Basty bet

КӨП ТІЛ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

«Тілсіз халық – балық» деген екен қасиетті Жуалының төл перзенті, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсек те, адамзаттың басты қатынас құралы саналатын тілдің маңызға ие екені белгілі. Көп тілді еркін меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Тарихтан белгілі болғандай, ғұламалардың өзі осынау қағиданы өз заманының өзінде қолға алып, келер ұрпаққа ой тастаған. Мәселен, ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 70-ке жуық тілді еркін меңгергенін тарихтан білеміз. Өйткені, ғылым мен білімнің дамуы да тілді үйренумен тікелей байланысты.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!». Бұл ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзі. Көп тілді үйрену үшін ең алдымен өз халқыңның ана тіліне деген үлкен құрметтің қалыптасуы маңызды. Өз тіліңді сыйламау, түп-тамырыңды білмей, басқа тілді меңгерем деу – бекершілік. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін баса айтқан болатын. Осы орайда тұрғындарға қазақ тілін меңгерту мақсатында түрлі жобалар мен бастамалардың қолға алынып жатқаны белгілі.
Қазіргі таңда «Үштұғырлы тіл» деген ұғым пайда болды. Бұл әлбетте, заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Осы тұрғыда заманауи технологияның тілін меңгеру үшін, әлем елдерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату үшін де көп тіл білудің маңызы зор. Техника мен технологияның көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамыған заманында тілді меңгеруге деген қажеттілік артпаса кеміген емес. Бұл да қоғам дамуын алға бастыратын зор мүмкіндік.
Одан соң елімізде бірнеше тілді меңгерем деген адамға да мүмкіндік жоқ емес. Тілді білу – білім көкжиегін кеңейту үшін меңгеру қазіргі заманның талабына айналды. «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады»,- деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында атап көрсеткені мәлім.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл». Халық даналығы осылай дейді. Биылғы жылдан бастап еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету қолға алынып отыр. Еліміздегі маңызды бағыттардың бірі – заман талабына сай бәсекеге қабілетті, бірнеше тіл білетін білікті мамандар даярлау. Сондай-ақ француз, қытай, жапон тілдерін үйренуге деген сұраныстың артып отырғанын тіл үйрету курстарының оқытушылары да айтып отыр.
Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Алаштың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауға тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай» деп туған тіл жайында терең толғаған екен.
Ендеше, заман мен әлемдік өркениет көшінен қалып қоймау үшін дәл қазіргі қоғамда көп тіл білудің маңызы өте зор.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесі меңгерушісінің
міндетін атқарушы

Таңдаулы материалдар

Close