда айналымы 13,9%-ды құрады,- деді Гүлбара Нұрманқызы.- Алты ай ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 7 млрд 378,0 млн теңгені құрады немесе нақты көлем индексі 102,4% жетті.
Үстіміздегі жылдың жарты жылында 4 472,2 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірген аудан тұрғындары облыс бойынша ауданды екінші орынға шығарды. Есептік мерзім ішінде 1 411,7 млн теңгенің бөлшек саудасы жасалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 4,9% артқан.
Сондай-ақ, баяндамашы аудан кәсіпкерлерінің аудан тұрғындарына көрсетіп отырған қызметтері мен жетістіктеріне, шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру, осы бағытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысы жайлы тілге тиек етті.
-Аудан құрылыс саласы бойынша облыста бірінші орында. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1 677,4 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 220,4% орындалды. Биылғы жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 28,0% орындалуда. Жеке тұрғын үй салу бойынша ауданның көрсеткіші 113,2% құрап отыр.
Ары қарай Гүлбара Нұрманқызы баяндамасында барлық сала бойынша толық мағлұматтар берді.
Баяндамашыдан кейін аудан әкімінің орынбасарлары Әбдікерім Уркумбаев, Асхат Жабағы және Ербол Жаңабаев әрқайсысы жетекшілік етіп отырған салалары бойынша алты айда атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Олар әрбір индикаторлық көрсеткіштерге тоқтала отырып, ауыл әкімдері мен олардың аппараттарының жұмысына баға беріп өтті. Жұмыс барысында жіберілген кемшіліктер де аталды. Ол жайылым мәселесі, «қарапайым заттар экономикасы» бойынша зерделеу жұмыстары, ағын су мен ауыз су, жолаушыларды тасымалдау және кұрылыс, аудан мен ауылішілік жолдар мәселелері. Сондай-ақ, мектептердегі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары, балабақшалардың балалармен қамтылуы және олардың тамақтануы мәселелері де талқыланды.
Алқа отырысы барысында түскен сұрақ-сауалдарға аудан әкімі Нарбай Ергебеков жауап беріп, мәжілісті қорытындылады.
Көтерілген мәселелер алқа мәжілісінің хаттамасына еніп, арнайы бақылауға алынды.
Алқа мәжілісінде басқа да мәселелер қаралды.

Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close